23.05.2021
  201


Автор: Алдияр Бақытжан

Кінәлай көрме...


Кінәлай көрме,
Көңліңнен кеттім жырақ тым,
Меңіреу шөлде
Мен деген жалғыз бұлақпын.
Сүйетін сені
Сәт келмес, білем... сонда да
Кешірші, Күнім,
Келмейді сені жылатқым.

Кінәлай көрме,
Қолыңды алман, қош енді,
Жасай да алмас
Жаныма жат та, дос емді.
Шалқыған мұңнан
Шағылып тауым жүргенде
Шайқалтып кеттім
Шаттыққа толы кесеңді.

Ақталып бір күн,
Арылып барлық айыптан,
Арымды кетсе
Арайлап атар шайып таң,
Шаһибаз кейіп
Шақтарда мұңнан айыққан
Айқарып құшақ
Алдыңнан шығам ғайыптан.

Жолымды менің,
Жаным-ай, болсаң шын күтпек,
Түн баспай жанды,
Түріліп тұрғай түндік тек.
Көктем боп келіп,
Күлімдеп тұрам... сол шақта
Құс болып ұш та
Құшағыма кеп сүңгіп кет!






Пікір жазу