25.05.2021
  315


Автор: Қадыр Мырза Әли

Қайрақшы

Ойлан, досым, ойланба,
Өтпейтіннен жаман жоқ.
Мойтап құрал-сайманға
Мына біздей маман жоқ.
Ұстараны ептеп сен
Самай шашқа салып көр.
Сумаң-сумаң етпесе,
Мына бізге алып кел!
Айбалтаңды ептеп сен
Ақ қайыңға салып көр,
Алмас құсап өтпесе,
Мына бізге алып кел!
Шеттерінен өздерін
Шарыққа ұстап керелік.
Жарқылдатып жүздерін,
Өп-өткір ғып берелік...
Біраз жерге кісіні
Апаратын қайрат қой.
Өнсін десең ісіңді,
Өзіңді де қайрап қой!





Пікір жазу