24.05.2021
  260


Автор: Жанат Әскербекқызы

ХІ ғасыр өлеңі немесе Қыпшақ қызының Оғыз оғланына арзуы

Жанарымда күн күлгенмен түн жылап,
Мен жұртыңда қала бергем тұнжырап.
Оғыз-оғлан, қайрылмастан кетіп ең,
Қиыр жайлап, ұзадың-ау тым жырақ.
Өкпек желді өңменіңнен өткеріп,
Өткен істі ағайынға өкпе ғып,
«Барар жерім – Балқан тау» деп кеткенсің,
Ала бұлтты сауырыңа бөктеріп.
Көшті уақыт тұяғында күліктің,
Ата жұртты, ару қызды ұмыттың.
Сайын дала самалына мұң шаққам –
Шылбырына оратылып үміттің.
Қуқыл тартып құла дүзде гүл-өңім,
Қара жолға қарайлаумен жүдедім.
Сағынышым нажағай боп ойнаған
Түлей түннің қақ айырып түнегін.
Тағдыр айдап Ұрым кеткен Оғланым,
Құрылықты дүбірлеткен Оғланым,
Ұрын келер ғұрпың бар-ды жұртыңда,
Сол ғұрпыңнан түңіл деп пе ем, Оғланым!
Арғымағын тарпаң еткен Оғланым,
Жат қамалын талқан еткен Оғланым,
Бөтен жұртта бөрілі ту көтеріп,
Түркі даңқын қалқан еткен Оғланым!
Аманат жұрт менде қалған, Оғланым,
Жүрегімді шерге малғам, Оғланым.
Тәнім – тасқа, жаным – жасқа айналып,
Көмбе болды мендегі арман, Оғланым!
Түске айналдың, ғайып болып өңімнен,
Бұл ғасыр да бұлт боп көшті көгімнен.
Саған тағар түк кінәм жоқ... әншейін
Бір бейкүнә сезім қалды егілген.
Ата жұрттың айта аламыз жайын біз,
Маңдайдағы жазмышқа да қайылмыз.
Қайта оралып соғар болсаң қарсы алар
Балбал мүсін болып тұрған айым-қыз.





Пікір жазу