Туындылар ✍️
Туындылар ✍️
25.05.2021
171
ЖОЛДА ЖҮРУ ЕРЕЖЕСІН ДЕ БІЛУ КЕРЕК - Жақсы мінез сабақтары
- Құрметті достым, сен жол жүру ережелерін білесің бе? Білмесең, осы сабақ соған арналады.
Сонымен...
Тәртіпті жаяу жүргінші.
- Көшеден арғы бетке өту үшін, қалада жер астындағы өткелмен жүру керек, не болмаса жаяу жүргіншіге арнайы жабдықталған жермен өту қажет. Егер ондай мүмкіндік болмаса, ауылдық жерлерде көшеден өткенде бірінші сол жаққа қарап ал, көлік көрінбесе көшенің ортасына дейін бар да, оң жағыңа қарап ал. Көлік жоқ болғанына көзің жетсе ғана жүр.
- Көшеден өтер алдында бағдаршамға қарау керек. Сары не болмаса қызыл жанып тұрған кезде өтуге болмайды. Жасыл жанған кезде бірінші сол жаққа қарап, келе жатқан көлік болмаса жүру керек, көшенің ортасына барып оң жаққа қарау қажет, ол жақта да көлік жоқ болса ары қарай тез жүру керек. Барлық жағдайда абайлаған жөн, өйткені асыққандар не болмаса, жедел жәрдем, немесе өрт сөндіргіш көліктер бағдаршамға қарамай жүреді. Жаяу жүргіншіге арналған бағдаршамда “қызыл адам”–тоқта деген белгі, “жасыл адам” – жүр деген белгі. Оны өзің білсең, кішкентайларға үйрет.
- Егер жолда арнайы өту белгісі болмаса, сен көшеден мынадай жағдайда өте аласың.
- Егер жолдың екі жағы да жақсы көрініп тұрса;
- Егер жүргінші мен келе жатқан машинаның арасы үш бағаналық аралықтай болса (машина бұл аралықты жүргенше сен көшені өтіп үлгересің).
- Тоқтап тұрған трамвайдың алдынан өту керек. Егер артынан өтсе, қарсы келе жатқан трамвайға, не болмаса басқа көлікке соғылу қаупі бар. Автобус пен троллейбустың артынан жүру керек. Егер алдынан өтсе, олардың соңынан келе жатқан көліктер көрінбейді.
- Көшеде, не болмаса тротуарда ойын ойнауға болмайды. Көшеде ешқашан футбол, волейбол, бадминтон, теннис, ролик, ойнауға болмайды. Ойынды парктерде, бульварларда, үй алаңдарында ойнау керек.
- Ауыл, қаладан тыс жерде көшенің шетімен көліктерге қарама қарсы жүру керек. Көшеге шығып жүруге болмайды, әсіресе қаланың сыртындағы жолда абайлау керек, өйткені мұнда көліктер өте тез жылдамдықпен жүреді.
- Темір жолдан өтер кезде аса абайлаған жөн. Поезд алыстан байқалғанмен ол өте тез жүреді. Машинист үлкен эшолонды тез арада тоқтата алмайды.
- Қыс жақындады, қараңғы ерте түседі. Сенің киіміңде, не болмаса рюкзагыңда жарық қайтаратын белгі жоқ болса, әке-шешеңе айтып, белгіні тағып қою керек. Сонда ғана қараңғы түнде жарық қайтаратын белгі жүрген көліктерге көрініп тұрады.
- Далада жүргенде құлаққа музыка тыңдап жүретін құралды тақпау керек. Музыка жақын келіп қалған көліктің де, тіпті пойыздың да даусын есіттірмейді. Содан көп зардап шекендер бар.
Тамшы сөздер:
- Сақтанған адам аман болады.
- Жүгіре бергеннің бәрі жүйрік емес. Көшеден жүгіріп өткендерге ешкім жүлде берген емес.
- Асықпаған адам қоянға жетпесе де, аман қалады.
- Жол ережесін сақтағаннан кем болмайсың, керісінше сау, аман боласың.
- Көшенің ережесін заң деп қабылда. Заңға бағынған адам тыныштықта өмір сүреді.