25.05.2021
  164


Автор: Қадыр Мырза Әли

Гейне және оның төрт иті

Айқастар мен айтыстарда батса керек тіс қатты,
Заманында Гейнеңіздің өзі төрт ит ұстапты.
Ашулы ақын
Жыр майданда талай көрген шатақты
Төрт итін де төрт қасының есімімен атапты.
Сол төрт итті,
Мезгіл-мезгіл сүйек тастап отырып,
Қорлап-қорлап алады екен,
Ыза-кегін өлтіріп.
Мен, әрине, Гейне емеспін өлген жанын өрт құшып,
Дегенменен жасырмаймын,
Менде де бар төрт күшік.
Бірақ қас жоқ,
Төрт досым бар,
Яки төрт уайым бар.
Төрт күшікке сол төрт достың атын қоймақ ойым бар.
Қазір мені Гейнеге, рас, ешбір сыншы теңемес.
Менің итім Гейне итінен бірақ бір де кем емес.
Білгің келсе, Ұлы ақыннан менің ойым басқаша:
Мен оларға ауыр-ауыр сөз айтпаймын ешқашан.
Ұстазымнан бөлегірек.
Бөлек менің мақсатым.
Итті сөгіп,
Менің, сірә, шыға қоймас жақсы атым.
Өйтіп қайтем!
Жүре-жүре
Арасында сөз борап,
Бір-біріне үре-үре
Ит болады өздері-ақ!





Пікір жазу