23.05.2021
  214


Автор: Аймақ Әбілда

Қып-қызыл қан

Орта кесеге қып-қызыл қанын жұқтырып,
Ұрттадым шарап көңілдің күйін ұқтырып.
Тамыр-тамырымды қуалап ала жөнелді
Пендеге бітіп көрмеген әлі мықтылық.

Өзімді-өзім неліктен мұнша шектегем,
Шуағын-нұрын аямай бір сәт төкті өлең.
Туғалы бергі іздеген нәрсем табылып,
Қоштасты қайғы тістесіп менен кетпеген.

Өмірде пәни жақсылық аңсап егілген,
Жаралған жеке сезімнің құлы едім мен.
Талай да талай бір уыс болып бүрісіп,
Ұқпайтындардан сағым да сынып жеңілгем.

Шырын шараппен тұрдым-ау жанды сілкілеп,
Сені мен қыз ғой орындалмайтын бір тілек.
Періште ару, қасыма келші, қасыма
Сөйлейін саған шаттықтан шалқып, күркіреп.

Не қылар маған айнала жұрттың өсегі,
Жатайын мәңгі қайғыны өртеп кешегі.
Көзіңнен ішіп таусылмас ләззат шарабын
Кеудеңе әппақ төңкеріп екі кесені.





Пікір жазу