Ж – ға
Әдемісің, сұлусың һәм ғажапсың,
Әлем ішін кезген мұңнан азатсың.
Көк көйлекті көгенкөзім, сен барсың,
Көркемдік пе?... Көре алмаса көзі ақсын...
Еркелейсің, ерте дейсің, көнбейсің,
Өртемейсің, сөндірмейсің, сөнбейсің.
Сезіміме сеніп тұрып сенбейсің,
Құшағыма еніп тұрып енбейсің.
Жылылықпен жымиғанда тым нәзік,
Сені бір сәт көрген шағым жылға азық.
Күлкілі үнмен қытықтайсың жанымды,
Кірпігіңмен жүрегіме жыр жазып.
Жазғы кеште жадыратар сәтке бай,
Жанарыңнан төгіледі тәтті арай.
Мына кештің әдемісі-ай, ғажабы-ай,
Мына кештің қайта оралмас әттеңі-ай.
Сенің жаның тым тұп-тұнық, тым тұма,
Менің жаным сыр ашпайды сыртына.
Сен азатсың уақыттың өзіндей,
Мен тірліктің тәуелдімін ырқына.
Он сегізің таяу сенің гүлдер күн,
Отыз дейтін астындамын бір белдің.
Сен бір үйдің еркесісің аяулы,
Мен бір үйдің ұстыны боп үлгердім.
Біле тұра, сезе тұра сол жайды,
Құштарлығың неге маған қол жайды?
Нұрға толып нұриниса жүрегім,
Бір қателік болатынын болжайды.
Ал сен ше, сен? Әдемісің, ғажапсың,
Әлем ішін кезген мұңнан азатсың.
Қайран, Уақыт, сені қайттім, тез-ақсың,
Қайран, Бақыт, сені қайттім, аз-ақсың.
Осы бір шақ – ойнап-күлер оралың,
Оралыңа от басқызбас жоқ әлің.
Мені қойшы обалы жоқ, ал сенің
Он сегізге обалың!
Сүйісейікші...
2001 жыл. Шымкент.