25.05.2021
  285


Автор: Гүлтас Құрманбай

Жақсы мінез сабақтары - ДОСЫҢДЫ СЫЙЛАЙ БІЛ

 ДОСЫҢДЫ СЫЙЛАЙ БІЛ


 – Сәлеметсің бе, менің кішкентай досым! Жақсы мінез сабақтарын бастайық. Дайынсың ба? Сабақтың тақырыбы саған таныс қой. Дос деген сөзді естігенде ойыңа алатын, көзіңе елестейтін достарың бар. Ол – өте жақсы.


Иә, достым, қал-жағдайың қалай? Мен өзімді сенің рухани ақылшы досыңмын деп санаймын. Халықта мынадай сөз бар: «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген. Оның мәні – қандай істі де ақылдасып отырып жасау керек дегенді білдіреді. Досым, сенің менен де жақын бірге ойнайтын, сабаққа бірге баратын достарың бар. Сол достарыңмен де жақсы, жылы қарым-қатынаста болу керек. Ендеше оның да ережесі бар екен.


 


Достық ережесі



  • Досыңа әрдайым көмектес. Егер қолыңнан бір нәрсе істей алсаң, оны досыңа да үйрет, егер досың қауіп қатерге тап болса, қолыңнан келген көмегіңді аяма. Міне, нағыз дос деген сондай болады.

  • Егер сенің қызықты ойыншықтарың болса, достарыңмен бөлісіп, бірге


 


ойна. Достарыңмен бірлесе жұмыс істегенде, ойнағанда ең жақсыларын өзіңе алуға тырыспа. Ол жақсы қасиет емес.



  • Егер досың жаман іске бет бұрса, тоқтат, оның дұрыс іс еместігін көзіне айт. Ренжісе де, сен айтуға тиістісің. Тіпті қиын болып жатса, досыңның ата-анасына айт. Ол сатқындық емес, досыңа көмек.

  • Ойнағанда, не болмаса бірлесе жұмыс істегенде достарыңмен ашық- жарқын бол. Ұсақ-түйекке ренжімей ойна, жеңіске жетсең, кеудеңді көтеріп мақтанып кетпе, досыңның жеңісіне қуана біл. Егер достарыңды ренжітіп алсаң, не болмаса айыпты болсаң, айыбыңды мойныңа алып, кешірім сұрап түзеуге тырыс.

  • Достарыңның ескертулерін, ақылдарын, көмектерін дұрыс қабылда. Досыңның орнына өзіңді қойып көр. Досыңды жақсы көрсең, сен де солай жасайсың ғой.


*Досым, сен досыңның жіберген қателігі болса, қызғаншақтық мінезі болса, кешіре біл. Екеуің кейін жақсы ойнап отырғанда: «осыдан кейін біз бір- бірімізден еш нәрсені қызғанбайық» деп, келісіп алыңдар.


Досты сақтауға арналған кеңестер:



  • Жақсы мінез танытсаң, адал, кішіпейіл болсаң, достарың көп болады. Сен достарыңды ешқашан өкпелетпе. Достарыңа жағымсыз сөздер айтпа. Достарыңа басқа жанама ат берме.

  • Барлық достармен бірдей амандасуды ұмытпа, тіпті өзіңнен кішкентайлармен де амандас. Кішкентай балалармен де, үлкендермен де дос болу керек және ұлдармен де қыздармен де дос бол. Сен «қызсың» немесе керісінше «сен ұлсың» деп бөлме. Сендердің ұрандарың: «Біргеміз біз бәріміз, кемсітпейміз оны біз» деген сөз болсын.

  • Өзіңе жақсы орынды қалап, онда тұрған баланы ығыстыруға, итеруге болмайды.

  • Егер досың сені өкпелетіп қойса, сен өш алуға тырыспа, керісінше өкпеңді тез ұмытуға тырыс, кешірімді бол, ашуланба.


 



  • Егер сен досыңның кітабын немесе ойыншығын алсаң, бүлдіріп алмай тұрғанда, қайтарып бер. Егер бүлдіріп, сындырып, не жоғалтып алсаң досыңнан кешіріп сұрап, дәл сондай, не досың қалаған затты алып бер. Тамшы сөздер:



  • Мінсіз дос іздесең – доссыз қаласың.

  • Кешіре білген адамның жауы аз болады.

  • Баласы тәртіпті болса, анасы қартаймайды.

  • Төрге досыңды отырғыз.

  • Қызғаншақ адам жалғыз қалады.

  • Шындық бар жерде – ұят бар.

  • Арлы бала ата-анасына алғыс әкеледі.

  • Ақымақ бала ата-анасына уайым әкеледі.





Пікір жазу