ҚАРАЛА СЫРМАҚ
Көңілімнен айығар сырғақ-күдік,
Бала күнді толғансам жырлап тұнық.
Анам сонда жүретін тым асығып,
Ою салып өрнектеп сырмақ тігіп.
Балалықтың аңсадым құлынды әнін,
Қайда қалдың?!Тым тентек жұлынған үн.
«Келіншек алып берем»-дейтін анам,
«Қайтесің?»-деп сұрасам «мұның бәрін».
Армандаумен өткеріп таңды кілең,
Бір қиял көкірегімде жанды білем.
«Келіншек алу үшін»-деп ойладым,
Өрнекті сырмақ керек алдыменен.
Бәрі де сақталыпты есте берік,
Сырмақтар тігілген соң кестеленіп.
«Көршінің кенже қызын алып бер»-деп
Қиғылық салдым бір күн кешке келіп.
Шағым ол ойламайтын тереңдей тым,
Қайғының сезінбеген керең кейпін.
Үйіне барсам ылғи әкесі де,
«Қызымды саған ғана берем»-дейтін.
Гүл-балалық құшағын тұрады ашып,
Естуге шат күлкіні құлақ асық.
Әйтеу бір жалған-шынын біле алмадым,
Анашым келді бір күн құдаласып.
Қуаныш үн көңілді көреді асқақ,
Енді бәрін көзіммен өтем жасқап.
Жүрдім сосын сыртынан иемденіп,
Ауылда жігіт те жоқ бөтен-бастақ.
Елітіп жастығымның күй ырғағы
Аңсадым арман жолын қиырдағы.
Тігіліп қанша сырмақ бітседағы
Қайтейін көрші қыз да бұйырмады.
Малданып белең берген жырға қылаң,
Кеудемде шертілгенмен сырғалым ән.
«Олжасыз» барғанымда анашым-ау,
Ұялам сол қарала сырмағыңнан.