24.05.2021
1147
Ғажайып бақ
Баяғы заманда Асан мен Қасен деген екі дос болыпты. Екеуі де кедей адамдар екен. Асан ұлтарақтай жеріне егін егіп, Қасен өзінің аз ғана малын бағып, күндерін көріпті. Екеуінің де әйелдері қайтыс болған екен; Асанның бар жұбанышы-ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу қызы болады да, Қасеннің үміті — ер жетіп қалған қайратты баласы болады.
Бір жылы көктемде Асан егін салуға қамданып жатқанда, Қасен жұтқа ұшырайды: қыс аяғы қатты болып, аз ғана малы қырылып қалады.
Көзінің жасы көл болып, Қасен досына жылап келеді:
— Асан, сенімен қоштасайын деп келіп едім. Аз ғана малым қырылып қалды. Енді аштан өлместің қамын қылып, қайыр сұрап тентіреп кетемін де,— дейді.
Бұл сөзді естігенде, Асанның да көңілі босап, көзіне жас келіп, Қасен досын құшақтап тұрып:
— Екеуіміз жан деген жолдас едік қой, мал-жанымыз бір емес пе еді? Менің егіндік жерімнің жартысы сенікі болсын. Көңіліңді жұбат, қолыңа кетпен алып, тырбанып тіршілік қыл,— дейді.
Сол күннен бастап, Қасен де егін салып тіршілік етеді.
Күн артынан күн, ай артынан ай өтеді. Арада біраз жылдар болады. Бір күні Қасен өзінің жерін қазып жүріп, кетпенінің зыңылдап, темірге тигенін байқап, таң қалады. «Бұл не ғажап екен?»— деп, сол жерді тереңдетіп қазып жіберсе, ішіне толтырып алтын салған бір қара қазан көрінеді.
Қасеннің қуанышы қойнына сыймай, қазанның құлағынан сүйрей, досының үйіне қарай жүгіреді.
— Сүйінші, Асан!— деп айғайлайды ол, жүгіріп келе жатып,— сүйінші, бақытты болдың, үлкен олжалы болдың, мен сенің жеріңнен ішіне алтын толтырылған қазан тауып алдым, енді кедейліктен құтылдың.
Асан оны қуана қарсы алып:
— Сенің адалдығыңды білем ғой, Қасен. Бірақ ол алтын менікі емес, сенікі. Сен оны өз жеріңнен қазып алдың ғой,— деп жауап береді.
Оған Қасен болмай:
— Мен де сенің пейілі кең, мейірімді кісі екеніңді білемін ғой, Асан, бірақ сен маған жеріңді бергенмен жеріңнің астындағы қазынасын берген жоқсың ғой,— дейді.
Бірақ Асан да көне қоймайды.
— Ардақты досым, жердің асты-үстіндегі қазынаның барлығы, сол жерге маңдай терін тамызып еңбек еткен адамдікі,— дейді.
Алтынды алғысы келмей, бұл екеуі ұзақ таласады. Ақыры, Асан мынадай бір байлам айтады:
— Таласты қоялықшы, Қасен, сенің күйеу болатын ұлың бар, менің қалындық болатын қызым бар. Балалардың көңілі жарасып жүр ғой, сол екеуінің басын қосайық та, алтынды соларға берейік. Тым болмаса, біздің балаларымыз кіріптарлық көрмесін,— дейді.
Аталары осы байламын айтқанда, балаларының қуаныштан жүректері жарылып кете жаздайды. Сол күні той жасап, екі жасты қосады. Жас жігіт жаңа түскен келіншегімен жеке отау болып, Қасеннің үйіне шығады. Қасен құдасының үйіне көшеді.
Келесі күні таң сәріден жаңа қосылған жас зайыптылар алтын салған қазанды алып, аталарының үйіне келеді. Қабақтарында кірбің барын көрген Асан мен Қасен:
— Не боп қалды, балалар? Ертелетіп келген түрлерің жаман екен,— деп сұрайды.
— Аталары безген нәрсеге балалары ие болған жарамас. Біз алтынсыз да баймыз. Сүйіп қосылған екі көңілден артық дүниеде қазына бар ма?— дейді екі жас. Сөйтіп, олар қазанды үйдің ортасына әкеп қояды.
Енді алтынды кім алуы керек деген талас қайта басталады. Таласып, ақыры, алыста оңаша тұратын бір дана қарияға барып, жүгінбек болады.
Талай күн, талай түн жүріп отырып, бұлар әлгі қарияның үйіне келеді. Айдалада жалғыз тұрған қарияның жұпыны ғана қараша үйі бар екен.
Қария төрге төселген жыртық киіздің үстінде отыр, оң мен солында екі-екіден төрт шәкірт орналасқан.
— Жүгінуге келген екенсіңдер, алыстан арнап келген түрлерің бар, шаруаларыңды айтыңдар,— дейді қария келгендерге.
Жолаушылар қарияға өздерінің дау-шарларын айтады. Бұлардың сөзін тыңдап алып, қария ұзақ үнсіз отырады да, өзінің үлкен шәкіртіне бұрылып:
— Менің орнымда болсаң, мына кісілердің дауын қалай шешер ең?— деп сұрайды.
— Жер-дүниедегі қазынаның иесі хан ғой, хан иеме апарып беріңдер дер едім,— деп жауап қайырады үлкен шәкірт.
— Ал менің орнымда сен болсаң, қалай шешер едің?— дейді екіншісіне.
Екінші шәкірті:
— Дауласқандар безген мүлік бидікі ғой, мен оны өзім алар едім,— дейді.
Қария бұрынғыдан бетер ренжіп, жүзін суытса да, сыр білдірмей, үшінші шәкіртінен сұрайды.
— Ал енді сен айтшы, сен болсаң, қалай шешер ең?
Үшінші шәкірті:
— Бұл алтынның иесі жоқ, оны ешқайсысы меншіктенгісі келмейді. Солай болған соң-ақ, мен оны қайтадан жерге көмдіріп тастар едім,— дейді.
Қарияның жүзі әбден түнеріп кетеді. Ол енді ең кіші шәкіртінен сұрайды:
— Ал сен не дейсің, қарағым?
— Артық сөзім болса айып етпеңіз, ұстазым,— дейді кіші шәкірт.— Мен болсам, осы алтынды жұмсап, құлазып жатқан далада гүл жайнаған саялы бақ өсірер едім. Арып-ашқан кем-кетіктер сол бақтың саясында тыныс алып, жемісін қорек етіп, рақатын көрер еді.
Осы сөзді естігенде қария көзіне жас алып, орнынан тұрып, кіші шәкіртін құшақтайды.
— «Жасы кіші болса да, ақылы артықты аға тұт» деген сөз рас екен ғой,— дейді ол.— Сенің билігің әділ, балам. Осы алтынды алып хан ордасына бар, содан соң ең жақсы тұқымдарды сатып алып, қайтып кел де, өзің айтқан бағынды өсір! Саған да, мына алтынға қызықпаған кең пейіл адал жандарға да кем-кетік, жарлы-жақыбай атаулы өмір бақи риза болып, алғыс айтар.
Жас жігіт алтынды дорбасына салып алып, жолға шығады.
Ұзақ уақыт сапар шегіп, арып-ашып, күндердің күні болғанда хан ордасына келеді. Қаланың қақпасына кірісімен-ақ базарға барып, миуа ағашының тұқымын іздейді.
Қызылды-жасылды мата мен әр түрлі әшекейлі заттардан көз алмай, базарды аралап жүргенде, арт жағынан керуеннің сылдырлаған қоңырауы мен біреудің айқайлаған ащы даусын естиді. Жас жігіт артына жалт қараса, ұзыннан-ұзақ тізілген керуен келе жатыр екен. Түйенің қомына жүктің орнына ой мен қырда, су мен шөлде болатын құс атаулыны тірі күйі теңдеп алған. Оларды аяғынан матастырып байлапты. Құстардың қанаттары қайырылып сынып, жел ұшырған мамықтары ақша бұлттай қалқиды. Түйелер аяңдаған сайын, бейшара құстар тыпырлап, адамның сай-сүйегін сырқырата шырылдайды. Осыны көргенде жас жігіттің жаны удай ашып, шыдамы жетпейді, сығылысқан қалың жұрттың ортасынан жарып өтіп, жігіт керуен басыға келіп, әдеппен тағзым етіп:
— О, тақсыр, мына бейшара құстарды осыншама қинаған кім? Мұны қайда апара жатырсыз?—деп сұрайды.
Керуен басы:
— Біз хан сарайына бара жатырмыз. Бұл құстар — ханның соғымы. Сол құстар үшін бізге бес жүз ділда береді,— деп жауап қайырады.
— Мен мың ділда берсем, осы бейшара құстарды босатып жібересің бе?— деп сұрайды жігіт.
Керуен басы жігіттің жұпыны түрін көріп, оның сөзін елең етпей жүре береді.
Сол кезде жігіт иығындағы дорбасын алып, керуен басына алтынын көрсетеді. Керуен басы өз көзіне өзі сенбей, қайран қалады. Бірақ саудагер қызылшыл болмай, алтынды көргесін, сұғанақтығы жеңіп: «Құстарды босатып жіберіңдер»,— деп әмір етеді.
Бұғаудан босанған құстар тобымен аспанға көтеріледі. Керуеннің әкеле жатқан құстары тым көп екен. Олар жапырлай ұшқанда, күннің көзін бүркеп, қанаттарынан ескен жел дауылға айналады.
Жігіт ұшып бара жатқан құстарға қарап тұрып, құстар көрінбей кеткеннен кейін, қаудырап босап қалған дорбасын иығына салып алып, кейін қайтады. Қуанышы қойнына сыймай, аяғы жерге тимей әндетіп келе жатады.
Бірақ аулына жақындаған сайын, көңіліне уайым кіріп, істеген ісіне өкініп, қайғыра береді.
— Басқа біреудің қазынасын өзімнің ойыма келген нәрсеге жұмсағаным қалай болды? Кем-кетіктер үшін бақ егем деген өзім емес пе едім, ұстазыма, мені тұқым әкеледі деп күтіп отырған ақ көңіл адамдарға не деймін,— деп ойлайды.
Жігіт осылай өзіне-өзі ыза болып келе жатады: бара-бара қайғысы үдеп, әбден арып, құлап кетеді де, өзіне-өзі өлім тілеп жылайды. Ақыры, қайғы-қасіреттен қажып, ұйқтап кетеді.
Ұйқтап жатып түс көреді, түсінде әлдеқайдан бір әп-әдемі бұлбұл ұшып келіп, көкірегіне қонып, тамылжыған әсем әнді әуенімен:
— Уа, кең пейіл жас жігіт! Сен көп қайғырып налыма! Еркін құстардың саған беретін алтыны жоқ. Бірақ сенің жақсылығыңды басқа жолмен қайырар. Ұйқыңнан оянып, жан-жағыңа қарашы! Көзіңнің жасы тыйылмас па екен?— дейді.
Осыны айтып, бұлбұл пыр етіп ұшып кетеді. Жігіт көзін ашып, жан-жағына қарап, таң-тамаша қалады. Кең далаға қаптап қонып отырған құстарды көреді.
Құстар аяғымен шұқыр қазып, аузындағы дәндерді сол шұқырға салып, қанатымен топырақты сыпырып, көміп жатады.
Жігіт қозғалып кеткенде, құстардың бәрі лап етіп аспанға ұшады да кетеді. Тағы да құстар күнді қалқалап, қаққан қанаттарынан ескен жел дауылға айналады. Жігіт жан-жағына қараса, құстар қазған әрбір шұңқырдан жас шыбықтар көктеп шыға келіп, өрмелеп өсіп, бұтаға күлтеленген, жапырағы жайнаған үлкен ағашқа айналып жатқанын көреді.
Қас қаққанша болмайды, ағаштың бұтақтарына жайнаған гүлдер өсіп, жұпар иісі аңқып кетеді. Содан кейін гүлдер ұшып түседі де, оның орнына қып-қызыл нарттай алмалар өсіп шыға келеді.
Иран бағы мұның ширегіне де келмеуші еді. Қабығы маржандай жарқыраған зәулім алма ағаштарына сан жетер емес. Қаз-қатар тізілген ағаштардың арасынан пісіп тұрған жүзім, бал татыған өрік, жарқыраған көл, көкорай шалғын, бәйшешектер көрінеді. Ағаштың саясындағы жолдарға бұтақтан жаңа ғана түскен жапырақ төселген жолдың екі ернеуінде асыл таспен әшекейлеп өріп тастаған арықтардың суы сылдыр қағады. Ал жоғарыда, ағаш басында, пырылдап ұшып-қонып, тамылжытып ән салып, жігіттің манағы түсінде көрген бұлбұлдары ұшып жүреді.
Жігіт қайран қалып, өңім бе, түсім бе деп сенбей, жан-жағына қарай береді. Өңі мен түсінің қайсы екенін айыру үшін, қатты айқайлап жібергенде, өз даусының жаңғырығын ғана естиді. Жайнаған бақ ғайып болмай, сол орнында тұр. Өңі екеніне көзі жеткеннен кейін, жігіт өкпесін қолына алып, қарияның үйіне қарай жүгіреді. Келісімен болған уақиғаны бастан-аяқ айтып береді. Әңгімені тыңдағаннан кейін ұстазы және оның үш шәкірті, Асан мен Қасен, олардың балалары бақты көрмек болады. Жігіт жол көрсетіп, оларды ертіп келеді.
Көп кешікпей-ақ, кұлазыған жапанда ғажайып бақ орнапты деген хабар бүкіл елге тарайды. Бірақ олар бақтың шетіне жетісімен-ақ, алдарынан жеті құлып салынған темір қақпалы үлкен дуал пайда болады. Қақпадан өте алмайтынына көзі жеткен ақсүйектер ерлерінің үстіне шығып, дуалдың үстінен қолын созып, алмаларды жұлып алмақшы болады. Бірақ олар алмаға қолы тиісімен-ақ, естерінен айырылып, жерге құлап түсіп жатады. Мұны көрген соң-ақ, бай-мырзалардың зәресі ұшып, аттарының басын бұрып, ауылдарына қарай қашады.
Олардың артын ала баққа жер-жерден кедейлер келе бастайды. Кем-кетіктер жақындасымен-ақ, қақпаның құлпы босап, есік айқара ашылады. Баққа әйел-еркек, кәрі-жас сыймай кетеді. Олар бақтың ішіндегі жолмен қыдырып, жапырақты таптап жүрсе де, жапырақтар солмайды. Олар арықтан қаншама ішсе де, арық лайланбайды, таусылмайды; олар ағаштан қанша жеміс алып жесе де, жеміс азаймайды. Күні бойы бақ ішінде құйқылжыған домбыра сазы, шырқата салған ән, той-думан саябырламайды.
Ымырт үйіріліп, қараңғы түскен кезде, алмалар жарқырап, нұр шашып, құстар тамылжытып ән шырқайды. Қызық думан басылып, жарлы-жақыбайлар хош иісті көк шалғынды төсеніп, өмірлерінде алғашқы рет рақатқа кенеліп, тәтті ұйқыға енеді.