Туындылар ✍️
Туындылар ✍️
25.05.2021
255
Жақсы мінез сабақтары - ӨЗІҢЕ СЫРТ КӨЗБЕН ҚАРАЙ БІЛ
– Досым, сәлем! Бабаларымыз ежелде айтқан екен: «Жақсыдан – үйрен, жаманнан – жирен» деп. Мен саған бүгінгі сабақта сол жаманнан жирену туралы айтпақпын, қалай қарайсың?
Адамдар қалай жағымсыз болады?
Өзіңе сырт көзбен қарашы. Қандай әсер қалдырасың? Адамдарды ренжітетін, немесе жирендіретін қандай да бір жағымсыз қылықтарың жоқ па?
- Тырнағыңды тістеп, мұрныңды жұрттың көзінше саусағыңмен шұқымайсың ба, немесе тартпайсың ба?
- Дабырлап, өте қатты сөйлемейсің бе?
- Жүргенде қолыңды қатты сілтеп жүріп, айналадағыларға қолың тиіп кетпей ме?
- Ентелеп жүріп, біреулерді қағып-соғып кетпейсің бе?
- Жай сүйретіліп жүріп, біреулерге кедергі келтірмейсің бе?
- Орындықта отырғанда тербелесің бе?
- Тырнағыңды тіс тазалағыш ретінде қолданасың ба?
- Шалбарыңның балағымен аяқ киіміңді тазалайсың ба?
- Есікті қатты жауып шығасың ба?
- Біреулердің сөзін бөле бересің бе?
- Сөз тыңдай алмайсың ба?
- Біреуді біреуге жамандағың келіп тұра ма?
- Басқа балалардың ойыншығына қызығып алғың келе ме?
- Жұрттың көзінше сағыз шайнап, сағызыңды үрлеп тұрмайсың ба?
- Сағызыңды қоқыс жәшігіне тастамай, кез келген жерге жапсырып кетпейсің бе?
Досым, егер осындай істерді істесең, сенде жаман қылықтардың біразының болғаны. Сондықтан, сенің артыңнан «Қандай жағымсыз, қандай сүйкімсіз, тәрбие көрмеген ғой» деген сөзді айтады. Сондықтан достым, осы туралы сен де және басқа достарымыз да ойланғаны дұрыс. Келісесің ғой.
Қамшы сөздер:
- Есті бала – епті бала.
- Тексіздіктің белгісі – адамға тесірейе қарау.
- Ессіз бала есіктен өшін алады.
- Сөзді тыңдай білу – мәдениеттілік.
- Жаман қылықты ешкім көріп тұрған жоқ деп жасама, бәрін көріп тұрушы бар.
- Басыңды көтеріп, еңсеңді тік ұстап жүр.
- Сұраншақтық, тіленшектік деген жаман қасиеттер.
- Жігіт болар бала кішкене кезінен ақылды, сабырлы болады.
- Жақсы қыз ұрысқақ, өкпешіл болмайды, сабырлы, кішіпейіл болады.
- Шыңғырып, айғайлап ойымдағыны болдырамын деме.