25.05.2021
  505


Автор: Гүлтас Құрманбай

Бағың жансын, ақ көкем!

Қыз бала – шаңырақтың шаттығы, әкесінің еркесі, анасының тірегі, бауырларының қамқоршысы. Қыз бала дүниеге келгенде ата-ана, туыстары ешқашан ренжімеген, керісінше қатты қуанатын болған. Атамыз қазақ қызды қонаққа балаған, әрдайым төрге отырғызып, құрметтеген. Киімнің де, тамақтың да жақсысын қызға берген. Қыз баланың тәрбиесіне аса мән беріледі. «Қыз өссе


– елдің көркі, гүл өссе – жердің көркі» деген сөздің астарында үлкен мән бар. Елдің көркі болатын қызда біріншіден, ақыл-парасат болу керек. Тектілік, бекзаттық, киген киімі, жүрген жүрісі, сөйлеген сөзі, қылығы мен мінезі сай болып, «пәленшенің қызы», «сол елдің қызы» деген мәртебелі атқа ие болған қыз жақсы жар, жақсы ана, жақсы келін бола алады.


Қызым, бұл кішкентай кітапша сенің бойтұмарың болсын деп арнайы жаздым. Өмір дегеннің жолы бар, қалыбы бар. Ал адам деген атқа лайық өмір сүрудің жолын өзің саласың. Адам бақытты да өзі жасайды. Біреудің ісін, жұмысын жасап беруге болар-ау, бірақ өмірін сүріп бере алмайды.


Құлыным, қыз тағдырын Жаратушы Иеміз осылай шешкен. Оған ешкім де қарсы бола алмайды. Ал дана халқымыз: «Жол мұраты – жету, қыз мұраты – кету» деп, тоқетерін айтқан. Қыз дәурен мен келін дәуреннің айырмашылығы өте үлкен. Оны білуге тиіссің. Өз үйіңдегі өмір салтыңды өз үйіңде қалдыр. Келін болғанда саған келіннің жолымен жүруге тура келеді.


Әсіресе жаңа түскен келін бір жылға дейін сынақта болады, үйдегі ата- енеңнен бастап, ол үйдің басқа ағайын-туыстары, жекжат-жұраттары сынап қарайды, тақырыптары да сен туралы болады. Келіннің шайын ішеміз деп сынап келетіндер де табылады. Келген қонақ тамағыңнан да бұрын қабағыңды қабылдайды. Сол себепті адамдарды бөліп-жармай бірдей құрметте. Жылы қабақ таныт. Шаршағаныңды білдірме. Тамақты соншама ықыласпен жасап, риясыз таза жүрекпен ұсын. Ыдыстарың айнадай таза болсын. Әйелдің жақсы, жамандығы ыдыс-аяғы мен шыны аяқ сүртетін орамалдың тазалығынан көрінеді. Ешқашан сынған ыдысқа тамақ құйып берме. Ол адамның көңіліне келеді. Ұйқың келіп бара жатса да, ыдыс-аяқты жумай жатып қалма. Дастарқаныңды жинап, тамақтың бетін ақ орамалмен жауып қой. Жуылмаған ыдыстарға жаман энергетика жабысып қалады. Ол адам денсаулығына да өте зиян болады.


Келін – сол үйдегі барлық жандарға қамқоршы. Ол бірінші өзінен бұрын жолдасын, азаматын ойлауға тиіс. Азаматтың ішетін тамағын, киетін киімін әзірлеу – әйелдің ісі. Тек күйеуің ғана емес, сол үйдегі ата-енеңнің, туыстардың да ішер асын ойлаған артық болмайды. Ер адамның бой тазалығы, киген киімінің тазалығы – әйелдің төлқұжаты. Жаным, байқасаң мұның бәріне уақыт керек. Ал уақытты орынды пайдалану – өнер. Келін – үйдегі таңғы періште. Ол бәрінен ерте оянып, ас әзірлеуге тиіс. Өзі қызметке асығатын болса да, келіндік парызын дұрыс орындау керек.


Жастықтың өз қуаты, күші болады. Адамның жасы ұлғайған сайын қимыл-қозғалысы бәсеңдей береді. Сол себепті де Алланың жоспарлы кезеңімен адамдар өмір сүреді. Баланы адам қартайғанда емес, жас кезінде табады, асырап-жеткізуге күші бар кезде. Ал қайраты кеми бастағанда келін түсіріп, қолын ұзартады, сүрінсе сүйеу болатын, бал тілімен ермек болатын немерелер дүниеге келеді. Осы жолмен, жан балам, бізден бұрынғылар да жүрген, біз де жүрдік, сендер де жүресіңдер. Солай...


Қызым, ер азаматыңды сыйлай біл. Ешқашан оған ұнамайтын қылық жасама. Сабырыңды серік ет. Оның істегені дұрыс болмаса да, бетінен алма, жұрттың көзінше кемшілігін айтпа. Үйге келгенде, екеуің оңаша қалғанда, сені жақсы көріп тұрғанда жай дауыспен, алдын ала дайындап барып, айтсаң ол түсінеді. Сен сондай құрмет көрсетсең, жолдасың сені одан да бетер жақсы көріп, қолдайтын болады.


Бір-бірлеріңді түсінуге тырысыңдар, кешірімді болыңдар. Естеріңде болсын, кешірімді кім ерте сұраса – сол ақылды.


Айналадан, ата-анадан, туыстардан азды-кем сөз есітіп жатсаңдар, ұсақ- түйек кемшілік көріп жатсаңдар, іштеріңе сақтаңдар. Кемшіліксіз тек бір Алла ғана. Пенде болған соң кемшілік болады. Ұсақтық ұсақтарға ғана жарасады, ал сендер ірісіңдер. Жүрегінде махаббаты бар жандар ұсақ болмайды.


Айналайын қыздар, іштей маған өкпелеп отырған шығарсыңдар. «Неге ер азаматтардың парызын айтпайды» деп. Ер азаматты Алла Тағалла үлкен махаббатпен жаратқан. Бірінші Адам атаны, сонан соң оның қабырғасынан Хауа ананы жаратты. Неге қабырғасынан? Себебі қабырға жүрекке жақын. Әйел адам ер азаматтың жүрегіне жақын, сезімін, сүйіспеншілігін оятады. Ер азаматтар өздерінің парызын біледі. Әйел адамды құрметтеу, көмек беру, киіндіру, қалағанын алып беру олардың тікелей парызы. Үйленген соң әйел еркекке


 


аманат. Алланың аманаты. Сондықтан аманатқа қиянат жасалмайды. Ер азамат ол парыздарын біледі. Және олардың әйел баласынан тағы бір артықшылығы – ірілігі, мәрттігі, сабырлығы. Нағыз ер адам ұсақ-түйекті термейді, ұсақ әңгімелерді тыңдамайды, тар болмайды, жүрегімен де, қолымен де жомарт болады, әйелдер сияқты ашуға тез берілмейді. Әйел бір күндігін ойласа, ер адам мың күндігін ойлайды. Олар қашанда кешірімді болады, әйелдердің мінезіндегі осал тұстарын «әйелдің аты әйел ғой» деп кешіре салады. Сондықтан да оларға қандай ақыл айтуға болады? Олар бәрін біледі. Екі жақтың ата-аналарын сыйлайды, балаларына қарайды, ойнатады, әйелі үлгермей жатса көмектеседі, өзін ғана ойламайды, не алса да бірінші өзіне емес әйеліне, балаларына алады. Адам сыйлауды, дұрыс қарым-қатынас жасауды, ішкілікке салынбауды, құмар ойын ойнамауды... Бәрін біліп тұрған адамға ақыл айтып, басын ауыртудың қажеті қанша?


Ал енді бала тәрбиесі туралы айтуға болады. Себебі ол жағынан тәжірибелерің аз. Бір қызығы 1970 жылдан бері қарай әр отбасында ары кетсе үш немесе бір-екі тал ғана бала болды. Оның әр түрлі себептері де бар. Қалалық жерде тұрған қазақтардың үй-жайлары болмады, пәтер жалдап тұрды. Балалары көп болса, пәтер беруші түрлі сылтау айтып шығарып тастады. Аз жалақының үлкен бөлігі пәтер ақысына кетеді. Сондықтан (көп жағдайда) қаладағы отбасыларында бала аз болды. Енді бір тал, екі тал баланы қатарынан кем қылмаймыз деп, тапқанын, таянғанын сол балаларына жұмсады. Еркелетті, жұмыстың ауырын жасатпады, «құрсын, қиналсақ өзіміз қиналайық, балаларымыз қиналмасын. Біздің көрген қиындығымызды бұлар көрмесін» деп, балаларына үй-жай жасады, 18 жасқа тоған күні машина сыйлайды. Үй-жай жасау, машина алып беру оңай емес. Ол үшін ата-аналар бір емес, бірнеше жерде жұмыс жасайды. Үйдегі тоңазытқышты толтырып қойып, күні кешке дейін телевизор көріп, үйді тазалауға ерініп жатқан балаларын айналып- толғанып, анасы дәмді тамақ пісіріп, кір жуып, киім өтектеп, артылған күшін қайын жұрты мен, төркін жұртынан ағылып келіп жататын абитурент, студент, олардың ата-аналарына жұмсап, түннің бір уағында төсегін табар-таппас қисая кетеді. Осындай өмір салты 90% қалада тұратын қазақ отбасыларының басында болды. Осы өмір салтымен біздер өзімшіл, ата-ананың қадірін біле бермейтін, ата-анасы ақыл айтса жек көретін, еңбек етуге құлқы жоқ ұрпақты «тәрбиелеп» алғанымызды білмей де қалдық. Бұның бір қауіпті жері бар. Ол – ген (қан) қуалап кетеді. Оны тез арада санамен ойлап, өзгерту керек. Өзгертетін ұрпақ сендерсіңдер. Біріншіден қазіргі жастарға ата-аналары бар жақсылықты жасап


 


берді. Енді олар қорықпай ұрпақтарын көбейту керек. Отбасында ең кемі бес бала болғаны дұрыс. Балалар бірге өсіп, бауырмал болып, мейірімін төккен ата- аналарының қадірін біледі. Ата-анаға қамқор болады. Бірін-бірі тәрбиелейді,есейгенде бір-біріне қолдау көрсетіп, сүйеу болады. Оларды кішкентай кезінен еңбекке баулу қажет. Үйдегі, сырттағы бар шаруаны бөліп тастап, талап етіп отырған дұрыс. Баланың істеген қателігін елемей қоя салуға болмайды. Ол өз әрекетіне жауап беріп үйренсін. Өмір деген үлкен сынақта оны ешкім де еркелетпейді. Осы кітаптың соңғы жағына «Жақсы мінез сабақтары» деген бала тәрбиесіне жазған еңбегімді беруім мүмкін)))





Пікір жазу