Туындылар ✍️
ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ЗҰЛМАТТАР олардан оңтүстік те шет қалмаған
1. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс
Оңтүстік қазақтарының соңғы үш-төрт ғасырлардағы тарихы оқулықтар мен ғылыми әдебиеттерде шынайы түрде көрсетілмей келе жатқаны сияқты, 1916 жылғы Қазақстан мен Орта Азияны шарпыған ұлт-азаттық көтеріліс – оңтүстік өлкесінде де үлкен белең алып, жергілікті тұрғындарға зор зобалаң мен зұлмат әкелгені жайындағы дерек-мағлұматтар да бүгінгі дейін ашық жарияланбай келеді. Біз осы көтеріліс туралы сөз етсек, тек Торғай даласындағы Аманкелді Иманов пен мен Жетісу жеріндегі Бекболат Әшекеев бастаған шайқастарды ауызға аламыз. Өйткені мектеп оқулықтары мен ғылыми еңбектерде осы екі кісі басқарған соғыс қана оқытылады әрі оның бірі көркемфильмге де арқау болған. Соған сайып, біздің ұғымымызда 1916 жылғы ақ патшаға қарсы Қазақстан жерінде өткен толқулар жаңағы аталған екі көтеріліспен ғана шектелген деген сенім мен көзқарас қалыптасқан. Ақиқатында ұлт-азаттық көтеріліс Жетісу мен Торғайда ғана емес, күллі қазақ даласын, оның ішінде оңтүстік өңірін де шарпыған. Ол шақта біздің өлке – Сырдария облысы деп аталған. Өкінішке орай, оңтүстік өлкеде өткен ұлт-азаттық көтерілісінің тарихы архивтік һәм ауызекі әңгімелер дереккөздері бойынша мол болғанымен, оны арнайы зерттеп жазған ешкім болмапты. Бір ғана дерек – әйгілі жазушы Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе» атты романында 1916 жылы Меркі жерінде Ақкөз деген қария басшылық еткен шайқас көркем әдебиет тұрғысында берілген. Бірақ бұл дерек ол көтерілістің барлық ақиқатын танып-білуге тым-тым аздық етеді. Аталмыш тарихи уақиғаның шығу себебі мен барысын бүге-шігесіне дейін талдап жазу үшін көлемді еңбек керек-ақ. Әйтсе де, осы мақалада оның негізі мен түп-тамырына үңіліп, жалпы сипатын қысқаша айтып өтпекпіз.
ХХ ғасырдың басында бүкіл қазақ жері мен Орта Азияның бірсыпыра өлкелері Ресейдің қол астына кіріп, орыс мемлекетінің жері атанып қойған. Түркпен жерінің белгілі бір бөлігін өзіне қаратқан Бұқар және Әмударияның батыс бөлігіндегі құмды даланы иеленген Хиуа хандықтары біршама бейтараптықты сақтап қалғандарымен, бәрібір, көп жағдайда орыс патшасына бағынып, оған сырттай тәуелді болды. Дегенмен олар 1917 жылғы төңкеріске дейін өз хандықтарының атын сақтап тұрды. Ал 1895 жылға шейін Памир тауларына дейінгі жерлерді бауырына басқан орыс отаршылдары жергілікті халықтардың қалыпты өмір салтын бұзып қана қоймады, оларға өз ұстанымдары мен билік құрылымдарын зорлықпен енгізіп, әр түрлі ұлттарды орыстық тәртіппен күн кешуге мәжбүр етті. «Найзаның күшімен орнатылған жүйе – найзасыз өмір сүре алмайды» деп Керейхан Аманжолов жазғандай, отаршылдар қазақ халқы мен Орта Азия жұртына аса зияндық тигізді. Миллиондаған гектар жерлер патша өкіметінің иелігіне, оның шенеуніктерінің меншігіне тартылып алынды. Қарапайым халыққа орасан көлемдегі салықтар салынды. Отаршылдықтың салдарынан ежелгі Тұран өлкесінің ауыл және халық шаруашылығы күрт төмендеп, жұрт ауыр жағдайға ұшырады. Мал еті мен мақтаға аса зәру болған Ресей басқыншылары онсыз да титықтай бастаған шаруаларды бұрынғыдан бетер қанап, керекті заттарын талап етуден бөлек, қорқытып-үркітіп тартып алды. Оған назаланған қазақтар, өзбектер, қырғыздар, т.б. бірнеше мәрте отаршылдарға қарсы бас көтерді. 1885 жылы Ферғанада, 1898 Әндіжанда, 1892 Ташкентте, 1906 жылы Шымкент уезіне қарасты Бадам, Арыс, Созақ, Түлкібас болыстықтарында болған көтерілістер осындай қысымшылықтың себебінен туындаған еді. Бұдан басқа да қазіргі Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда жерлерін түгел қамтыған сол кезгі Сырдария облысының бұқарасы арасында патша шенеуніктерінің озбырлығына деген ашу-ыза, наразылық кеңінен өріс алып, ауылдар мен қазақтар көп тұратын кент-шаһарларда ереуілдер жиі-жиі шықты. Мұның барлығы патша өкіметі тарапынан аяусыз басып тасталып отырылды. Ал мұндай көтерілістердің ең шарықтаған әрі зор белең алған кезеңі 1916 жылдың тамыз бен қараша айларының арасында өтті.
Сондағы көтерілістің бір айдың көлемінде осыншама ұлан-ғайыр өлкеде қалай ғана бірден басталып кеткені әлі күнге дейін тарихи жұмбақ. Мысалы, 1916 жылдың тамыз айының аяғына таман Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Ферғана облысында Мадан бастаған шайқас пен Меркі мен Торғай жеріндегі көтерілістер бір уақытта басталған. Дәл осы кезде Сырдария облысына қарасты Ташқазақ уезі мен Түркістан уезінің және Жетісу облысының бірнеше жерінде де отаршылдар саясатына қарсы бас көтерулер орын алған. Араларында қазіргідей байланыс құралдары жоқ ол уақытта бір-бірінен тым шалғай жатқан өлкелерде көтерілісшілер күні бұрын келіскендей, бір мезгілде бастауы, расында, таңқаларлық жәйт. Бұл мәселеге орай пікір айтқан тарихшылардың бәрі – аталмыш көтерілістің басталуына ІІ Николай патшаның Ресейдің батысында жүріп жатқан соғысқа қазақ пен Орта Азия халықтарының 19 бен 31 жас аралығындағы жас жігіттерін іріктеп алып, оларды жаумен щайқасуға емес, майдан даласында окоп қазуға, темір жол салуға, қираған үйлерді қалпына келтіруге, жаралыларды тасуға, т.с.с. қара жұмысқа алу туралы жарлығы себеп болды дейді де, жоғарыда біз көтеріп отырған сауалға ешқайсысы жауап іздемейді. Иә, бұл сұрақ әлі де жауапсыз.
Сонымен, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің шығу негізі қандай себептерге байланысты болғандығын баяндайық. Тарихта бірінші дүниежүзілік соғыс деп аталатын майданға Ресей 1914 жылдың 19-шілдесінде кіріскен. Соғысқа күшті державалардың екі мықты тобы – Антанта (Англия, Франция, Ресей) мен Австро-Герман блогы (Германия, Австро–Венгрия, Түркия және олардың одақтастары) бір-біріне қарсы шықты. Соғыс екі жылға созылды. Ресей соғыс үшін Түркістан өлкесінен шикізатты, азық-түлікті, мал мен ақшаны есепсіз алды. «Қазақ ССР тарихының» мәліметі бойынша, Ресей 1915 жылдың өзінде Түркістан өлкесінен (оның ішінде Сырдария облысы да бар) 20899 мың пұт мақта, 300 мың пұт ет, 109 мың пұт мақта майы, 474 мың пұт балық, 12,7 мың пұт түйе жүні, 220 мың пұт сабын, 70 мың жылқы, 38 мың шаршы кез киіз, 13441 киіз үй, 80 мың қой тасып әкеткен. Осы уақытта бір ғана Сырдария облысынан 44 миллион сомның малы мен мал шаруашылығы өнімдері әкетілген. Оған қоса, сол жылдары халыққа салынатын салық 4-5 есеге дейін өскен. «Мемлекетке бұратана жұрттардан, яғни Түркістан халықтарынан алынатын тікелей салықтардың мөлшері 1914 жылы 6.559.02 сом болса, 1916 жылы ол 14.311.771 сомға жеткен». (Х.Тұрсынов, «1916 жылғы көтеріліс», Ташкент, 1962).
Патша қанаушылары Түркістан жұртын дәл осылай қинап, материалдық және моральдік тұрғыда езіп-жаншып жатқан кезде, ІІ Николай 1916 жылдың 25-маусымында бұл халықтарды Антанта мен Австро-Герман блогы соғысып жатқан майданның қара жұмысына шақыру туралы жарлық шығарды. Бұл туралы тарихшы К.Аманжолов былай деп жазды: «Импералистік соғыс жылдарында Ресейдің қарулы күштері 10 миллион адамға жеткен. Соған қарамастан соғыстың барысы қиындай түсті. Орыстар өлімге ұшырағанда, бұлар неге сыртта қалады деген оймен, патша өкіметі мұсылман халықтарының 19 бен 31 жас аралығындағы жігіттерін майдан шебіндегі қара жұмысқа салуға ұйғарым етті. Миллиондаған қазақ, өзбек, қырғыз, т.б. ұлттардың азаматтарын майданға қаруландырмай аттандыру – оларды құрбандыққа шалумен, жаппай қыруға айдаумен бірдей еді. («Түркі халықтарының тарихы» 3-том, 224 бет).
Жарлықтың мәтіні мен мазмұнын Түркістан өлкесіндегі қалалар мен уезд бастықтары, ауыл-ауылдардағы болыстар мен старшындар лезде халыққа таратып, патша бұйрығын орындауға тез кірісті. Алайда олар әп дегенде-ақ халық тарапынан қарсылыққа ұшырады. Патша шенеуніктерінің зорлығы мен қысымынан әбден зәрәзап болып отырған халық жарлыққа көнбейтінін бірден білдірді. Ел арасынан жұрт мүддесін ойлайтын азаматтар шу дегенде-ақ бас көтеріп, аталмыш жарлықтың әділетсіз екенін жариялады. Халық та оларды әп-сәтте қолдап, тізім жасауға кіріскен болыстар мен старшындарды тыңдаудан бас тартты. Мұндай бастартулар мен қарсылықтар ауыл-ауылдарға тез тарап, аз ғана уақыттың ішінде бүкіл Түркістан аумағындағы жұртты елең еткізді. Жәй ғана елең еткізіп қоймай, артынша үлкен және кішігірім ауыл, кенттерде майда-шүйде көтерілістер бой көрсете бастады. Шілде айының ортасына қарай бір-бірін аттанға шақырған ауыл-ауылдардың бас көтерлері бірігіп, соғысқа алынатын жігіттердің тізімін жасауға келген болыстықтың өкілдері мен уездік приставтарды қуып шықты.
Алғашқыда патша шенеуніктері мұндай кіші-гірім бас көтерулер үлкен көтеріліске ұласып кетеді деп әсте ойламады. Бұрынғы бейбіт кезде екі-үш-ақ мылтықты солдатпен бір ауылға барып ойран салатын әдеттеріне басып, уездік полицейлер әр ауылға екі-үшеуден аттанып, жарлыққа қарсы шыққандарды жазаламақ болды. Алайда не болса да тайынбауға кіріскен ауыл адамдары ондай полицейлерді ұрып-соғып, аттарын тартып алып, өздерін жаяу қайтуға мәжбүр етті. Мұндай оқиғалар күллі Түркістан өлкесіне қарасты облыстарда күн бе күн қайталанып жатты. Бұдан секем алған Түркістан генерал-губернаторының міндетін атқарушы Ерофеев патшадан осы өлкеге әскери жағдай енгізуді сұрады. Сұранысы сол күні қабылданып, ІІ Николай «Түркістан әскери округі соғыс жағдайында» деген указға қол қойды. Патшаның бұл қылығы бүкіл Орта Азия мен Қазақстан халқын «дұшпан армиясы» деп жариялаумен парапар болатын. Ертесіне, яғни 1916 жылдың 17-шілдесі күні Ресейдің әскери министрі әскери сотқа Түркістан өлкесіне байланысты жаңа бұйрық шығарды. Бұйрық бойынша Түркістандағы жергілікті соттар ауыл-ауылдарда бас көтергендерді тергеусіз, куәсіз атып тастауға, болмаса 10-15 жылдан каторгаға айдауға құқылы болды.
Тамыз айының басында осы бұйрықтың негізінде Сырдария облысында 4 адам атылып, 50-ге жуық адам әртүрлі жазаға кесілді. Бірақ толқу басылмады. Қайта уақыт өткен сайын үдей түсті. Халық көсемдері патша шенеуніктеріне мынадай шарт қойды: «Біздің жігіттерді кемсітпей, қолына қару беріп, жаттығудан өткізіп, кәдімгі әскерлер қатарына алыңдар. Ал майдандағы қара жұмыс үшін боздақтарымызды жібермейміз!».
Алайда бұл талап ескерілмеді. Шілде айының өзінде-ақ Ташкентте, Шымкент, Түркістан, Қазалы, Ташқазақ уездерінде бірнеше рет шерулер өтіп, арты жандармдармен қақтығысқа ұласты.
Жағдайдың ушығып бара жатқанын сезген ІІ Николай патша Түркістанның генерал-губернаторлығына осы өлкені бұрын басқарған және мұндағы халықтың жай-күйімен жақсы таныс Куропаткинді тағайындады. Барлық билікті қолына алған ол, келе сала, 23-тамыз күні бүкіл Тұран даласын бұрынғыдан да бетер дүрліктірген жарлық шығарды. Ол жарлық бойынша Түркістанға қарайтын бес облыстан майдандағы қара жұмысқа 220 мың жас жігіттер іріктеліп алынуы қажетті. Оның 60 мың адамы Сырдария облысынан жиналуға тиіс-тін. Курапоткин жарлыққа қоса, қосымша бұйрықты да бекітті. Бұйрықтың мазмұны 7 баптан тұрды. Онда қара жұмысқа алынатын адамдарды қалай жөнелту, қалай киіндіру, сондай-ақ өкімет бұй-рығынан бас тартқандарды сотсыз, тергеусіз ату, бас көтерген ауылдарды аяусыз қыру сияқты құпия баптар да бар-ды. Осы бапқа байланысты 27-тамыз күні Ташкентке сегіз мың адам жиналған толқуды басу үшін мұздай қаруланған 2300-дей полицейлер көпшілікке оқ атып, біразын қырып салды. Кейінгі тарихшылар «ұлт-азаттық көтеріліс» деп атаған үлкен дүмпудің, яғни патша әскерлерінің жиналған топқа сансыз мылтықтарынан оқ атып, баудай түсіретін ең бірінші де үлкен қатыгез ойраны Түркістанда осылай басталды.
Бұл уақытта Жетісу мен Сырдария облыстарында патша жарлығына қарсы бас көтерген қазақтар да қолдарына түскен найза-қылыштармен қаруланып, облыс пен уезд орталықтарынан келген шағын отрядтармен шайқас бастаған-ды. Бір ауылдың қол бастаған батыры екінші ауылдағы туыстарына шабарман шаптырып, көтерілісті қолдауды сұрап, реті келсе, бәрі бір ортаға жиналған үлкен топ құруды жоспарлады. Дегенмен көптеген себептерге байланысты бұл жоспарларына жете алмады. Соған қарамастан жаушылар мен шабармандар арқылы бір-біріне сырттай дем берген аралары шалғай, тіпті алыс ауылдар мен өлкелердегі мұсылмандар жұрты өз жерлерінде шамалары келгенше жасақ құрып, майданға жігіт бермеу үшін қару ұстап, атқа қонды. Тамыздың аяғына таман Түркістан өлкесіндегі толқулардан қатты қауіптенген патша шенеуніктері «жабайыларды тәубесіне келтіру мақсатымен» мылтық былай тұрсын, зеңбірек-пулеметтермен қаруланған арнайы жазалаушы отрядтарды құруға кірісті. Оған қоса, Түркістан генерал-губернаторы Куропаткиннің бастамасымен Жетісу облыстық әскери губернаторы Фольбаум мен Сырдария әскери губернаторы Гродеков қазақ жеріне ауып келіп, село-село боп орныққан орыс мұжықтарына үндеу тастады. Үндеу қағаздарға басылып, селолардың старос-таларына, мұжықтарына таратылды. Онда мынадай үндеу бар-ды: «Бауырлар! Ұлы орыс билеушілері сендерді мұсылмандар арасындағы тірегі ретінде бар жағдайларыңды жасап, жақсы өмір сүрулеріңе мүмкіндік берді. Ресейдің басына күн түскенде біріңе дейін қалмай, оған қызмет етуге тиіссіңдер! Қолдарыңда өкіметтен тегін алған винтовкаларың бар. Винтовкасы жоқтарға ол тағы тегін таратылатын болады. Соны алып, ұлы патша ағзам бұйрығына қарсы шығып, бүлік салған мұсылмандарға атой салыңдар! Қарулы село – қаһарлы батальон екенін ұмытпаңдар! Патшаға адал қызмет ететін полицейлер мен жандармдарға еріп, осы шайқаста ерекше ерлік көрсеткендер – біздің тарапымыздан мол сыйлық пен олжаға кенеледі».
Осылайша, 1882 жылы Ресей сыртқы істер министрлігіне қарасты Орта Азия істері жөніндегі басқармасының шенеунігі Кривошейннің «Түркістанға қоныстанған әрбір орыс поселкасындағы қаруланған мұжықтар тобы – Ресейдің сенімді де қаһарлы батальондарының бірі болып есептеледі» деген сөзін қазақ даласын билеген әскери басшылар тағы да расқа айналдырып, іс жүзіне асырды. «Тағы да» деп отырған себебіміз, әдейі қаруландырылған мұжықтарға сүйенуді орыс отаршылдары қазақ даласын басып алған уақыттан бері дағдыға айналдырған. Сөйтіп 1916 жылы көтеріліс кезінде де олар (қаруы бар мұжықтар) патшаның жазалаушы отрядтарына қосылып, мұсылман халқының көп жапа шегуіне айтарлықтай үлес қосты.
Тамыз айының аяғында Жетісудағы Бекболат Әшекеев, Жәмеке Мәмеков, Жаңабай Құдайбергенов сынды халық батырлары бастаған көтерілісті басу үшін әскери губернатор Фольбаум барлығын қоса есептегенде 8750 адамы бар 35 рота, 3900 қылышты казак жүздігі, 16 зеңбірек, 27 пулеметі бар жазалаушы отрядты жасақтады. Жазалаушылар көтеріліске қатысқандармен бірге бейбіт ауылдарды да қырып-жойды. Қолға түскендердің ішінен 227 адамды көтерілісті ұйымдастырды деген себеппен тергеусіз, сотсыз атып тастады. Екі мыңға жуық адамды каторғаға айдады. Жантүршігерлік шапқыншылықтан үркіп, Алатау асып, Қытайға өтіп кетпек болған 19 ауылдың адамдарын пулеметпен атқылап, көпшілігін өлтірді, тірі қалғандарының арасынан кілең мықты жігіттерді іріктеп алып, зорлықпен майдандағы қара жұмысқа аттандырды.
Жетісу облысындағы 130 болыстықтың 102 осы шайқасқа қатысса, Сырдария облысындағы алты уезге қарасты 146 болыстықтың 114-інің азаматтары атқа қонды. (Мұнда бір айта кететін жайт, кейбір жазбагерлер болыстықты болыс деп шатастырып жазып жүр. Болыс – лауазымдық шен. Болыстық – белгілі бір әкімшіліктік аумақ. Мұны Түркістан өлкесінің уақытша генерал-губернаторы Ерофеевтің 1915 жылы ІІ-Николай патшаға жазған хатындағы үзіндіден анық түсінуге болады. «...У каждого уезда есть несколько волостные управления. Волостными управлениями правят волостные управители. Ныне казахи их называют – волосами...»). Мұндағы дүмпуді басуға Шымкент пен Әулиеатадағы және Түркістан мен Қазалыдағы жасауылдар аздық еткендіктен, Гродеков Ташкент пен Орынбордағы гарнизондардан көмек сұрады. Сырдария облысының көлемі Жетісу жерінен әлдеқайда көлемді, әрі халқы да көп болатын. Ташкенттегі генерал-губернатор Куропаткин Жызақ пен Піскенттегі, Ферғана мен Намангандағы көтерілісшілерді басуға аттанған арнайы Түркістан легионынан 5 мың солдатты қамтитын жазалаушы отрядты Сырдария жеріне бөлді. Бұл жазалаушы отрядта 10 зеңбірек, 12 пулемет болғанымен көтеріліс өте үлкен аумақты қамтығандықтан, олар Ташқазақ, Шымкент уездеріндегі көтерілісшілердің өзімен екі аптадай соғысып, басқа өңірлерге жете алмады. Қыркүйектің басында Орал-Қызыл Арбат-Ташкент темір жолы арқылы тез жеткен 13 зеңбірек, 23 пулеметпен жарақтанған құрамында 2500 жасағы бар орынборлық полк келгенде ғана Шымкенттен асып, Түркістан жаққа шыға алды.
Сырдария облысындағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс ең алғаш шілденің 29-ы күні Ташқазақ уезінің «Кіші Жетісу» Шымкент уезінің Бадам, Арыс, Ақсу, Қаракөл, Түркістан уезінің Созақ, Қазалы уезінің «Жоталы» болыстықтарында бой көрсетті. Іле-шала Шымкенттің іргесіндегі Көмешбұлақта, Сайрамда, Арыс теміржол торабында, Келесте, Черняевкада және Шымкент пен Әулиеата қалаларында, Меркі, Түлкібас, Құлан өңірлерінде жарлыққа қарсы шыққандар дүр көтерілді. Ташкент мұрағатындағы дерек бойынша, ол кезде Сырдария уезд орталығы саналатын Шымкентте бір рота жаяу әскер, бір атты жүздік, екі зеңбірек және екі пулеметі бар 30 адамдық арнайы атқыштар командасы болған. Тағы сол архивтегі дерекке қарасақ, Шымкенттегі көтерілісті Әлнұр Қожаназаров пен Аманбай Қостаев деген екі кісі бастапты. Бірақ мұрағаттық мәлімет олардың шыққан тегі мен қызметтерін, жастарын жазбаған. Олар алдымен жүз қаралы адамды ертіп теміржол маңындағы телеграф үйін өртеп, қала приставы отыратын кеңсенің күл-талқанын шығарған. Одан кейін ылғи өзбектер отыратын орамның шығыс жағында орналасқан әскери губернатордың мекемесін қоршап алған. Дәл сол кезде Бадам (қазіргі Төлеби ауданындағы Тоғыс, Киелітас, 1-Мамыр ауылдарының төңірегі), Қаракөл (бүгінгі Сайрам ауданындағы Совет, Көмешбұлақ, Ақарыс, Тассай, Қарасу мекендерінің айналасы) болыстықтарынан Ермек пен Тоғабай дегендер бастаған 600 адам келіп, бұларға қосылады. Ол уақытта Шымкент гарнизоны осы күнгі ескі автовокзалдың маңында екен. Қарақұрым халықтан жаны қалмаған уезд бастығы өзін қарулы төрт полицейге қоршатып, атына міне сап, гарнизонға қарай қашады. Ол қашқан соң көтерілісшілер әскери кеңсеге кіріп, ондағы қызметкерлерді тырдай жалаңаш қылып көшеге шығарады да, әбден сабайды. Одан соң кеңседегі үстелдер мен қағаздарды өртейді. Жиналған топ осылайша кеңсенің астаң-кестеңін шығарып жатқанда уезд бастығы ертіп келген жандармдар оларға оқ атып, кейін шегіндіреді. Кеңсе алдында 16 өлік, 31 жаралы қалады. Шегінгендер «Бәрімізді қырып тастасаңдар да, бір де бір жігіт майдандағы қара жұмысқа бармайды» деп айқайлап, үй-үйдің арасына кіріп жасырынады. Сол күні патша әскерімен қазақ көтерілісшілері бес сағат бойы шайқасады. сол күннің ертесіне, яғни тамыздың 20-сы күні уезд бастығы Куропаткинде жіберген телеграммасында «Шымкентте де сұмдық оқиға орын алды. 700 қаралы есуас топ уездік кеңсені өртеді, телеграф орталығын талқандады. Қайдан алғандары белгісіз, өзбектердің пәс үйлерінің тасасына тығылған есерсоқ топтың кейбіреулерінде мылтық бар екен. Біздің әскермен кеш түскенше атысты. Горнизонның 10 солдаты өліп, 17-сі жараланды. Шұғыл түрде қосымша күш жібермесеңіз, жағдайымыздың тұйыққа тірелер түрі бар. Бұл хабарды сізге кеше бұзақы топ талқандаған телеграф орталығын түнімен қайта жөндеуден өткізген соң жолдап отырмын» деп жазылған хабары осы ойымызды растайды («Восстание в Туркестане», Сб. 1. Ташкент, 1962).
Осы оқиғаның артынша, Ташқазақ уезінің «Кіші Жетісу» болыстығының болысы Мошқал Тоқтамысұлы бас болған көтеріліс бұрқ еткен. Облыс басшысы Гродеков Ташқазақ уезінің бастығы Ефремовқа майданға алынатын жігіттердің саны бір ай ішінде тізімге қатталып, қыркүйектің 5-сі күні олардың алғашқы легін Ташкенттегі вокзалдан аттандыруды бұйырған. Ташқазақтағы сегіз болыстықтан он үш мың жігіт алынуы керек-ті. Осынау жарлыққа қарсы жер-жерде көтеріліп жатқан наразылықты естіген «Кіші Жетісу» болысы Мошқал өзіне қарасты ауылдардан батыс майдан үшін жігіт жинауға келіспей, Ұясу, Жаңабазар, Шарбұлақ, Қақпақ ауылдарының старшындарын ақ патша жарлығына мойынсұнбауға шақырды. Артынша аталған ауылдардан қол жиып, Ташкентте болып жатқан көтеріліске қосылуды ойлайды. Алайда оның мұндай жоспарын Тұрбаттағы бір-екі жансыздар Ефремовқа жеткізіп қояды. Ефремов Мошқал мен оған ерген біраз кісілерді жазалмақ болып, Черняевкадан 50 солдат ертіп, Шарбұлаққа аттанады. Болыс кеңсесі Шарбұлақта екен. Орыс әскерінің өзін шабуға келе жатқанын естіген Мошқал 3000 жігіттік қолды бастап, отрядты Келес бойындағы Степное селосы маңында күтіп алады.
1962 жылы Ташкентте шыққан «1916 жылғы көтеріліс» атты жинақтың мәліметінше, Ефремов сол сапарда қорқақтық танытқан. Өзеннің арғы бетінде тұрған құжынаған қазақтардың қолын көргенде рота командирі поручик Токаревке «Қазақтардың бетін өзің қайтар» деп оған 40 қарулы солдатты қалдырып, кері қайтып кетеді. Оның артынан Токарев те қазақтарға бір оқ атпай, кейін шегінеді. Есесіне, Степное селосының орыс тұрғындары терезелерінен Мошқал тобына оқ атып, бес-алты кісіні өлтіреді. Қаһарланған қазақтар селоға лап қойып, қырық үйлі мұжықтарды жайпап салады. Олардың ішінде Ефремовқа тыңшылық жасаған үш-төрт қазақ-өзбек бар екен. Оларды Келеске батырып, өліктерін суға ағызып жібереді. Бұл оқиға қыркүйектің 1-і күні болған.
Қыркүйектің 5-і күні Орынбордан келген арнайы полк пен Ташкенттегі прапорщиктер дайындайтын мектептер курсанттары қосылған 11 зеңбіректі, 16 пулеметті үш мыңдық қол бірінші Ташқазақ уезіндегі қазақтарды жазаламақ болып, Черняевкадан Тұрбатқа аттанады. Мошқал бұл жолы жеті мың жігіт жиып, жазалаушы әскерді күтеді. Ертесіне екі қол Тұрбат пен Алексеевканың (Ленинск) тура ортасындағы Шарбұлақ қырының үстінде кездеседі. Тек шоқпар-сойылдармен және ішінара құс ататын шиті мылтық-тармен қаруланған қайран ержүрек қазақтар, осы жолы отты қарулардың қандай құдіретті екендіктеріне көз жеткізеді. Орыстар 11 зеңбіректен бірдей оқ атып, оттастарын қазақтардың орталарына дөп түсіргенде талай қазақтың денелері құмдай шашылып, қалғандарының төбелерінен жай түскендей болады. Қазақтар сонда да жанкештілікке басып, алға ұмтылады. Жау жағы келесі кезекті сақылдатып тұрып пулеметтерін іске қосқанда, алдағы шептегілер орылған шөптей қиылып түседі. Сөйтіп қолма-қол айқасқа түсе алмаған көтерілісшілер пұшайман жеп, жан-жаққа бытырай қашады.
Жазалаушы отряд одан кейін ауыл-ауылдарды шауып, басшы кісілерді атады, қостаушыларды дарға асады. Бұған қатты назаланған Мошқалдың досы Нұржан болыс жүрек талмасына ұшырап, қайтыс болады. Мошқал, Ағабек болыстар, Естемес, Бектібай билер Өгем тауына барып жасырынады.
Ташқазақты жайпаған сол жазалаушы отряд осыдан соң бір ай ішінде Шымкент пен Бадамдағы, Арыс пен Түркістандағы және басқа жерлердегі көтерілістерді басып-жаншиды. Бүкіл Сырдария өлкесін қанға бөктіріп, үш мыңнан аса адамды қырып салады. Бұған қоса, осы облыс көлемінен 107 кісіні ату жазасына кесіп, 72 кісіні дарға асады. 312 адамды каторгаға айдайды. Сонымен бірге аз да болса дегендеріне жетіп, Сырдариядан алты мыңдай жігітті қазан-қараша айларында батыс майдандағы қара жұмысқа аттандырады. Осылайша, 1916 жылғы бүкіл Қазақстан мен Орта Азияны шарпыған дүмпу біздің өңірді де қамтып, сан мыңдаған адамдардың бастарына зұлмат пен зобалаң туды. Сол зұлмат ары қарайда жалғаса берер ме еді, егер Петерборда ақпан төңкерісі жасалып, патша ұлықтары өз бастарымен өздері әуре болып кетпегенде.
1916 жылғы Қазақстанның басқа өңірлерінде өткен соғыстарды айтпай-ақ, тек Түркістан өлкесіндегі көтерілістің болмыс-сипатын толық қамтысақ, екі-үш роман көлеміне татитын еңбек жазып шығуға болатын еді. Дегенмен осы мақаланың аяғын К.Аманжоловтың: «1916 жылғы көтеріліс шығыс халықтарының отарлық саясатқа қарсы ұзақ дәуірге созылған күресінің жалғасы және биік тұғыры болды. Патша шенеуніктері реформаларынан туындаған – жергілікті халықтың жерін тартып алудың үдеуі, дәстүрлі шаруашылықтың күйзелісі мен құлдырауы, өлкенің тоналуының үздіксіз күшеюі, орыстардың саясатының асқына түсуі сияқты зардаптардың бәрі халық наразылығын шегіне жеткізді» деген пікірімен аяқтасақ, осы сөздерден-ақ көзі қарақты оқырман талай тарихи сырдың астарын оп-оңай түсіне алар деп ойлаймыз.
2. «Жылантақыр» жұты мен кеңес өкіметінің орнауы
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс басылғаннан кейін іле-шала келген 1917 жыл да оңтүстік қазақтарына өте-мөте ауыр тиді. Алдағы уақыттардан мамыражай күн, жарқын заман күтетін жазған қазақ содан бастап қаншама жыл бойы нәубетті шақтарды басынан өткерген деңіз. 1917 жылдың 3-қаңтарында Түркістан генерал-губернаторы Куропаткиннің ІІ-Николай патша ағзамға жіберген (көшірмесі Ташкент мұрағатында сақталған) «...Түркістанда қыс басталғалы бері бір-ақ рет жұқа қар жауды. Аяз да, боранды жел де, ызғарлы суық та болмай тұр, – деп бастаған хатының соңын: – Кейінгі кезде мұндағы ірі-ірі қалаларда «революциялық ауруға» шалдыққандар молая түсуде. Өлкеде сауатты ұлтшылдар көбейді. Ел-елде былтырғы көтерілістің сырқатынан арыла алмай жүргендер сондай ұлтшылдардың үгіт-насихатына еріп, мемлекетке берешек алып-салықтарды төлеуден бас тартып жүр. Егер батыстағы майдан біз үшін жеңіспен аяқталса, солай болатынына кәміл сенемін, ұлы мәртебелім, өткен жылғы 16-шілдеде өзіңіз қол қойған «Түркістан әскери округі соғыс жағдайында» атты қаулының әлі де күшін жоймай тұрғандығын бетке ұстап, мұндағы желіккен басбұзар топтарды тағы бір мәрте тәубесіне келтіріп қоюға рұқсат берсеңіз, алып империямыздың қауіпсіздігі үшін жасалған және бір қадамымыз болып табылар еді» деген сөздермен аяқтағаны – жергілікті халыққа тағы бір зұлматтың жақындап келе жатқанын ұқтырған еді.
Алайда патшаның Куропаткинге қандай жауап жазғаны белгісіз, бір анығы – 1917 жылы ІІ Николайдың да, генерал-губернатордың да тарапынан ел ішіне жазалаушы отрядтар шықпаған. Соған қарамастан, жұрт басына үш қатер бірдей төнген. Оның біріншісі – табиғи жұт, екіншісі – патшаны тақтан құлатқан уақытша өкімет пен оның артынша орнаған кеңестік төңкерісшілерге қарсы патшалық заманды көксеп соғысқа түскен жекелеген орыс отрядтарынан келген қауіп. Үшінші қатер 1918-19 жылдары өлкеде толық жеңіске жеткен кеңес өкіметінің қателік пен кемшілікке толы саясатынан туындаған. Осы үш қатер қазаққа орасан көлемде зиян тигізді. Жалпы, Түркістан өлкесінің халқы үшін, әсіресе осындағы қазақ жұрты үшін 1917 жылдан бастаған қилы кезең тұп-тура жиырма жылға созылып, халқымыздың берекесін қашырып, бүтінін ойрандады. Одан бұрынғы отаршылдық бізге қандай жапа шектірсе, 1917 жылдан бастап тек ел билеу формасы ғана өзгерген, ал билеушілерінің кеуделерінде ұлы орыстық шовинизмнің қалпы мен пиғыл-ниеті сол күйінде қалған кеңестік кезең де қазақтың басына сондай нәубет келтірді. Бұл жәйт көзі қарақты тарихшылардың бәріне белгілі. Ал өкіметтің ауысқанынан үрейлері ұшып, әр-сәрі күй кешкен, қоғамдық өзгерістің мәнісін ұқпай, күллі жұрт аң-таң қалған шақ – аласапыран да алмағайып 1917-18 жылдары қазақты кезекті мәрте сансыратып тастаған көлденең соққан кесепатты жұттың шынайы шындығын көпшілік біле қояр ма екен?
Негізінде, Куропаткиннің патшаға жазған хатындағы «биыл қыс басталғалы бір-ақ рет жұқа қар жауды» деген дерек – осы жұттың басталуынан хабар берген алғашқы мәлімет-ті. Оған қоса, 1980 жылдары 80-90-нан асқан бірсыпыра қариялардың осы жұт жайында айтқан естеліктерін ауызба-ауыз жазып алғаным да, маған оның болмысын тереңірек түсінуге көмектесе түскен. Әсіресе 1975 жылы жүзге таяп барып қайтыс болған өзімнің әжемнің айтқан әңгімесі 1917 жылғы жұттың алапат зұлматын көз алдыма келтіргендей болған. Кейін бұ жайын кеңірек зерттей бастағанымда әжем мен басқа да қариялардың айтқандары жазбалық деректермен ұштасып жататынына айқын көз жеткізгем.
Бұл жұт – халық арасында «Жылантақыр» деген атпен белгілі. Қазақша жыл қайыру бойынша 1917 жылдың көктемінде жылан жылы басталған. Осы жыл кірмей жатып-ақ табиғат жарықтық жылдағы қалпынан өзгеріп, қыс бойы қар, ал көктем бойы бір тамшы жаңбыр жаумаған. Мамыр айының ортасында-ақ күн жазғы шілдедегідей қатты ысып, көктесін шөп құрап, бидай піспей күйіп қалған. Содан қарашаға дейін ыстық бір қайтпай, дала төсі қурап кеткен. Сулы делінетін тау өлкесінің өзі осындай күйге түскен. Тау-тасқа жақын отырғандар құз-шыңдар мен шатқал түптеріне тығылса да, аптап ыстықтан жандарын қоярға жер таппай қатты қиналған. Ашық һәм жазық даланың тұрғындарының малдары бозы күйіп кеткен даладан тістем шөп таппай, қырыла бастаған. Созақ пен Жаңақорғанның, Шәуілдір мен Сарысудың, қазіргі Жамбыл облысына қарасты Талас пен Шу аудандарының ұлан-ғайыр жазық далаларында отырған қазақтардың құдықтарынан су тартылып, мал мен жан аштықпен қатар шөлден де өле бастаған. Ол жақтарды жан-жаққа үдере көшу белең алып, бірі Арқа жаққа асса, бірі Алатауға қарай жылжыған. Енді бірі суы мол Сыр мен Арыстың, Талас пен Шудың бас жағына бет түзеген.
Күзде де жаңбыр жаумаған. Желтоқсан айында өзен жағасындағы атыраптардан басқа бүкіл оңтүстік даласы шөпсіз, бозсыз қу тақырға айналып, шаңға бөккен. Қырсық пен кесепат бір айналғанда шыр айналып, 1918 жылдың қысы да қар-жаңбырсыз өткен. Менің жүз жасаған әжемнің: «Ең кіші қызым Озипа (1915 жылы туылған) үш жасқа қараған жылан жылғы тақырда (жұтта) қысқы шілдеде қырдан тезек теріп жаққанбыз» деп айтқаны осы жұттың көрінісі. Құдай көктен бермегесін, жер-дүние қурап, тақырға айналғандықтан, қазақ осы жылан жылғы жұтқа «Жылантақыр» деп ат қойған. Т. Рысқұловтың «1917-18 жылғы жұт пен ашаршылықта Түркістан республикасына қарасты қазақтардың 500 мыңдай адамы, 3 миллиондай малы қырылды...» деп жазғаны осы зұлматтың ақиқаты.
Дәл сол кезде өкімет ауысып, бірі – қызыл, бірі – ақ болып, билікке таласып соғысқан құзырлы орындардың аштық пен жұттан қырылып жатқан адамдар мен малдарды сақтап қалуға мұршалары болмай, өз бастарымен өздері әлек боп кеткен. Осындай аласапыран уақытта жұттан құрбан болғандардың нақты санын алып, оны жазбалауға ешкімнің де шамасы болмаған-ау. Әйтсе де, Шымкент облмұрағатында мынадай мәлімет сақталған: «Сырдария облысында 1917 жылы 3 млн. 898 мың төрт түлік болған. Екі жылдан кейін, яғни 1919 жылы олардың саны бір жарым миллионнан сәл-ақ асқан».
1917 жылы Түркістан өлкесінің бес облысындағы қазақтардың саны 2 миллион 701 мың 677 адамды құраған. Оның 1 миллиондайы Сырдария облысында, 810 мыңдайы Жетісу облысында тұрған. Қалғандары – Ферғана, Самарқан, Закаспий (қазіргі Түркімен жері мен Қазақстанның Маңғыстау аймағы) облыстарына тиесілі. Ал 1920 жылы Сырдария 875 мың, Жетісуда 415 мың қазақ қалған. Қырылғандардан бөлек екі облыстан бастапқы санның 70 мыңдай адамы Қытай мен Өзбекстанға, Қырғызға асып кеткен.
Бір ғажабы, «Жылантақыр» жұты бүкіл Қазақстанды емес, тек оның оңтүстік өңірлерін, атап айтқанда, қазіргі Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматының Талдықорғанға дейінгі жерін, Қызылорданың солтүстік аудандарын және Ташкент пен Жызақ өңірін қамтыған. Айтушылардың сөзіне қарағанда, бұл жұтта тау сағалап, өзен жағалағандардан гөрі жазық далада, шалғай мекендерде қоныстанғандар опатқа көп ұшыраған. Мұны өзбек тарихшыларының шығармалары жинақталған «Орта Азиядағы төңкеріс» атты жинағындағы «Төңкерістің алғашқы жылында өзбек жерімен шекаралас отырған Жызақ қазақтарының көп адамы мен малы аштық пен жұттан қырылды» деп жазған жазбасы да куәландырады. (Жинақ 1.Ташкент. 1962).
Осы тұста бір айта кететін жәйт, базбір зерттеушілер қуаңшылық пен жұттан туындаған ашарщылық күллі Қазақстанды 1921-22 жылдары жайлады деген пікірден әлі күнге дейін таймай келеді. Олардың сол жылдары Орталық Қазақстанда болған оқиғаларды күллі Қазақстан шегіне теліп жіберетін әдеттерінен еш айнымайтыны да көңіл құлазытады. Ақиқатында, 1921-22 жылдардағы қуаңшылық пен жұт – қазіргі Ақмола, Қарағанды, Жезқазған, Семей өңірлерін және Өскеменнің оңтүстік, Ақтөбе, Атыраудың шығыс аудандарын қамтыған. Бұл уақытта Қазақстанның қиыр солтүстігі мен Маңғыстауда, Оралда, ҚазАКСР астанасы болып тұрған Орынбор аймағында және Алматы мен Оңтүстік Қазақстанға жататын облыстарда аталмыш зұлмат болмаған.
Не десек те, 1917 жылдың көктемінен 1918 жылдың көктеміне дейін тура бір жыл оңтүстік өлкеде алапат жұттан ел тозып, жұрт азған. Одан кейінгі жылдарда аспаннан нұр жауып, ел мен жер тойынса да, өлкені төңкеріс дауылы шарпып, жұрттың тірлігінің астаң-кестеңін шығарған өліара кезең халыққа мамыражай заман сыйлай қоймаған. «Жылантақырдан» қалған зардап пен өзгерген қоғамның берекесіз кезеңі кесірінен аштық екі-үш жылға созылған. 1918 жылы Ташкентте құрылған Түркістан республикасының комитеті жанынан аштықпен күрес басқармасы құрылып, оған Т. Рысқұловтың жетекшілік жасағаны осының айғағы. Ең өкініштісі, осы жұт пен оның шынайы кесапаты туралы әлі күнге дейін бір де бір арнайы зерттеу еңбек жазылған емес.
«Жылантақырмен» бірге келген ұлы қазан төңкерісі – барлық тарихи мағлұматтар бойынша біздің өлкеде анау айтқандай қиыншылықпен орнамаған. Қызылдар өкімет басына кез келген. Дегенмен Ташкент пен оның төңірегінде, Шымкент пен Жетісуда болған кейбір соғыстарды айтпай кетуге болмас. Түркістан генерал-губернаторлығы 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін тараған. Керенский бастаған уақытша үкімет оның орнына өлкені басқару жөнінде туатын мәселелердің барлығын жергілікті жерде шешу үшін өзінің өлкелік органы ретінде Түркістан өкіметін құрады. Кеңес өкіметі орнаған тұста Түркістан өлкесінің автономиялы болуын қалаған Мұстафа Шоқай Қоқан қаласында Түркістан автономиясын құрып, оның төрағасы болады. Бұл республиканың, яғни М.Шоқайдың басты мақсаты – Түркістан өлкесіндегі халықтар өзін-өзі басқаруға қол жеткізіп, Ресей әміршілерінен бөліну еді. Алайда қызылдар Түркістанның дербес немесе автономиялы республика болғанын қаламады. Ташкенттегі қызыл өкіметтің басына келген орыс большевиктері 1917 жылы қарашаның аяғында өткен түркістандық большевиктік кеңестердің ІІІ съезінде тұрғылықты халықтың өкіметке қатысу құқығын шектеді. Ташкенттегі орыс большевиктері мен қауымы Түркістан автономиясының болуына ғана қарсы болып қойған жоқ, түркістандықтардың өздерімен тең құқылы болуына да шектеу қойып бақты. Дегенмен сол жылдың 2-желтоқсанында Қоқан қаласында Сырдария, Жетісу, Ферғана, Самарқан облыстық комитеттерінен делегаттар жиналып, құрылтай өткізеді. Құрылтайда Ресей құрамынан тыс Түркістан автономиясы құрылғаны туралы шешім жарияланады. Бірақ бұл республика ұзақ өмір сүре алмайды. 1918 жылдың басында Ташкенттегі большевиктер комитеті «Түркістан автономиясын қолдаймыз» деді де, бір айдан соң Қоқан қаласын қоршауға алды. Олар М.Шоқайға «Түркістан автономиясы кеңес әкімшілігін танып, оған бас исін» деп талап қойды. Бұған М.Шоқай көнбейді. Содан ақпан айында Қоқан қаласы большевиктердің шабуылына ұшырап, Түркістан республикасы құлайды. Бірақ мұны кейінгі кеңес тарихшылары кекесінмен «Қоқан автономиясы» деп атады және көптеген тарихи әдебиеттерге сол атаумен кірді. Негізі ол – Түркістан өлкесі халықтарының азаттығы мен бостандығы мақсатында құрылған алғашқы Түркістан автономиялы республикасы еді.
1918 жылдың 30-сәуірінде кеңестер съезі РСФСР-дің құрамына кіретін жаңа Түркістан кеңестік автономиялы республикасын құру туралы қаулы қабылдады. Оның астанасы Ташкент болып қала берді. Жаңа құрылған Түркістан республикасының басшыларының бәрі орыстардан тұрып, оған бір де бір мұсылман өкілі кіргізілмеді. Түркістан халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Колесов, Орталық атқару комитетінің төрағалығына Кобезев деген орыс большевиктер сайланды. Бұл кезде жергілікті жұрт «Жылантақыр» жұтының зардабын қатты тартуда болатын. Түркістан үкіметінің құрамында белді орындарды әлі иелене алмаса да, жаңа автономияның басшылары арасында белгілі тұлғаларға айнала бастаған Т. Рысқұлов пен С. Қожанов жоғарғы басшылық алдына ашыққан қазақтарға көмек көрсетулерін өтініп, бірнеше ұсыныстар тастады. Орыс большевиктері бұлардың өтініштеріне бірден иіліп, құлақ аса қоймады. Тіпті, басшылық құрамда биік лауазымды иеленген Тоболин деген большевик бір жиында: «Біз ақшаны ашыққан қазақтарға емес, революцияға қауіп төндірген ақгвардияшылармен күресіп жатқан қызыл армияның мұқтаждарына жұмсап, оның күшеюіне көмектесейік. Бұлар (қазақтар дегені) бәрібір орыс пролетариатының қатарына қосыла алмайтын сауатсыз да дүниетанымы әлсіз халық. Оларды аман сақтап қалғанымызда табар пайдамыз қайсы...» деп шовинистік пиғылын ашық айтқан. Бұған Рысқұлов: «Тоболин жолдас «керемет пролетариат» екен-ау. Жарайды, жұттан қазақтардың бәрі, олармен қоса Ташкент, Жызақ айналасындағы 40-50 мың ашыққан өзбектер де қырылсын дейік. Сонда Тоболин жолдас сол қазақ-өзбектер төлеген салық есебінен үкімет қазынасына жиналған қаржы мен азықтың арқасында аман қалған Ташкенттегі бір шоғыр орыстармен ғана автономияны сақтап қалмақ па? Халықсыз республиканы Тоболин жолдас көз алдына келтірмесе, басқа сауатты большевик мұндай пікірден аулақ екені даусыз. Халықтың жағдайын жасамасақ, оны сақтамасақ, онда несіне социалистік республика құрдық?» деп тойтарыс берген.
Тоболиннен 1882 жылы Тамбовтан Ташкентке жер ауып келген мұжықтың отбасында дүниеге келіп, осы шаһардағы қазақтар арасында өскен, осы шаһардағы мектеп пен әскери училищені бітірген, 1912 жылдан большевиктер партиясының мүшесі, Түркістан АКСР-ның алғашқы ОАК төрағасы Кобезев те қалыспаған. Қазақтардың мінезін әрі 1916 жылғы көтеріліс тарихын жақсы білетін ол: «Азиядағы ең азулы халық – қазақтар. Біз қолымыздан келгенше, оларға білім бермеуге және қазіргі соғыс тәсілі мен озық қаруларды қалай қолдануды үйретпеуге тырысуымыз керек. Өйткені қазақтар басқа түркілерге қарағанда заманға бейім. Бұлардың арасында батырлар да, алғырлар да көп. Егер білім сен соғыс тактикасын жағынан бұлар орыспен теңессе, бізге үлкен жау. Ал оларды үкімет басына отырғызу – тіптен қауіп» деген. Иә, жер ауып келген кедей келімсектің өмірінде Ресейде болмаған ұрпағының көкірегіне мұндай шовинистік пиғыл қалайша біткен деңіз...
Түркістан кеңестік республикасында баяғы патша кезіндегідей – Сырдария, Жетісу, Самарқан, Ферғана, Закаспий сияқты бес облыс сақталынып қалды. Осылайша, Лениннің көзі тірі болса да, Түркістанда оның ұлттардың өзін-өзі билеу принципіне сай жазылған қағидасы жүзеге аспай, өлкені басқару ісі өзге ұлт өкілдерінің қолында қалды. Олар өздерінің билік кезеңінде жергілікті халықтың мұң-мұқтажына аса көңіл бөле қоймады. Мұндай ұстаным жергілікті ұлттар көсемдерінің ашу-ызасын тудырды. Олар кеңес өкіметіне жаны қас топтармен бірігіп, 1919 жылдың 19-қаңтар күні түнде Ташкенттегі кеңес өкіметінің басшыларын қырып салды. Өлтірілгендердің ішінде Колесов та, Кобезев те, Тоболин де бар еді. (Ташкентте алдыңғы екеуінің атындағы екі көше және ОҚО Сарыағаш ауданындағы бір үлкен ауылдың аты Тоболин атымен аталып, 1990 жылдардың басына дейін тұрды).
Хиуа мен Бұқар республикасының ішінен де кеңеске жаулар табылып, нәтижесінде Түркістанға шын қауіп төнді. Шымкент пен Әулиеата маңында әлі құрымай, әр жерде жасырынып жүрген патша офицерлері өздеріне дереу жақтастар тауып, саны 300-ге жететін отряд құрды да, Ташкентке жетуге асықты. Олар алдымен Шымкент совдепіне шабуыл жасады. Совдеп төрағасы мен біраз қызметкерлерін өлтірген олар, қазіргі Шымкент-Ташкент тас жолының бойымен Ташкентке жылжиды. Оны Осипов деген штаб-капитаны басқарды. Осиповтың отряды жол бойындағы Ақтас ауылына жақындағанда алдарынан капитан Маршель бастаған 100 қолдық қызыл отряд кездеседі. Екі сағаттық атыстан кейін қызылдардың қатары селдіреп, кейін шегінеді. Маршель тірі қалған адамдармен Рабат ауылына барып тығылады. Оны өкшелеп келген Осипов Маршельдің сарбаздарын үйді-үйдің арасымен қуалап жүріп, қырып салады. Он шақты қызыл әскер Қазығұртқа қарай қашады да, ары қарай Жаңабазар арқылы Ташкентке тартады. Бірақ Қақпақ алдында оларға қарсы кездескен бір топ қызылдар отрядты түгелімен жойып жібереді.
Дәл осы кезде Түлкібас пен Арыс депосында жергілікті қызыл өкіметке қарсы екі көтеріліс бұрқ етті. Ванновкада өздерін орыс патшасының ізбасарымыз, патша билігінен басқа ешқандай билікті мойындамаймыз деп бас көтерген шағын отряд (құрамында 41 адам бар) алдымен Түлкібас стансасын басып алып, екі күн бойы темір жолдан бір де бір пойызды өткізбей қояды. Үшінші күні Әулиеата совдепінің көмегімен құрылған халық жасағы келіп, ол отрядпен бір күн шайқасады. Еш жақтан көмек келмеген ванновкалық ақтар ақырында жеңіліске ұшырайды. Ал Арыс депосында бұрындары ылғи ішкі Ресейден келіп, қазақ даласына орнығып, әбден байыған орыс мұжықтарынан құралған топ 13 күн бойы қызыл өкіметке бет бұрған жергілікті қазақтардың бас көтерерлерін аяусыз жазалайды. Ол топты түбі орынборлық казак Алексей Обручев деген көпес басқарады. Алексейдің атасы Дмитрий бұл маңға 1872 жылы бір топ қарашекпен мұжықтармен ауып келген жатақ болатын. Дмитрийдің дәрілік шөптерді жақсы танитын қасиеті болған. Арыс жағасының қазақтары емдік шөп ретінде пайдаланып жүрген дермене өсімдігінен бірнеше дәрі жасап шығаруға болатынын білген ол, отаршыл өкіметтің үстемдігі арқасында Қараспан, Ақдала төсіндегі дермене өсетін алқапты өз иелігіне айналдырып алады. Сөйтіп, жергілікті қазақтарға дермене жинатып, Ресейге аттандыратын ірі кәсіпкер болады. Кейін Шымкентте дәрі шығаратын Сантонин (Химфарм) зауыты ашылған кезде оған шикізат ретінде дермене жіберетін бірден бір ірі көпеске айналады. Ол қоныстанған Қараспан ауылы 1888 жылдан бастап, оның құрметіне Обручевка селосы деп аталады. Обручев өзінің жақын серігі Мамаев деген отандасымен бірігіп, кезінде сол алаптағы қазақтарға шектен тыс қысым көрсеткен. Талай қазақты атып, талайын туған жерден бездіріп жіберген. Ең өкініштісі – сол маңдағы екі ауыл осы екі қанішердің атымен күні кешеге дейін аталып тұрды (Обручевка, Мамаевка).
Міне, сол Дмитрийдің немересі, Ташкенттегі прапорщиктер дайындайтын мектептің түлегі, Шымкент уезді жандармериясының аға офицері, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде Арыс пен Түркістанда бас көтерген қазақтарды аяусыз басып-жаншыған жазалаушы отрядтың командирі Алексей, 1919 жылдың қаңтар айында Арыс қаласы мен маңындағы қазақтарды 13 күн бойы қанға бөктірген. Ақ, қызыл боп соғысқандардың кесірінен Шымкент, Арыс, Ванновка маңындағы ғана емес, Түркістан өңірінде де жазықсыз қырылған қазақтар көп болған. Шымкентте Осипов, Арыста Обручев, Ванновкада Ильин бастаған патша сарқыншақтары қолдарына қару ұстап, кеңес өкіметіне қарсы шыққан кезде Түркістанда Евсеев деген поручик бастаған 52 адамдық ақтар қолы қаланы басып алған. Олар да оншақты күн қаланы өз дәргейінде ұстаған. Обручев та, Евсеев те пойыз жол арқылы Ташкенттен өздеріне көмек келеді деп күткен. Әу бастағы олардың көтеріліс жоспарлары солай болған. Бірақ Түркістанға да, Арысқа да Ташкенттен көмек емес, Қызылорда жақтан қызыл отрядтар келген. Әскери және саяси маңызы бар темір жолдарды ұстап тұру – қай өкіметтің, қай басқыншының болса да ең үлкен мұраты. Қызылдарды құлатып, билікті қолдарына қайта алуды мақсат еткен патша сарқыншақтарының ең бірінші тек темір жол өтетін елді-мекендерді басып алуды ойлап, көтеріліс бастағандары – осы мұраттан туса керек. Алайда халықты өз ырықтарына тез көндірген қызылдар сол шайқастарда, бәрібір, жеңіске жеткен. Қызылордадан жеткен қызыл отряд алдымен Түркістандағы Евсеевтің отрядын жойған. Отрядынан айрылған Евсеев үш адамымен бір паравозға мініп, Арысқа қашады. Арысқа жеткенде Обручев отряды Ташкенттен келген қызылдармен соғысып жатқанының үстінен түседі. Обручев тобының да қатары сиреп, түгі қалмауға айналған екен. Станса түбінде қызылдармен атысып отыра берсе, түбі өліп немесе қолға түсіп қалатындарына көздері жеткен Обручев пен Евсеев атқа мініп, Ақдалаға қарай қашады. Арттарынан оларға әбден қандары қарайған жергілікті қоңырат руының бір топ қарулы адамдары түседі. Екі офицер жолда ағып жатқан Арыстың жағасына келгенде, қанша қамшыласа да аттары суға түспей, ит-әуреге салады. Осы мезет арттарынан қуып жеткен қазақтар алдымен Евсеевті атып өлтіреді де, Обручевті жарақаттап аттан құлатады. Сосын оның қол-аяқтарын қылышпен шауып, шала жансар күйінде Арысқа лақтырып жібереді...
1917-18-ші және одан кейінгі жылдары Оңтүстік Қазақстан жерінде Кеңес өкіметінің орнауы мен оның нығаюы – Жетісу жеріндегі екі-үш үлкен соғыстарды қоспағанда, жалпы орасан аумақты қамтыған шайқастармен астасқан жоқ. Ішінара, онда да жоғарыда біз айтып өткен белгілі бір өлкелерде ірілі-ұсақты бірнеше қақтығыстар орын алғанымен, тұтастай айтқанда, біздің өлкеде бұл өкімет тез орнады әрі оңай билікке жетті.
1918 жылдың 30 сәуірінде РСФСР-дің құрамына кіретін Түркістан социалистік автономиялық республикасы құрылған кезде оған қараған Жетісу мен Сырдария және Закаспий облысының (қазіргі Маңғыстау) жерлері ежелден-ақ қазақтардың ата-қонысы еді. Кеңестік больщевиктер баяғы патша кезіндегі Түркістан генерал-губернаторлығына қараған өңірлер мен облыстарды сол қалпында қалдырып, оның тек атын ғана өзгертіп, кеңестік республикаға ғана айналдыра салды. Мұнда да баяғыдай ұлт мүддесі ескерілмеді. «Әр ұлт өзін-өзі билеуге құқылы» деген Ленин қағидалары іске аспады және бір жылдан кейін, яғни 1920 жылы 10-шілдеде «Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару жөніндегі революция-лық комитет туралы уақытша ережеге» қол қойылғанымен, 1920 жылы 26-тамызда РСФСР халкомкеңесі төрағасы Ленин мен БАК төрағасы Калининнің ҚазАКСР-ды құру туралы декретті бекіткенімен, патша кезінде әр генерал-губернаторлыққа бөлініп кеткен қазақ жерлері бір республикаға біріге алмады. Түркістан республикасының басшылары Т.Рысқұлов, Ю.Алиев, Ю.Ибрагимовтер алғашқыда Түркістанды өз алдына дербес түркі республикасы етуге талпынды, кейін мұндағы ұлттарға қарай әр республикаға бөлу керектігін қайта-қайта көтергендерімен, ұсыныстары қабылданбай тасталынды. Сөйтіп қазіргі Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Талдықорған, Қызылорда, (Ташкент облысының шығысы мен түстік жерлерін және Жызақ аймағын) облыстарын қамтитын қазақ жері – Сырдария және Жетісу облыстары болып, 1924 жылға дейін Түркістан республикасына қарап келді. Түркістан республикасына қырғыз жері түгелімен, тәжік және түркімен өлкелерінің жарым-жартысы, өзбек жерінің Ферғана, Ташкент өлкелері түгелімен, Қашқадария, Сухандарияның біршама аймағы кірді. Арғы жағында Бұхара мен Хорезм кеңестік социалистік республикалары жатты.
Түркістан республикасы кезінде Сырдария облысы бұрынғыдай – Әулиеата, Қазалы, Ақмешіт(Перовск), Ташқазақ (Ташкент), Түркістан, Шымкент, Мырзашөл сияқты жеті уезден, Жетісу облысы да – Қапал, Жәркент, Лепсі, Талғар, Ұзынағаш, Бақанас, Балқаш тәрізді жеті уезден тұрды. Патша кезінде осы уездер ауыл сандарына қарай болыстықтарға бөлінсе, кеңес уақытында да осы құрылым сәл ғана өзгертіліп сақталынды. Бұрынғы болыстықтар болыстық кеңестерге айналды. Әр болыстық кеңеске 5-тен 10-ға дейін ауылдар кірді.
Алғашқыда облыстық басшылық орган – облыстық төңкерістік комитет деп аталды. Оны басқарған адам – облыстық төңкеріс комитетінің комиссары, уездік төңкерістік комитет басшысы – уездік төңкеріс комитетінің бастығы делінді. Болыстық кеңестер – ресми құжаттарда болыстық атқару комитеті (болатком) деп тіркелді. Осы болатком төрағаларын халық жалпақ тілмен «кедей болыс» деп атады. Мәнісі – кедейден шыққан болыс деген мағынада. 1921-22 жылдары уездерде кедейлердің тұрмысын жақсарту, оларды жаңа кеңестік қоғам мен еңбекке баулитын мақсатты көздеген «қосшы одақтары» құрылды. Әр ауыл әртелге немесе жер өңдеу серіктестігіне (ТОЗ) айналып, бірлесіп еңбек етудің жолына түсті. Бұрынғы байлар – «байлар шаруашылығы» деп аталып, социалистік жүйеге сай шаруашылықтарға айналды. Яғни, әр бай өзіне жұмысшы алып, оларды асырауға, жалақы төлеуге, мұң-мұқтажын шешуге, сондай-ақ жыл сайын табысынан белгілі бір мөлшерде мемлекетке салық төлеуге міндетті болды. «Қосшы одағына» ылғи кедей таптан шыққан өкілдер тартылды. Олардың өкімдері болыстық кеңес төрағалары тәрізді белгілі бір аумаққа орналасқан 5-тен 10-ға дейінгі әртелдер мен серіктестіктерге жүрді. Тіпті олар «байлар шаруашылықтарына» да өктемдік жүргізді. Алайда 1928 жылға дейін «байлар қожалығы» оларға көп жағдайда бағына қоймайды. Себебі сол кезгі тәртіп бойынша, «бай шаруашылығының» иесі тікелей уездік комитеттің бастығына ғана есепті еді.
1924 жылы Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанда үлкен өзгеріс болды. Ұлттардың шекарасын межелеу ақыры іске асып, 14-қазан күні Түркістан, Хорезм, Бұқара республикалары таратылды. Олардың орнына Өзбек КСР-і (құрамында Тәжік АКСР-і), Түркімен КСР-і, РСФСР құрамында Қырғыз АКСР-і құрылды. Жетісу мен Сырдария және Қарақалпақ автономиялы облысы ҚазАКСР-інің құрамына кірді (Ол 1926 жылы РКФСР құрамыны, ал 1932 жылы Өзбекстанға өтті). Бұрын Сырдария облысына қарап келген Ташкент пен оның айналасындағы қазақтар жайлаған көптеген елді-мекендер коммунистердің солақай саясатының кесірінен Ташкентпен қоса, Өзбек КСР-ына қалдырылды.
1925 жылдың басында Қазақстандағы облыстар губернияларға айналдырылды. Сырдария облысында уездер сол күйінде қалғанымен болыстық атқару кеңестердің сандары қысқартылып, көбісі біріктірілді. Облыстық комиссариаттар жойылып, орнына губерниялық комитеттер құрылды. Болыстық комитеттер сол күйлерінде қалды. Әр болаткомға қарайтын ауылдар нөмірленді. «Қосшы одақтарының» рөлі күшейе бастады. Әртел мен серіктестіктерден, «бай қожалықтарынан» тұрақты түрде үлес алып, еңбек тапқан кедей-жатақтың тұрмысы күн өткен сайын жақсара түсті. 1927 жылы Сырдария губерниясындағы қазақтардың саны 1 млн. 300 мыңға, мал саны 6 млн. 680 мыңға жетті. Әлбетте, бұл сандар көңіл тоғайтарлық-ақ еді.
1925 жылы Қазақ өлкелік партия ұйымына басшы болып келген күннен бастап, «Қазақ даласында қазан төңкерісі болмаған, тек оның самалы ғана шарпып өткен. Сондықтан да қазақ даласында қалайда «Кіші қазан» төңкерісін жасауымыз керек» деп оттаған сұмырай Голощекин төрт жылдан кейін ақыры өз ойын іске асыруды қолға алды.
1928 жылдың басынан бастап Голощекин республикалық екі –«Еңбекші қазақ» пен «Советская степь» газеттеріне байларды тәркілеудің аса қажеттігі туралы сан қилы мақалалар жариялап, күн құрғатпай радиодан хабарламалар жасап тұрды. Соның алдында бүкіл одақ бойынша губерниялар тарап, олардың орнына округтер құрылған болатын. Сырдария губерниясының орнына Қызылорда және Сырдария округтері құрылды. Уездер тарап, аудандар пайда болды. Жаңадан құрылған Сырдария округінде 3 қала, 21 аудан, соларға қарасты 567 ауылдық, қышлақтық және селолық кеңестер құрылды. Округты – окруктік комитетінің бастығы, аудандарды жауапты хатшылар басқарды. Округтар мен аудандар құрылып болған соң 1928 жылы 27-тамызда Голощекин Халкомкеңесі мен ОАК атынан аса маңызға ие деген атпен декрет шығартқан. Ол декрет «Аса ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды кәмпіскелеу және жер аудару туралы» деп аталды.
Ал содан қазақ даласында келесі бір аласапыран басталып кеп берсін. Декрет шыққан күннің ертеңіне-ақ бүкіл Қазақстандағы округ пен аудан орталықтарында партия жиналыстары ұйымдастырылып, бір аптаның ішінде жергілікті ОГПУ, НКВД, үштік комитеттердің мүшелеріне қай ауылда қанша «бай шаруашылықтары» және оларда қанша мал-мүлік бар екенін анықтау тапсырылған. Қаулы бойынша тәркіленетін «байлар шаруашылығын» 2 топқа бөлген. Барлық мал басы 3000-нан асқандар – 1-топқа, 500-ге дейін малдары барлар 2-ші топқа жатқызылған. 1-ші топтағылардың мал-мүлкі кедей-кепшік пен колхоздар меншігіне өткізілуімен қатар феодал ретінде сотталуы немесе жер аударылуы тиіс-тұғын. Шымкент облмұрағатындағы деректер бойынша, Сырдария округіндегі 1928 жылы кәнпіскеленген 1-ші топтағы байлардың саны – 89, 2-ші топқа жатқызылғандардың саны –202. Бұл жұмыс 1930 жылға дейін жалғасты. Нәтижесінде бір ғана Сырдария округінен 627 адам тәркіленіп, 322 адам жер аударылған. Оның 7 жетеуі ату жазасына кесіліп, 19-ы он жылдан аса уақытқа сотталған. Кәнпіскеге тек мал ғана емес, байлардың мүліктері мен киімдері, жіп-арқан, ер-тоқымдары, тіпті әйелдерінің әшекей бұйымдарына дейін іліккен. Кешегі «қосшы одағына» мүше болғандар залым белсенділерге айналып, байдың туыстарын да, жер аудартып, ең соңы – он қой, екі сиыры барларды да бай санап, елден бездіріп жіберген. Ел ішінде әлі де болса «шолақ белсенді» деп айтылып жүрген атау сол кезде қалыптасқан.
Сол жылдары бүкіл Қазақстан бойынша, 23 мың адамның мал-мүлкі тәркіленген. Олардың 5531 ірі бай-кулактың қатарына жатқызылып, жер аударылған, 221-і ату жазасына кесілген. Шолақ белсенділердің аярлығы сондай, байлардың арасында да жақсы-жамандары бар екенін сараламай, бәрін қуғынға ұшыратқан.
Бір таңқаларлығы, мұрағаттарда 1928 жылы қазақтан басқа ұлт өкілдері байларының дүние-мүлкі тәркіленгені жайында мардымды дерек жоқ. Басқа жақты қайдам, дәл сол жылдары Шымкентте Власов Федор деген көпестің иелігінде үш диірмен, жеті дүкен, май, сабын, сыра және арақ қайнататын үш кіші зауыты, мауыты-шұға тоқитын бір фабрикасы, Әбдікәрімов Тілләқожа атты сарттың бес дүкені, аяқ киім тігетін екі үлкен шеберханасы, төрт диірмені, төрт шәйханасы, алты наубайханасы, Суха Медведь ныспылы жөйіттің бұл екеуінен де көп шағын кәсіпорындары болған. Бұлардың мүліктері қалай тәркіленді? Ол жайында бір дерек жоқ...
Қалай десек те, 1928 жылдан кейін қазақ өте үлкен зұлмат пен қауіп алдында тұр еді. Ол – адамдар соғыссыз, майдансыз қырылатын алапат зобалаңды шақ-тұғын.
3. 1931-33 жылдардағы ашаршылықтың зардабы қандай болды?
Қазақ міллетінде қарғыс атқыр Голощекиннің қолдан ұйымдастырған ашаршылығы 1931-32 жылдары қатты белең алды десек те, ол зұлматтың басы 1930 жылдың жазы ауа басталып, зардабы 1934 жылдың аяғына дейін созылған. Мысалы, 1930 жылдың соңына дейін-ақ, Қазақстанда 313 мың адам аштықтан көз жұмды. 1931 жылы 855 мың адам, ал 1932 жылы 969 мың адам ашаршылық құрбанына айналды. 1933 жылы 325 мыңнан аса қазақ тағы шейіт кетті. Осы жылдары 1 миллионға жуық қазақ шетелдерге асқан. Сонда есептеңізші, айналасы екі-үш жылдың ішінде қанша қандасымыз опат кетті немесе жат жерге ауды? 2 миллион 450 мыңның шамасындағы адам аштан өлген. Оған жер ауған 1 миллионды қоссақ, зұлмат жылдары қазақ даласы өз иесі боп есептелген тұрғындардың өлісі-тірісі бар 3миллион 450 мыңдайынан айырылған.
Десек те, 1930-33 жылдардағы қазақ даласында өткен ашаршылық нәубеті кезінде опат болған адамдардың саны жөнінде әр түрлі мағлұмат бар. Белгілі демограф ғалым Мақаш Тәтімов сол жылдары 2 миллионан аса қазақ қырылып, 600 мыңнан аса қазақ басқа республикаларға жер ауып кетті десе, айтулы ғалым Манаш Қозыбаев 1 млн. 750 мың қазақ шейіт кетіп, 400 мыңдай жан өзге жерлерге көшіп кеткен дейді. Білгір тарихшы Талас Омарбеков ашаршылықта қырылған қазақтардың жалпы саны 2 млн. 700 мыңнан кем емес деген пікірді алға тартады. Бұлардан өзге зерттеушілердің тұжырымдауларынша да сол кезде орын алған қазақ шығыны 2 миллионнан кем түспейді. Бірақ көп жыл бойы осы тақырыпты арнайы зерттеген біздің тұжырымымыз жоғарыдағыдай.
Қалай десек те, бір жарым жылдың ішінде қазіргі Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары тұрғындарының санына парапар халықты (қазақты) жоқ қылған сол ашаршылықтың нәубеті мен зұлматы сұмдық болғаны анық. Бір әттең-айы, ашаршылық кезеңін зерттеушілердің барлығы сол зұлматтың неліктен Қазақстанның барлық өңірінде бірдей белең алып кеткендігіне нақты жауап бермей келеді. Бергеннің өзінде, ашаршылық алдындағы өткен бай шаруашылықтарын тәркілеу мен колхоздастыру кезеңіндегі асыра сілтеуге байланысты деректерді тізбектеп, аталмыш зұлмат сонда жүргізілген солақай саясаттың әсерінен туындап кеткен деген пікірді бірінен соң бірі қайталайды. Расында, ашаршылықтың туындауына жаппай ұжымдастыру кезіндегі солақай саясат әсер етсе де, оған ықпал еткен басқа да себептер мол-ды. Сондықтан да колхоздастыру факторы ашаршылықтың туындауына әсер еткен көптеген себептердің бір тармағы ғана. Өйткені Қазақстанда «бай шаруашылықтары» мен әртел-серіктестіктерді жойып, олардың орнына әр ауылдағы еңбекші тап бірлесіп еңбек ететін колхоздарды (ұжымдық шаруашылықтарды) ұйымдастыру 1828 жылдан бастап шындап қолға алына бастағанымен, шын мәнінде біздің елде колхоздастыру тәртібі 1922 жылдан басталған. Бірақ бұл процесс 1926 жылға дейін өте баяу жүрген. 1924 жылы Сырдария мен Жетісу облыстары Түркістан республикасы құрамынан ҚазАКСР-ына берілген кезде Сырдария губерниясында Мақтарал совхозы (кеңестік шаруашылық) ашылған. 1925 жылы бұл губернияда жеті колхоз ұйымдастырылған.
Содан бастап колхоздарды құру жүйесі өте баяу қарқынмен жүрсе де, бәрібір, 1927 жылы бүкіл республика көлемінде колхоздар саны 1072-ге жеткен. 1928 жылы оның саны – 2354-ті құраса, 1929 жылы 4876-ға дейін өскен. (Олардың 611 Сырдария мен Жетісу губернияларына тиесілі) Колхозтыру процесі жылдам жүргізіліп, 1930 жылдың қысының аяғына қарай Қазақстандағы барлық шаруашылықтардың 65 проценті коллективтендірілсе де, бұл уақытта елде ашаршылық бастала қоймаған. Бірақ осы жылдың күзіне салым түрлі себептерге байланысты аталмыш зұлматтың алғашқы белгілері білініп, шалғайда жатқан ауылдардың адамдары опатқа ұшырай бастаған. Осы фактілерден, жағарыда айтқанымыздай, ашаршылықтың лезде ел ішін жайлап кетуіне тек колхоздастыру кезіндегі жіберілген кемшіліктер ғана себеп болмағанын айқын көруге болады. Сонда оның туындау негізі мен ел арасында бірден жаппай белең алып кетуінің басқадай қандай сырлары бар еді дейсіз ғой. Алдымен арғы тарихқа бір сәт көз салайық.
Қазақ өз алдына міллет болып, ірге көтерген 1456 жылдан 1865 жылға дейінгі аралықтағы төрт ғасырдан астам дәуірде, нақтысы, 409 жыл ішінде ылғи жан-жақтан анталаған жаудың бетін, ентелеген дұшпанның шабуылын қайтарумен ғұмыр кешкен. Бұ қазаққа кім жау болмады деңіз. Түбі туыс Моғолстан мен Шағатай, ділі мен діні бір өзбек-бұхар, тегі алыстамаған Сібір хандықтары, одан кейін қалмақ пен шүршіт, іргедегі қоқан, көрші қырғыз, бұлардың бәрінен асып түскен орыс отаршылдығы бір тыным бермеген ғой. Соншама жылдар бойы төрт тараптан қысқан ниеті бұзық елдермен жүргізілген қан қасап майдандарда қанша ата-бабаларымыз мезгілсіз жер құшты, бұл жағы – бір құдайға ғана аян. ХІХ ғасырдың басынан аяқ шеніне дейін орыс патшаларының үздіксіз жүргізілген отарлау саясатынан да жүз мыңдаған қазақтың қаза тапқаны шүбәсіз факті. Сонда да ХХ ғасырдың басына 5 миллионнан аса қазақ аман жеткен. Өмірінде басынан бұлт, іргесінен дұшпан арылмаған қазақтың өркениет заманы аталатын ХХ ғасырға мұнша санмен аяқ басуы – ғажап қой. Бірақ...
Ілкіде қазақ халқын жер бетінен жоюды мақсат тұтқан – екі патшалық, бір хандық болған. Екі патшалық – ресей мен қытай, ал хандық – қалмақ-тұғын. Қалмақ ерте құрыды. Құрығы ұзын ресей отаршылдары қытайдың алдын орап, жер-дүниені тітіркенткен отты қаруымен қазақ жеріне дүркін-дүркін басқыншы аттандырса да, біздің даланы жүз елу жылда әрең жаулады. Бұл – орыстан саны әлдеқайда аз болса да, оларға жанкешті қарсылық танытқан қазақтың айбындылығын көрсетеді. (Біреулер қазақта неге батырлар көп деп күмән білдіреді. Олар мынаны білсін: батырлар басқыншы елден емес, елін, жерін жанкештілікпен қорғап, басқыншыларға айбат көрсете қарсыласқан елден шығады. Төрт ғасыр бойы қазақ өзгенің жерін иеленіп аламын деп, бөтен елге бір де бір рет баса-көктеп шабылдамапты. Тек сырттан тиген жаумен айқасып, күн өткізген. Кешегі Ұлы Отан соғысында кеңес әскерлерінен мыңдаған батыр шығып, немістің неше миллиондық адамы бар армиясынан тарихта аты қалған бір батырдың болмауы осыған дәлел. Және де төрт жылдық соғыста кеңес армиясынан неше мың батыр шыққанда, төрт ғасыр бойы басқыншы жаумен алысқан қазақтан неге батырлар аз болуы керек?..). Әлбетте, жаулаушы да, отарлаушы да бейбіт жолмен келмейді. Мылтықтарынан қорғасын шашып, зеңбіректерінен от жалындатып, жаулан-ған халықты жоқ қылу үшін келеді. Алайда қазаққа жаулық қылған басқаларды қойшы, тарихта халқымызға ең қатерлі де озбыр басқыншы болған – орыс отаршылдары да қазақты жоқ қыла алмады. Басып алған соң өзге амалға салып, тіл-ділінен айыруға күш жұмсады, дінінен бездіріп, шоқындыруға талпынды.
Намысты қазақ бұған да көнбеген. Бірақ отаршылдар өздері отарлап алған басқа да саны аз халықтарға істегенін қазақтарға да істеп, орыс тілісіз аттап баса алмайтындай жағдайға тап қылды. Мұндай тәсілді орыс коммунистері ары қарай жалғастырды. КСРО орнаған алғашқы жылдары өкімет басында отырған коммунистердің барлығы елдегі орыс халқынан басқа жұрттардың бәрін мақау, мәдениетсіз санайтын бұрынғы патша шенеуніктері сияқты отаршыл пиғылдан, үстемдік көзқарастан арылмаған жандар еді. Түркі халықтары ішінде ең өжет те қайсар, батыр да ержүрек қазақты, қала берді, ақылды көсемдері мен қайраткерлері көп шығатын қазақтың сағын сындыруды олар да бірінші кезекке қойған. Расында, тарихқа көз салыңызшы, орыс отаршылдары қазақты жүз елу жылда түрлі айлы-шарғыларды қолданып, әрең басып алды. Ал 1865 жылдан кейін қазақта жоқ әрі болмаған зеңбірек пен мылтығы, әр ірі қалаларында биік те мықты қорған-қамалдары бар Орта Азиядағы үш хандықты үш-ақ жылда быт-шыт қылды. 1917 жылы кеңестен бөлінуді ойлап, Түркістан (орыстар кекетіп Қоқан деген) автономиясын құрып, басқарған кім? Мұстафа Шоқай атты қазақ! Қазақ төңкерісінің идеяларын мақұлдамай, өз алдына дербес ел болуды аңсап, «Алаш» партиясын құрған кім? Әлихан Бөкейханұлы, Халел Досмұханбетұлы деген қазақтар! Түркістанда түркі республикасын құрамыз деп бастама көтерген кім? Тұрар Рысқұлов деген қазақ! Кеңес орнаған тұста жалпы түркі халықтарының мүддесін қорғап, Лениннің өзімен тайталасқа түскен кім? Тағы да қазақ қайраткерлері! Әрине, бұларға ерген түркі жұртының басқа да белгілі тұлғалары бар-ды. Алайда, отаршылдардан тәуелсіздік алуға бастама көтерген топтың 90 пайызы қазақтар болды әрі олар же-текшілік рөл атқарды және басқалардан қай жағынан да озық, мемлекеттік деңгейдегі кез келген істі алып жүре алатын азаматтары, орыс ғалымдарымен иық тіресуге жарамды оқымыстылары бар қазақты шовинистік пиғылдағы қызылдар қалай жақтырсын. Бір жағы – олар баяғыда жүз елу жыл уақыт орысқа берілмей, табанды күрескен қазақты суқаны онша сүйе қоймайтын. Осындай кептердің кесірінен ғой, кеңес өкіметінің алғашқы 15-20 жылында қазақтың түрлі саясат шырғалаңына түсіп, зардап шеккені. Иә, қазақ үнемі сыртқы дұшпаннан тепкі көрсе де, кезең-кезеңімен жүрген қилы соғыстардан жүз мыңдап қырылса да, 1930 жылдардағы бейбіт уақытта Голощекиннің озбырлығынан төнген зобалаңдағыдай бір мезетте миллиондап опат болған емес.
Түрлі фактілерді саралап, қисын мен сан қилы дәлелдемелерге ден қойсақ, 1931-33 жылдардағы ашаршылық – Голощекиннің алдын-ала әбден ойластырып жасаған жоспарының нәтижесінен туындаған. Керек болса, мұндай нәубетті іске асыруға ол Сталиннің өзінен қолдау мен рұқсат алған. Әйтпесе Голощекиннің «социализм жүйесіне үйренгісі келмейтін, көшіп-қонып жүруге ғасырлар бойы дағдыланған қазақтар, кеңестік саясатқа көнбей, тағы да босуға көшті. Осының кесірінен олардың бірқатары аштыққа ұшырап, қырылып жатыр» деп жазған хатына: «Голощекин жолдас! Сіздің әрекетіңіз оңды. Жаңа жүйеге үйренбеген ол сары пәлелерден тек сондай жолмен құтылуға болады» деген сықпыттағы жауапты жаза ма?
Жалпы, Голощекин қазақ халқын қырғынға ұшырату үшін 1926 жылдан бастап бес бағытпен дайындалған. Бірінші бағыты – ел қамын ойлайтын ақылды да халықшыл қайраткерлерді билік басынан кетіріп, олардың орнына сауаты төмендеу, өзінің айтқанынан шықпайтын қазақтарды іріктеп алуға арналды. Бұл жоспарын оңай іске асырды. «Меңдешевшілдік», «Сәдуақасовшылдық», «Сейфуллиншілдік», т. б. деген жалған да жалалы айдар тағылған қазақ даналарын сыртқа лақтыру осы жылдардан басталды.
Екінші бағыты – ОГПУ мен НКВД-ның жергілікті жерлердегі өкілдерінің өктемдігін күшейту және бай-кулак десе жаны шошынып, жыны қозатын, оларға деген ашу-ызасы туылғанынан бойларына сіңген кедей таптың арасынан іріктелген кісілерді түрлі дәрежедегі уәкілдер мен ауыл белсенділері етіп, тағайындауға арналды. Саясат пен жан-жақтағы ахуалды пайымдап, саралауға өрелері жете бермейтін, қолына тиген билікке мәз болып, жоғары шенділердің қандай да бір пәрмен-бұйрығын орындауды мәртебе санаған мұндай кісілер, ұзамай-ақ Голощекиннің ел-елдегі лайықты қолшоқпарларына айналды. Белсенділердің және ОГПУ, милиция өкілдерінің ел арасында үстемдігінің артқаны сондай, бір-екі жылда жұрт бұлардың көлеңкесінен қорқатын дәрежеге жетті. Кеңес өкіметі туралы бір жаман сөз айтпайтын болды. Осыдан халықтың рухы басылып, не нәрсеге де бас изей беретін көнбістікке түсті.
Үшінші бағыты – кеңестік жүйеге орай типтендірілген «бай шаруашылықтарын» жоюға бағышталды. Голощекин ел ішіндегі билер мен «бай шаруашылықтары» иелерін «Бұрынғы заманды аңсайтын феодалдар, жұрттың еңбегін қанайтын үстем тап өкілдері, сондықтан да оларды мал-мүліктерінің бірін де қалдырмай тәркілеп, өздерін соттап, болмаса қиыр шеттерге жер аударып жіберу керек!» деп ұрандатты. Ұранға алғаш ергендер және оған жанын сала кіріскендер әлгі ОГПУ, НКВД қызметкерлері мен ауылдардың шолақ белсенділері болды. «Жабысқан жерінен қан алмай тынбайтын» олар, ірі «бай шаруашылықтарымен» қатар, орта дәулетті, тіпті, он бес қой, үш сиыры барларды да қара тізімге ендіріп жіберді. Кеше ғана күндей күркіреп, бір емес, бірнеше рулы елді уысында ұстаған ақылман билер мен мыңды айдаған байлардың өздерін сансыратып жіберген уәкілдер мен белсенділердің, қару асынған милиционерлердің тірлігін көргенде, онсыз да үрейі ұшып қалған жуас қазақ, кеңес саясаты алдында бастарын бұрынғыдан бетер төмен иді. Ал олар өздеріне бай малдарынан бес-алты тұяқ үлес бергенде қуаныштан жүректері жарылып, уәкілдерге мың тағзым көрсетіп, жүз алғыс айтты. Ал Голощекин билер мен «бай шаруашылықтары» иелерін бекерге соттап, босқа жер аударған жоқ. Ол кездегі қазақ қоғамдық құрылысының қалпы бойынша, бақуатты адам бір елді әрі асырап, әрі бағып отыратын адам. Билер – қазақ қоғамының үйлестірушісі. Өмірлік қажеттіліктердің қай сала-тармағына болса да – солар ұйытқы, солар бастаушы. Көпті не нәрсеге де бастай алатын осындай беделді кісілерді ел арасынан алшақтату қажет. Бір ақылдысы, жөн айтатын кісісі қалмаған ауылдарға әлгіндей ақылы таяз, ұр да жық шолақ белсенділер ие болуы шарт. Бұл жоспар – қазақтың ықылым заманнан келе жатқан елдік дәстүрін бұзды. Халыққа үрей үстіне үрей төндірді.
Төртінші бағыты – ауыл-ауылдарды жедел түрде отырықшылық пен колхоздастыруға үндеген бастамасына сәйкестендірілді. Осының кесірінен кеңестік жаңа жүйенің мәнісін түсінбеген жұрт айналада қандай қоғамдық өзгерістер болып жатқанын, мұндай саясаттың болашағы неге апарып тірейтінін бағамдамағанынан милары ашып, әрі-сәрі күйге түсті. Тіршілігінің шырқы бұзылған халық 1929-31 жылдары тиісті көлемдегі егістік жерлерге егін еге алмады. Колхоздар құрылғанымен, оның базаларында шаруашылық жұмыстарын жүргізетін құрал-саймандары болмады. Колхоздың бар байлығы – малмен шектелді. Азғана жерлерге егілген астықтан жұртқа үлес таратылмай, жиналған өнімнің бәрі мемлекет бекіткен салықтың жоспарын орындау үшін аудан, қала орталықтарындағы қоймаларға жөнелтілді. Голощекин болса, халықтың жағдайы күннен-күнге нашарлап бара жатқанын көріп-біліп отырса да, бірінші кезекке ұжымдасу процесі мен мемлекетке өткізілетін түрлі салықтардың уақытында жиналуына қатты көңіл бөлді. Бірінші бес-жылдықтың шешімдеріне орай колхоздар арасындағы өзара жарысты кеңінен өрістетуге күш салды. Күндіз-түні ат үстінен түспей, шапқылаған шолақ белсенділер бір ауылды бір ауылға қосып, колхоз атандырғаннан өзге ештеңе тындырмаса да, өз көрсеткіштерін жалған мәліметтермен қосып жазып, жоғарыға жіберіп отырды. Мысалы, бір колхозда 1000 қой, 200 сиыр, 100 жылқы болса, олар қосып жазу себебінен 1500 кой, 300 сиыр, 150 немесе 170 жылқы боп көрсетілді. Осы қосып жазу үрдісі – бір-екі жылдан кейін күллі қазақтың алапат ашаршылыққа ұрынуының басты себебіне айналды.
Бесінші бағыты – елді тікелей ашаршылыққа әкеп тіреген ең нәтижелі және қорытынды жоспары болды. Голощекин Қазақстанды өркендетуді, түрлі жұмыстар мен жоспарларды рет-ретімен іске асыруды қағаз жүзінде көрсетіп бекіткенімен, бар тараптағы іс-әрекет белгілі тәртіппен жүрмеді. Елдегі барлық басшы қызметкерлерді, аудан, ауыл көлеміндегі белсенділерді жалаң ұранға еліктіріп қойды. 1932 жылдың аяғына қарай Қазақстандағы шаруашылықтарды колхоздандырып бітіру керек деген ұранмен 1931 жылы елдегі осы іске жауапты кіші дәрежедегі басшы-белсенділерді басқа жұмысқа бас бұрғызбай, тек ұйымдастыру шараларына салып қойды. Көктемгі және күзгі егіс қажетті көлемнен әлдеқайда аз егілді. Колхоз қораларындағы малдардың қысқы жем-шөп базаларын дайындатпады. Тіпті бұл мәселені мүлде ұмытқандай, осы жұмыс жайында бір де бір рет әңгіме көтермеді. Жиналыс-мәжілістерде тек колхоздастыру науқанының қалай жүріп жатқанын, мемлекетке өткізілуі тиіс ет пен астық және басқа да салықтардың орындалуы барысын көтеруден әріге бармады. Одан қалса, елдегі жағдайды айтып, дабыл көтерген кейбір қызметкерлермен айтысып, күн өткізді.
Сталиннің 1930 жылғы наурыз айында «Правда» газетінде «Табыстан бас айналғандық (Головокружение от успехов)» мақаласы шыққан соң 1929 жылы өзінің ұнамсыз да кесірлі саясатының негізінде Қазақстанның бірнеше өлкелерінде бой көрсеткен кеңеске қарсы көтерілістерге қарамастан, Голощекин Мәскеудегі орталық комитетке Қазақ республикасы қай тараптан болса да, жақсы жетістіктерге жетіп отыр деп есеп берді. Ол аздай, тұрғын жұрты онша көп емес, бірақ республиканың байтақ даласына егілген мол астық пен мыңғырған малдары есебінен Ресейдің бірнеше қалаларын өте арзан бағалы ет-астықпен қамтамасыз етуге болады деп бөсті. Бұл – жай бөсу емес-тұғын. Жоғарыда аталған жоспарларын іске асырудың амалдары-тұғын. Сол амалдарының нақты бір көрінісі мына деректерден көрінеді: 1930 жылы колхоздар мен түрлі шаруашылықтар мемлекетке ет пен астық өткізуден одақ бойынша бірінші орынға көтерілуі керек деген желікпе ұранның арқасында Қазақстандағы 14 ет комбинатынан 11 мың 14 тонна ет, қоймалардан 970 мың пұт астық Ресейдің өнеркәсіптік қалаларына жіберілді. Иә, бұл да – осы жылы көктем мен күзде елдің тағы бірнеше аудандарында (Қарақұм, Өскемен, Созақ, т. б.) былтырғы Бостандық, Бетпаққара сияқты кеңестің озбыр тәртібіне қарсы әлденеше көтерілістер ұйымдастырылса да, Қазақстан шаруашылықтары мемлекетке ет пен астық өткізу жоспары бойынша одақта бірінші орынға көтерілуі керек деген даурықпаның, сол кезеңдегі асыра сілтеудің басты авторы Голощекиннің тыраштану әрекетінің, желікпе ұранының айғақты көрінісі еді.
1931 жылдың аяғына қарай Ресей қалаларына былтырғыдан еселеніп, 12 мың 6 тонна ет, 950 пұт астық жөнелтіленуіне байланысты жыл бойы колхоздар есебіндегі төрт түліктер есепсіз сойылып, етке өткізілді. Осыдан мемлекет меншігіне қарасты қоралардағы малдар саны мен қоймалардағы астық қоры бірнеше мың есеге азайды. Соған қарамастан, өлкелік партия ұйымы аудан-аудандарда ұжымдасу процесі өте нашар жүргізіліп жатқанына дабыл көтеріп, жергілікті басшыларды қатаң жазалауға дейін барды. Бұдан үріккен кеңес органдарының басшылары мен колхоз бастықтары, күштік құрылымдардың өкілдері қалайда бұл науқанды шапшаң жүргізуге жандарын салды. Нәтижесінде бір колхоз келесі бір колхоздан мал, астық, сондай-ақ түрлі шаруашылық жұмыстары жөнінен артық болу үшін бәсекеге түсті. Алайда бір-екі жыл бұрын осындай бәсекелестіктің арқасында қосып жазуды үрдіске айналдырғандарының кесірінен қораларындағы малдарын, қоймаларындағы астықтарын ада қылған жергілікті белсенділер шаруашылықтарында төрт түліктің есебін қайта толтыруды және келесі жылғы ет салығын мөлшерді түрде өткізу жайын ойлап, енді жеке адамдардың есік алдарындағы малдарына, қап түбіндегі бидайларына ауыз салды.
Әлбетте, ел болған соң көпшілік арасынан жүректілер де табылып, белсенділерге айбат шегіп, қарсылық танытқандар да кездесті. Алайда ондайлар қатаң жазаланды. Қалғандарын олар: «Колхоз меншігіне өткізілген малдарыңнан сендерге ай сайын үлес беріледі. Астық үлесі де солай таратылады. Сендер ұжымдық шаруашылықтың егінін егіп, жерін жыртып, еңбек етсеңдер болды. Күн көріс мәселелеріңді өкіметтің өзі шешеді» деп алдаусыратты.
Сөйтіп олардың малдарын осылай алдап та, күшпен қорқытып та, әйтеуір, қолдарынан келген бар тәсілді пайдаланып, тартып алды. Үй-үйлердегі астықтар да сондай жолдармен жиналды. Осылайша, тігерге тұяғы, тіске басар талқаны қалмаған қазақ әп-сәтте стихиялы түрде бірден ашаршылыққа ұрынды.
Әсілі, сол кезгі саясаттың ыңғайына қарасақ, КСРО-дағы колхоздастыру тәртібі – қағазға жазылған жоспар бойынша елге аса зиян келтірерліктей де емес-ті. Мәселен, Қазақстанда колхоздастырудың алғашқы жылдарында ол бекітілген тәртіп бойынша жүргізілді. Әу баста колхозға мүше боп кіргендерге бұрынғы әртелдер мен серіктестерде қолданылған тәртіпке сай ортақ шаруашылықтан жыл сайын белгілі бір мөлшерде мал мен астықтан үлес беріліп тұрды. Бұған әрбір колхоз мүшесі разы-тын әрі осы жүйе сақталынып тұрғанда ешкім аштыққа ұшырамас та еді. Бірақ қазаққа келгенде іштарлық қылатын кеңестің Қазақстандағы Голощекин тәрізді сұмырай қолшоқпары бұл жүйені астаң-кестең етті. «Қазақстан ұлы қазан төңкерісінің идеяларынан тым алшақ қалған. Сондықтан да бұл республикада «кіші қазан» төңкерісін орнату қажет» деген пиғылды басты ұран еткен ол, өзінің теріс әрекеттерін жүзеге асыруға белсене кірісті. 1930 жылдан кейін колхоздастыруды асқан шапшаңдықпен жүргізуді мақсат етіп, бұл науқанда әміршілдік-бұйрықшыл жүйенің кең етек алуына жол ашты. Жергілікті белсенділер мен НКВД, ОГПУ қызметкерлері жаңа жүйеге бет бұрмағандарды қатаң жазаға тартты. Бір-бірінен елу-алпыс, тіпті жүздеген шақырым шалғай жатқан ауылдарды күзгі, қысқы суықтарда күшпен көшіріп, бір орталыққа топтастырды. Қолдарында сойып жейтін малдан, қол диірменге тартатын бидайдан ада жазған қазақ, түгі жоқ орталықтандырылған колхоздарда жер сипап отырып қалудан, одан әрі қарай аштыққа ұшыраудан басқа амалсыз-тын.
1931 жылдың 1-ші желтоқсанында барша қазақтың үлкен бақытсыздығына орай қалың қар түсіп, күн бірден суытқан. Жылы болады деген Оңтүстіктің өзінде күннің суықтығы 10-15 градусқа төмендеген. Ала жаздай жұрттың бар малы мен астығын алашапқын болып бір ортаға жинаған өкіметтің жауапты адамдары, жоғарыда айтқанымыздай, сол кезде қыста қолда ұсталынатын төрт түліктің жеп-шөп базасын да жасамаған ғой. Қалың қар жауып, күн бірден суытқанда етке өткізілуден аман тұрған малға беретін азық таппай қатты қысылған аудан басшылары мен кеңес белсенділері күнде жиын жасап, тығырықтан шығудың жолын іздей бастайды. Республикалық ауыл шаруашылығы комиссариатының комиссары Н.Сегізбаев барлық аупартком хатшыларына «Қар бересіңдер ме, жоқ, топырақ бересіңдер ме, қалайда қоғам малын қырып алмаудың жолын қарастырыңдар!» деп қатаң талап қояды.
«Коммунистік партия кез-келген қиындықтан шығудың жолын табатын даналыққа ие» деп өзеуреген аупартком хатшылары қолда бар малды аман алып қалудың адам күлерлік амалдарын қарастырады. Өйтпеске шаралары да жоқ-ты. Сегізбаевтың сөзі – Голощекиннің пиғылы екені оларға белгілі-тін. Ал Қазақстандағы аудандарды басқарып отырған хатшылардың басым бөлігі болса, мал жайын білмейтін бөтен ұлттардың өкілдері еді. Оларға осындай қысылтаяң шақта жергілікті ұлттан шыққан колхоз бастықтары мен белсенділер малдарға тал-теректердің майда бұтақтарын қырқып беріп, уақытша болса да аман ұстап тұрудың тәсілін айтады. Тәсілді құлақтарына ілген хатшылар жер-жердегі шаруаларға тал-теректердің майда бұтақтарын қырқып, қамыс оруды әмір етеді. Мысалы, Ленгір аупарткомның хатшысы Лев Севиридович Своик осы мәселеге қатысты Ақсуда (ол кезде Ленгір, Сайрам аудандарының орталығы Ақсуда болған). «Жолдастар, қар жауып, аяз ұрғалы бері азықсыз қалған малдарды аштан қырып алмаудың жолын қарастыруда едік. Біз бүгін оның көзін таптық. Иә, партия қандай да бір болмасын қиындықтың түйінін шеше алады. Осыған байланысты ертеңнен бастап өз колхоздарыңыздағы шаруа-жұмысшыларды өзен жағасындағы, тау етегіндегі ағаштардың майда бұтақтарын кестіруге, сай-сайдағы қалың қамыстарды орғызуға жұмылдырыңыздар. Біз қыстай малдарға ағаштардың бұтақтары мен қамыс беріп асырап шығамыз», – деген кесім айтады.
Бірақ малдың сырын білетін қазақ төрт түліктің қай түрін болмасын, ылғи ағаштардың шыбықтарымен, қамыспен ұзақ уақыт сақтап қала алмасын жақсы білген. Шыбық пен жұмсақ бұтақтарды үнемі жей берген мал, әсіресе қой-ешкі іш тастап, тышқақ кеселіне ұшырайды да, түбі опат болады. Ал қой-ешкі жей алатын майда бұтақтарды қара мал, яғни сиыр жей алмайды. Ал қамысты жылқы ғана жей алады. Бірақ оған да ұзақ уақыт қамыс беруге болмайды. Ал сиыр мен қой-ешкі қамысты жесе, іштері тілініп өледі.
Жиналыста әлгіндей ұсыныс көтерген Л. С. Своикке біраз белсенділер осындай себеп-салдарларды көлденең тартып, бұндай тәсілмен малдарды уақытша ғана аман сақтауға болатынын, ал қысқы буыны қатқан қамысты ешқандай малға беруге болмайтынын, тек жаздың басында көк құрақ күйінде орылған қамыс қана төрт түліктің азығына жарайтынын айтып, қарсы шығады. Өзіне қарсы сөз айтқандарға Своик іле-шала: «Біз қандай тығырықтан болса да, жол тауып шыға алатын большевиктер емеспіз бе? Жолдас Сталин, жолдас Голощекин, одан қалса, басқа да партия көсемдері бізді қай кезде де тосын тапқырлыққа тәрбиелеп, баулып отырған жоқ па? Ендеше, табайық малды аман алып қалудың амалын. Жаңа біраз жолдастар «Қырлардың етектері мен жазық далаларды қардан тазартып, жер бетіндегі боз шөптерді ашып, малдарды бір мезгіл жайып алу керек» деді. Керек болса, ондай әрекеттерге де барамыз. Ал әзірше тал бұтақтары мен қамысты пайдалана тұрайық. Бір жолдастар «қамысты бүтіндей малға беруге болмайды» дейді. Егер оны ұнға ұқсатып, әбден майдалап берсе, оны жеген мал өлмей ме?» – дейді. «Онда өлмейді, – дейді бір топ қазақтар. – Бірақ қамысты ұнға ұқсатып майдалайтын құрал жоқ». «Жолдастар, жаңа айттым ғой, біз болмайтынды болдыратын коммунистерміз деп. Ауылдар мен колхоздардағы әр қазақтың үйінде бидайды ұн қылып тартатын қолдиірмен бар-ә? Әр шаруа он-жиырма бау қамыс орып келсін де, оны үйіндегі қол диірменмен ұнға ұқсатып, майдалап берсін. Ұнға ұқсап ұнтақталған қамысты сендер малдарға беріңдер» деген...
Бұл тәрізді қөрсоқырлық тұжырым бір Ленгір ауданында емес, төңірегінде қамыс өсетін күллі Қазақстандағы ауылдарда айтылғаны кәміл. Бірақ қамысты ешкім қолдиірменге салмағаны ақиқат. Қамыс бидай емес, қолдиірменге жүрмейді. Соған қарамай Своик сияқтылар «осындай шаруаны атқарып жатырмыз» деп жоғарыға мағлұмат бергені анық.
Көптеген колхоздарда етке өткізілуден аман қалған малдарды жем-шөптің жоқтығынан қолдан әдейі қыру уақиғалары да орын алған. Атап айтар болсақ, Қаратас ауданында 112 сиырды, Мерке ауданында 107 сиырды, Жуалы ауданында 29 сиырды қарасан дерті жұқты деген сылтаумен улап өлтірген. Ленгір ауданында 300 жылқыны маңқа ауруына шалдықты деп, атып тастаған. Қолдан өлтірілген малдарды көздері қарауытып жүрген аштар жеп қоймасын деген ниетпен жерге көмген немесе жағармай шашып өртеген.
Көріңде өкіргір Голощекин сонда бес-алты жылғы жоспары ойдағыдай іске асып, бар қазақтың аштықтан қырыла бастағанын есітіп, қуанған да болар. Әйтпесе, 1931 жылы қыс басталған желтоқсан айының басында «Мемлекетке шұғыл түрде 100 мың тонна жүн керек. Қойды қырқыңдар!» деп жарлық шығара ма. Бұл қылығы – қалған малды қырудың жолы болатын. 1931 жылдың желтоқсан айында қазақ еліндегі шаруашылықтарда қалған қойлардан мұнша мөлшердегі жүнді қырқып, өткізу мүмкін емес еді. Өйткені сонша тонна жүн беретін қой да жоқ-тұғын. Соған қарамай әрі қыста қазақ ешқашан да қой қырықпайтынын біле тұра, жоғарыдағыдай нұсқау берген. Онсыз да тал-дарақтың бұтағы мен қабығын кеміріп аштан қырылуға шақ тұрған қойларды қырқу туралы хабарды естігенде малға жаны ашығандар бас көтеріп, бір дүрліккен. Дүрлігу ауыл арасынан аспай, өкімет шешіміне қарсы сөз айтқандар оңбай жазаланған. «Голощекин мен өкіметтің бір білетіні бар» деп нұсқауға мойынсұнған белсенділер ауыл тұрғындарын колхоз қораларындағы қойларды қырқуға үгіттеген. Үгіттегеннен бұрын, солай етуге мәжбүрлеген. Күніне төрт қой қырыққанға болмаса қырқымшыға жәрдемші болып, жүн тасып, қой жығып бергенге «бір бөлке нан тұтас күйінде беріледі» деп, аш қазақтарды дәмелендіріп те қойған. Үйіңдегі аштан қатайын деп отырған бала-шағасының, өзінің қарын шұрылын ойлаған шарасыз жазған қазақ, қойға қанша жаны ашыса да, қолына қырықтық алып, қораға беттеген. Содан өзі аш, әрі жүні қырқылып жалаңаш қалған қойлар, аязды күнде оңсын ба, суық қораларда теңкиіп-теңкиіп арам қатқан. Осындай арам қатқан қойлардың да өліктері жұртқа берілмей, жерге көмілген, өртке оран-ған. Со жылдары малсыз, астықсыз қалған қазақтың аузына әйтеуір ешнәрсе тигізбеу саясаты жүрген.
Қазақтар былтырғыдан бетер қырыла түскен 1932 жылдың бірінші тоқсанында Мәскеуге 10 мың 11 тонна, Ленинградқа 1354 тонна, Қиыр шығысқа 286 тонна, Ивановаға 726 тонна, Орал облысына 1 мың 82 тонна, Нижний Тагилге 433 тонна, Пенза мен Мәскеу маңындағы қалаларға 152 тонна ет арттырылған ғой... Міне, Голощекиннің іс-әрекеті. Осыдан кейін ол қазақ халқын әдейі қырған деген дерекке қалай сенбессіз...
1931-32 жылдардағы қатты қыста ауыл-ауылдарға аштан өліп жатқандар туралы естісе де біз бақпаған Голощекин, көктем туа бірі – Өзбекстанға, бірі – Қырғызстанға, енді бірі – Ресейге, бірі – Қытайға ауып, аштықтан босқындыққа түсіп жатқан қазақтар туралы мәлімет құлағына тигенде «Ештеңе емес, өмір бойы көшіп-қонуға үйреніп қалған халықтың бұл үдерісі қалыпты нәрсе ғой. Қайта, барған жерлерінде отырықшы елдің тәртібіне үйреніп, кеңес адамдары болып қалыптасады» деп миығынан күліпті. Қазақтардың үдерісі жайында есіткен Мәскеудегі ұлықтарға да ол осылай жауап берген. Ал ақиқатында елде не болып, не қойып жатқанының бәрін Голощекин де, Мәскеудегілер де біліп отырған...
Жалпы, Қазақстанда 1914 жылғы санақта 6 млн. 920 мың қазақ болған. 1933 жылдың аяғында Қазақстанда оның саны 2 миллионнан сәл-ақ асқан. 1953 жылы, арада 33 жыл өткенде Қазақстанда қазақтардың саны 3 млн. 822 мыңға әрең жетті. Салыстырып айтар болсақ, 1926 жылы өзбектердің саны қазақтарға қарағанда 21-ақ мың адамға артық болса, 1959 жылы бұл көрсеткіш 6 млн. 015 мың адамға жеткен. Яғни, 13 жыл ішінде өзбектер бізден 6 миллионға көбейіп кеткен.
1927 жылы бүкіл Қазақстанда мал саны 42 миллион болса, 1933 жылы 3 млн. 989 мыңға түскен. Демек, 6 жылдың ішінде 38 млн. бас мал құрыған. Осы есептерден-ақ коллективтендіру мен ашаршылықтың қазаққа тигізген зұлматының қандай болғандығын көре беріңіз.
1927 жылы Сырдария округінде (кейінгі ОҚ облысы) 1 миллион 300 мыңдай қазақ болса, Голощекиннің орнына келген Мирзоян 1934 жылы жалпы жұртқа жария еткізбей, баспасөзге бастырмай, құпия жүргізген санақ бойынша 500 мың 601 қазақ қалған. Үш жыл ішінде 500 мыңы аштан қырылып, 200 мыңы ауып кеткен. 1927 жылы Сырдария округінде 6 млн. 680 000 бас мал болса, 1933 жылдың аяғында барлық төрт түліктің саны 800 мыңға да жетпеген.. Бес-алты жылдың ішінде мал мен жанның басы өсудің орнына қаншама есе кеміп кеткен деңіз. Біраз бөлігі таулы аймақ болғандықтан, жеміс-жидегі, ауланар аңы бар, оған қоса, асып кетсе, мына жағы – қырғыз, мына шеті – Ташкент жақын бұл облыстағы жағдай осындай болғанда, тақыр жазық пен шөлейтті даланы мекендеген қазақтардың халдері нешік болғанын өзіңіз пайымдай беріңіз. Қу тамаққа сеп таппаған аш қазақтар нені талғажау етпеген деңіз. Шөп-шалам, өлексе, одан қалса, жас балаларын сойып жеп, қалғаны қалып, қалмағаны ісініп-кеуіп, айдалада қанғып өлген ғой. Ит, мысықтар, сарышұнақтар адамдарға ұстатпай қойған. Олар да білген, ұстатса адамдардың жеп қоятынын.
1931-32 жылдары Қазығұрт етегі мен Келес жағасында Рысқұловтың бастамасымен Шымкент-Ташкент төте темір жолының құрылысы жүрген. Аяқталмай қалған сол құрылыста оңтүстік өлкесінің мыңдаған адамдары еңбек етіп, аштықтан аман қалған. Десек те, біздің есебіміз бойынша 2,5 миллиондай қазақты аштан қырған, 1 миллионға жуық қазақты басқа жаққа көшіп кетуге мәжбүр еткен сол бір зұлмат ашаршылықтың сойқаны мен зардабы біздің халқымыз үшін орны толмас қайғы мен қасіретке ұласқан. Бір өкініштісі – біз жазып отырған зұлмат жылдарда мезгілсіз шейіт кеткен боздақтарымыздың рухын сыйлап, еске алмаймыз ба, қалай, қазіргі егемен Қазақстанда сол ашаршылықтың құрбандарын еске алатын арнайы даталы күн жоқ...