24.05.2021
  195


Автор: Кендебай Ахат

Адам жасы

Жаратушы жаратып-ап, саз-балшықтан Адамды:
"Сана берем саған ғана, өсіретін бағаңды.
Тіршіліктің бесігі, сақтау үшін ғаламды,
Сан ойланып, сан толғанып жасағын әр қадамды.

Жұмыр жердің байлығына еге болып қаласың,
Отыз жасқа келгеніңше өмір нәрін аласың.
Қалауыңша жар сүйесің, жас нәресте иіскеп,
Бірақ, бірақ, сонан кейін жер қойнына барасың"

Дегеніңе көңлі толмай, мұңға ойын тербетіп,
Жаратқанға жалбарынды, көздің жасын көлдетіп.
"Еш болмаса, екі есе ұзарт депті, ғұмырды,
Бала-шаға көз алдымда, үлгеретін ержетіп"

Оңайлықпен өз шешімін өзгерте ме, жаратқан,
Үміт артар тек емеурін танытыпты қабақтан.
Тіршіліктің иелерін кезегімен қабылдап,
Адам жасын белгілеуді, ең соңына қаратқан.

Көк есекке адам жүгін артуды жөн көріпті,
Қарымына ойланбастан, қырық жасты беріпті.
"Осынша жыл қалай шыдас беремін"деп, аңырап,
Ойланбастан ұзақ жастан жеріпті.

Сырттан итке тапсырыпты, үйді мінсіз қоруды,
Сарқыт ішіп, егесінің қас-қабағын торуды.
Бірақ, ол да, қырық жастан ала қашып ат-тонын,
Жарты жасын жөн көріпті, адамзатқа беруді.

Ал, адамды күлдіруді мұра етті мешінге,
Амалсыздан бас иеді, ол бейшара кесімге.
Бірақ, ол да, өз жасының жартысынан бас тартып,
Ыржалақтап қарсы бопты, түпкілікті шешімге.

Жеке - жеке қабылдап боп, тірі жанның барлығын,
Жас мөлшерін бағамдаған, шығарыпты жарлығын.
Есек, ит пен маймыл жасын жартысынан қысқартып,
Адамзатқа қоса салған екен дейді, қалдығын.

Содан адам, отыз - ақ жыл өз ғұмырын кешеді,
Отыз жаста есек жүгін арқалауға көшеді.
Елуінде үй қоритын ит жасына ілігіп,
Жетпісінде маймыл жасы басталады, деседі.

Тоқсан жасы торықтырар, ерте қақпан құрғандай,
Тобасына бірде келіп, бірде пері ұрғандай.
Қосқан жастың есесіне, нысабынан алған ба,
Қалт-құлт етіп, бірер жасты тағы сұрап тұрғандай?..





Пікір жазу