25.05.2021
  421


Автор: Гүлтас Құрманбай

Той – өмірдің қуанышты естелігі

Өмірдегі ең үлкен той үйлену тойы. Екеуіңнің отбасын құрғандарыңды көпшілікке жария етіп, ең көп тілек тыңдап, бата алатын той осы той. Қызды ұзату тойының да мән-мағынасы сондай. Қыздың өз еліндегі соңғы тойы. Оны ата-ана қыздарының жолын ашу үшін, елінен, ағайын-туыстарынан бата алу үшін жасайды. Қыздың ұзату тойына көп қонақ шақырмайды. Себебі бұл шағын, уақыты шектеулі той. Мұнда ең бастысы рәсімдерге мән беріледі. Айтылған ақ тілек, баталарды мұқият тыңдау керек. Қазақта «қырықтың бірі – қыдыр» деген түсінік бар. Сол көптің ішінен бір адамдардың сөзі дуалы (қасиетті) болып, періштелер есітіп, аумин дейді. Сол тілектер орындалады. Қызды шығарып саларда сәукеле кигізеді де, қызыл орамалын алып қалады. Сәукелені сақтап қою керек. Оны басқа адамдарға беруге, кигізуге болмайды. Кейін өз қыздарың тұрмысқа шыққанға кигізуге болады. Немесе өз шаңырақтарыңның киелі заты болып, сақталуы қажет.


Ұзатылар кезде жасы үлкен ата-әжелері бата береді. Әжесі немесе анасы қыздың мойнына тұмар тағады (тіл-көзден сақтап жүрсін деген ниетпен). Жолы үлкен, ауылдың дана аналарының бірі арнайы тігілген камзолды кигізеді (ырысым жұғысты болсын, иығы төмен түспесін, елдің алды болсын деген ниетпен), қыз анасы сәукелесін кигізеді (адал жар, мендей ана болсын деген ниетпен). Қарт әже құдағиға перзентін тапсырып: «Құдағи қолыңызға асыл тасы бар құдағи жүзікті тағайын, қызымыз асыл тастай жарқырап жүрсін, қымбатыңыз болсын, бізден кетіп барады, Алла бағын ашсын. Сіздерге жақсы келін болсын, күйеу баламыз екеуі елдің бетке ұстар азаматтары болсын. Ақ батамды періштелер қолдап, Алла берсін. Аумин» дейді. Құдағи алғысын білдіріп, қыздың ел-жұртына рақметін айтып: «балалардың бесік тойында қосарлы құдағи жүзігін сізге сыйлауды Алла нәсіп етсін» дейді. Содан кейін сыңсу әні орындалып, асабаның қоңыр даусымен қыз төселген ақ жолға келіп тұрады. Қыз баланы екі жеңгесі қолтықтап, күйеу жігітке тапсырады, күйеу жігіт екі жеңгесіне тапсырады, ары қарай келіннің   екі абысыны қолтықтап алып кетеді. Күйеу жігіт қолтықтап алып келген екі жеңгеге жоралғы (сыйлық) жасауға тиіс. Ұзатылып бара жатқан қыз бала артына қарауға болмайды.


«Барған жеріңе тастай батып, судай сің» деген мақалдың мәнін түсін. Ол деген барған еліңді жатсынба, тас сияқты бол. Ол сол жерде ғасырдан-ғасыр өткізіп жатқан тас, оны сол елдің әр адамы таниды. Ал судай сіңу деген – барған еліңде көгер, көкте, сол елді көрікті ет дегенді білдіреді.


Бұдан кейінгі тойларыңды екеуің жасайтын боласыңдар. Үйлеріңе қонақ келіп, шілдехана, бесік той, тұсаукесер, сүндет той, т.б. көптеген тойларды өткізесіңдер. Сонда әр тойдың өзінің жазылмаған ережесі болады. Соны орындау керек. Жандарым, қашанда той кезінде де, басқа уақытта да қанағатшыл болыңдар. Тойдың жүгірісі де көп болады. Сондай сәттерде сабырлы болыңдар. Бір-бірлеріңді ренжітіп алып, келген қонақтың көзінше томсырайып отырсаңдар жараспайды, ұят болады. Жалпы ерлі-зайыптылардың арасындағы әңгіме сыртқа шықпағаны жақсы. Ұрсыспайтын отбасы жоқ. Бірақ шекарадан аспаған дұрыс, қазбаламау керек. Сөз қуған адам бәлеге жолығады. Бәленің басы ажырасу болады. Отбасын қандай жағдайда да сақтау керек. Оған әр азаматтың санасы жетіп, өзінің қасиетті шаңырағын шайқалтпай ұстап тырысқаны жөн. Үйлену оңай, үй болу қиын деген бабаларымыз ескерту ретінде көп дүниелерді айтып кеткен.


Қит етсе төркінге қашып, төркінге айтып отыратын қасиет – өте жаман қасиет. Ол ақылдылық емес. Қаншама адамдардың жүрегін ауыртып, ұйқыдан бездіріп, сарсаңға салу қайбір жақсы. Одан да сабыр сақтап, татуласудың жолын ізде. Бұрынғы кездері қыз бала ұзатылып барған соң, кішкентайлы болғанда ғана нағашысына жиенді апарып, қырық серкешін аламыз деп төркіндеп келген. Ол заманда телефон да, ватсап та жоқ. Ал керісінше, үлкендерге деген, келген жеріне, қайын жұртына деген құрмет бар.


Қазір де осы дәстүр жалғасса, дұрыс болар еді. Қыздың анасының ролі күшті. Ол қызына батырып айта алады. Қайын енесі айта алмағанды қыздың анасы айту керек. Кеткен қызды еркелетуге болмайды, ол енді сіздің отбасының адамы емес. Керісінше қылығымен, мінезімен барға жеріне жақса, келінін енесі туған анасындай еркелетеді. Ол жарасымды.


Осымен айта бермей, сөзімді доғарайын. Менің айтқаным заң емес, көргеннен, естігеннен, өмірде түйгеннен айтылған ойлар. Бұл сөздер қазір


 


сендерге ұнамауы да мүмкін, бірақ сендер де ұрпақ өсіріп, біздей болғанда түсінесіңдер. Ал біз ол кезде ... кім біледі???


 


 


Қыз ұзату тойының дастарқанына ат қойдық. Ол ат қыз дәурендегі бойжеткеннің естіген, ата-ана, туыстарының, жеңгелерінің еркелеткен аттары. Тойдың табиғатына сай дастарқанға ат қойып, мәнін түсіндірер болсақ, сол дастарқанда отырған әр адам өз перзенттеріне деген ата-аналық парыздарын ойлайтын болады. Жүректерінде әдемі бір сезім пайда болады. Әдемі той жасауға ниет етеді деп ойладық.


Сонымен, стол аттары мынадай болды:


№ 1–АҚ ҚҰСЫМ (жас жұбайлар дастарқаны);


№ 2 – ЕРКЕМ;


№ 3 – СЫРҒАЛЫМ;


№ 4 – ЕЛІГІМ;


№ 6 – АЯУЛЫМ;


№ 7 – ШАШБАУЛЫМ;


№ 8 – ТҰМАРЫМ;


№ 9 – ШУАҒЫМ;


№ 10 – КӨРКЕМІМ;


№ 11 – ҮКІЛІМ;


№ 12 – ҚАРЛЫҒАШЫМ;


№13 – САНДУҒАШЫМ;


№14 – АЙЫМ;


№15 – КҮНІМ;


№16 – КӨКТЕМІМ;


№17 – САМАЛЫМ.





Пікір жазу