25.05.2021
  192


Автор: Қадыр Мырза Әли

Дүрегей

Қуанғаннан көкірегі нұр құшып,
Қиял құсы қырандармен бірге ұшып,
Болады деп бөрі басар қасқыр ит,
Балам менің асырады бір күшік.
Ыдыс-аяқ,
Ошақ басын жағалап.
Дәмге жақын балаларды сағалап,
Әлгі күшік бір күндері
Кәдімгі
Дүрегей боп шыға келді сабалақ.
Сәби көңіл шықпағанда құмардан,
Солғандай-ау өспей жатып гүл-арман.
Дүрегей боп бірегей деп жүргені,
Ақырында болды балам жыларман.
Өтер көңіл көп нәрсеге толмастан.
Өмір көрген мұндай іске болмас таң.
Бөрі болып өсу үшін, қарағым,
Бөлтірік боп туу керек о бастан!
Қапаланба, айналайын ұл-кенжем!
Қателік пе?!
Ол да біздер жүрген жер.
Адамдарды тани білу — ұлы өнер,
Иттерді де ажырата білген жөн!





Пікір жазу