Туындылар ✍️
Туындылар ✍️
25.05.2021
199
Жақсы мінез сабақтары - МІНЕЗІ ЖАҚСЫ БАЛА
МІНЕЗІ ЖАҚСЫ БАЛА
- Досым, сәлем. Бұл келіп тұрған мен ғой. Әңгімелесуге қалай қарайсың? Мен саған асығып тұратын болдым, себебі сен менің досымсың ғой...
МІНЕЗ БЕН ЖІГЕРДІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ҮШІН
Ең бастысы әділ әрі шыншыл болу керек. Қандай адамды шыншыл адам дейміз? Өтірік айтпайтын, қорықпайтын адамды біз шыншыл адам дейміз. Шыншыл адам ол әділ және батыл болады. Ол достықты құрметтейді. Ол алыс-жақын туысқандарды, таныстарды және танымайтын адамдарды сыйлайды және жақсы көреді. Кішіпейіл және шыншыл болуға тырысқан адамдарда уақыт өте келе өте мықты рух және жақсы мінез қалыптасады. Мұндай адамды: «ол өзін-өзі тәрбиелей алатын мықты адам» деп айтады.
Кішкентай достым, егер сен қажырлы және жақсы мінезді болғың келсе, менің саған айтар ақылдарым бар:
- Тәртіпті және ұқыпты бол. Уақытыңды қажетсіз ойынмен, бос еркелікпен өткізбе.
- Епті, ширақ және күшті болу үшін таңертең міндетті түрде дене шынықтыру жаттығуларын жаса. Күшті болсаң, өзіңе сенімді боласың әрі басқа достарыңды қорғай аласың.
- Барлық жерде, өзіңе таныс және таныс емес орталарда өзіңді дұрыс ұстай біл, адамдармен сыпайы қарым-қатынас жаса, кішілерге қамқорлық көрсет, үлкен кісілерге көмектес.
- Әрқашан қоғамдық көліктерде үлкендерге, ауырып не болмаса шаршап тұрған адамдарға, кішкентай сәбилері бар адамдарға орын бер. Себебі сен ақылды, тәрбиелі баласың ғой.
- Ешқашан достарыңды және үлкендерді алдама. Қорқақтар және тәрбие көрмегендер ғана өтірік айтады, ондай адамдарға ұқсамайтын бол!
- Егер саған ата-анаң ойыншықтарыңды, кітаптарыңды, төсегіңді жина десе, сен оны сол сәтте орындап таста, кейінге қалдырма. Жалпы ол сенің міндетің болып саналады.
- Үйдегі бауырларыңмен (іні, қарындас, сіңлі, әпкелеріңмен) тату бол. Қызғаншақ болма. Ол – өте жаман қасиет. Сен кішкентай кезден ойыншыққа, киімге, т.б. таласып өссең, үлкен болғанда үлкен нәрселерге таласатын боласың. Оның арты жақсылыққа апармайды. Ақылды болу үшін кішкентай кезден тілалғыш, мейірімді, қамқор болуды естен шығарма.
- Жігер дегенді қалай түсінесің? «Жігерлі бол» деген тілек бар. Ол қайратты, күшті, талапты бол деген. Бастаған ісіңді соңына жеткізсең – сен жігерлі боласың. Немесе сабағыңды жақсы оқып, онымен қоса спортпен шұғылдансаң, үйде ата-анаңа қолғабыс жасасаң сен талапты да талантты бала боласың.
Тамшы сөздер:
- Мінез – құрастыратын ойыншық сияқты. Оны жақсы құрастыру өз қолыңда.
- Сабырлы бала – сүйкімді бала.
- Мақтаншақ адам – күлкілі.
- Жылауық бала - әлсіз бала.
- Шыдамдылық ерлікке жеткізеді.