20.05.2021
  338


Автор: Жассерік Сәдуақас

Қайырсыз қара орман

Шал таңертеңгі шай ішілгенде жақ ашпады. Томсырайып отырған қалпы екі кесе шайдан соң бет сипады да, үстел басынан шегіншектеп кетті. Соңғы аптада тапқан әдеті осы. Қайтсем қыбын табам деп ұстара жүзінде отырған тоқалы Қадиша шалының әлгі қылығынан кейін бүгежектеді де қалды. Сүт қатқан хош иісті қою шайдан маңдайы енді жіпсейін деген. Шалы үстелден шегіншектеп кеткен соң шарасыздан дастарханның бір шетін жиыстыруға кірісті. Жаратпағаны бет-пішінінен білінгенімен, тіс жармады. Сөйлесем сыздаған жараның аузы ашылып кете ме деп сескенді. Осы үйдің босағасынан аттағалы бір айдың жүзі болған. Арқасын қабырғаға тіреп, мүлгіп отырған шалының мінезінен де сыралғы емес. Бәйбішесін жер қойнына беріп, кенже ұл мен кіші келіннің қолына қарап қалған Жанпейіске тоқал болуы да аяқ астынан.


***


Қадишаның күйеуі қайтыс болғалы қабіріне бес-алты рет қар түсіп үлгерген. Екі ұл, бір қызы қалада. Келін түсіріп, қыз ұзату қызығын құдай бұған хош көрмей тұр. Балалары үй болатын жасқа жеткенімен, елтең-селтең жүрістен тыйылар емес. Не орнықты жұмыс, не басыбайлы баспана жоқ. Үлкен ұлына көктемде «соқа басың селтеңдеп қашанғы жүрмексің» деп емеуірін білдіріп еді, «Немене , келін түсіретін дәулетің тіреліп тұр ма?» деп, ежірейген соң, тілін тістей қойған. Күйеуі көз жұмғанда ұрпағының қызығына деп жиған азын-аулақ мал да, бір сыдырғы дүние-мүлік те калып еді. Аз ғана малды аузын арандай ашқан ауыр тұрмыс жұтса, киім киіле-киіле тозған. Елуден енді асқан жасамыс әйел ерінің қара шаңырағында осылайша шықпа жаным, шықпамен күнелтіп отырған. Міне, осындай әрі-сәрі күйде жүрген Қадиша екі кештің арасында от ала келген әйелдей бастырмалата сөйлеген құрбысы Зибаштың сөзінің мәнісін аңырыңқырап барып әрең ұққанда, ыршып түскен.


— Бәтір-ау, байсырап отыр деймісің. Өзі қосқанын құдай өзі алды. Шымылдығы желпілдеп отырған жас келіншек емеспін. Анау сойдауылдай ұлдарымның, бой жеткен қызымның бетіне қалай қараймын?


Қадиша Зибаштың сөзінен ат-тонын ала қашқан. Алайда, Зибаш та қадалған жерінен қан алады екен. Бұрын сирек кіріп шығатын бұл үйдің есігін бермей қойды. Сырттай атастырып жүрген шалды айтқанда аузы-аузына жұқпай, жесір әйелдің осал тұстарын дөп басып, іші-бауырына жылан құрттай кіріп алды.


— Қадиша-ау, еріңнің артын бес-алты жыл күттің. Аруағы риза. Бала дейтін, балаларыңның сиқы анау. Қолыңды жылы суға малып қоймас. Ендеше, бетіңнің әрі таймай тұрғанда әлгі шалдың түп етегінен ұста. Оның да қартайып тұрғаны шамалы. Алпыстың арғы-бергі жағында. Бақуатты әрі дәулетті көрінеді. Балаларының бәрі орнын тапқан. Сенің ұл-қызыңның аяғынан тұрып кетуіне көмектеспесе, салмағын түсірмейді, — деп мұны майшелектей айналдырып, құлағының етін жеумен болды.


Жесір, қауқарсыз әйел қорғансыз келеді. Жанашырлықпен айтылған жылы сөз қорғансыз әйелдің буын-буынына түсіп, құлбұраудай ширыққан жүйкесі босап, көз жасына ырық береді. Қадиша да сөйтті.


— Бұл да бір Алланың жазуы болар. Балаларыммен сөйлесейін, — деп көнген сыңай білдірді. Зибаш арқасынан ауыр жүк түскен адамдай:


— Тым созба. Алдағы аптада нақсүйерің келіп те қалар, — деп қуақылана күліп, риза пішінмен үйден шығып кетті. Зибаштың соңғы сөзін естігенде беті тыз етіп, алаулап шыға келген Қадиша «балаларыммен әңгімем жарасса тәуір ғой» деген күдікпен орнынан тұрып, шаруасына кірісті.


Жанпейіс қалың қабақты, көзі нұрлы, дөңгелек жүзді адам екен. Сөзге сараң, иі жұмсақ тәрізді. Шешіліп сөйлесе алмай, кібіртіктей берген соң, бар шаруаны тағы да сүйреңдеп отырып Зибаш тындырды. Кейін білді ғой, қимасы неге қышып жүр десе, Зибаш Жанпейістің аталас туысы екен. Осылайша, ойламаған жерден Қадиша апақ-сапақта бөтен шаңырақтың босағасын аттады. Тумысынан ашық жан емес еді. Түскен үйіне сіңісіп кете алмай, кіріптар күйден арыла алмай жүр. Шал жалғыз болса, жеңілірек болар ма еді, бәлкім? Қолындағы кенже ұлы Қайрақбай мен келіні Әсемгүл Қадишаны келген сәттен жақтырмай қарсы алды. Содан бері ит пен мысықтай аңдысып күн өткізуде. Бір үй екіге жарылғандай. Жастар көбінесе ас-суын бөлек ішеді. Қадиша осы үйдің қонағы сияқты. Қазан-ошақтың билігі — Әсемгүлде, мал-мүлікке қожа — Қайрақбай. Көлденең көк атты түгілі, бір кіндіктен тараған бауырларына себепсіз дәм татырмайтын қаруалық біткен бойларына.


Қадиша осы үйге түскенде қаладан Жанпейістің үлкен ұлы бір топ жолдасымен сау етіп жетіп келген. Әсемгүл қайнағасына бір шәйнек суын сызданып жүріп әрең берді. Қонақтар шай ішіп болысымен, ауылға келгендегі шаруаларын тындыруға шығып кетті. Әсемгүл әдеттегі пысықтығымен үйді жылан жалағандай жиыстырып шықты да, теледидардан сүйікті сериалын көруге отырды. Келінге батылы жетпеген Қадиша шалы Жанпейіске:


— Балаң сыйлы азаматтармен келіп отыр ғой. Қой союға қамданайық, үлгере алмай қалармыз, — деген. Шалы орнынан былқ етпеді. Әңгімеге құлақ түріп отырған Қайрақбай тоқал шешесін оқты көзбен атып, сыртқа шығып кетті.


— Әсемгүл шырағым, ендеше тоңазытқыштағы өлі етпен қазан көтерейік...


Келіннің түсі бұзылып бара жатқанын көрген Қадиша аузына келген келесі сөзін ішіне жұта қойды. Әйтсе де жаза басқан екен.


— Құйысқанға қыстырылмай жайыңа отыр, дайын асқа тік қасық болмай. Көрінгенге шаша беретін далада жатқан мал жоқ. Монтиып, мүләйімсіме. Зымиян ойыңды білемін. Жарымаған аш-арықтарыңды күні ертең осы үйден асырамақшысын ғой. Аяқтарын аттап бассыншы, қара шаңырақты ортасына түсірейін.


Екі беті долырып, қояншығы ұстап шаптыға жөнелген Әсемгүлдің удай ащы тілі қақ маңдайынан дойыр қамшымен тартып жібергеннен кем тимеді. Қаперінде аузын аша алмай, тек бөстек үстінде жантайып жатқан шалына жаутаңдап қарай берді. Жанпейіс келіннің сөзін естімегендей, жер шұқыды. Ақыры қонақтар кешкілік құр шаймен аттанды. Сол күні араға түскен сызат күннен-күнге ушығып барады. Жұдырықтай балаларға Қарабайдың дүние қоңыздығы қайдан келген деп Қадиша қайран. Алғашқы ұрыстан соң-ақ кетіп қалғысы келген. Мұның екі ойлы болып жүргенін сезген Жанпейіс оңашада:


— Асықпай айтпақшы едім. Ұл — жасық, келін — дәупері. Марқұм бәйбішеме қайғы болып жамылған осылардың ит тірлігі. Дегенмен, ақылға салып, ойлан. Кеше ғана кетіп, енді кері жетіп барсаң, ауыл-аймағыңның, ағайын-туғаныңның бетіне қалай қарайсың. Мүмкін бір Алла жөнін беріп, сиысып кетерміз, — деп Қадишаға басу сөз айтқан. Шалының осы сөзі тоқтау болып әрі Жанпейістің сүйек шатыс ағайындары, қаладағы балалары есік көрсетуге шақырып, бойжазып, сергіңкіреп қалған. Десе де, күздің жылаңқы жаңбырлы аспанындай отбасындағы тоңтеріс тірліктің қабағы ашылмай-ақ қойды. Шалы да ішін жегідей жеген уайымды сыртынан сездірмей, ара-арасында күрсініп, жауар бұлттай түнеріп жүр. Соған қарап Қадиша шаңырақта сатыр-сұтыр етіп найзағай жарқылдайтын күннің таяп қалғанын запы болған әйел жүрегімен сезінді.


***


Жанпейіс күн көкжиектен қылтия шабдар атына қонды. Астынан су шыққандай ертелетіп қайда бармақшы деп аңырған Қадиша ауладан шығып қарап еді, шалы шабдарды сипай қамшылап сайға құлдилап барады екен. «Е,е, бәйбішесінің басына құран оқып қайтпақшы, сірә» деп ойлаған тоқал кері бұрылды.


Жанпейіс бейіттен қайтуға асықпады. Қалың шөпті жапыра малдас құрып отырған қалпы бәйбішесінің құлпытасына ұзақ тесіле қарап, қым-қуат ойға берілген. Ерні күбірлеп отыр. Биғай-ау, қажыдым ғой. Кіндігімнен жаралған баланың уайымы қабырғамды қайыстырды. Менен сен тәуірсің. Қара жердің қойнынан тыныштық таптың. «Ішіне шынтақ айналмайтын ежірей деген ұлың болады, ақыл айтсаң ауырып қалатын» деп бұрынғылар бекер зарламапты. Үстінен құс ұшырмай өсірген кенжеміз шіріген жұмыртқа болды. Ашкөз келіннің айтқанына арбалып, айдаған жағына мұрнын тескен тайлақтай еріп жүре береді. Отау бөлмеге тығылып алатын екеуінің күбір-сыбыры көбейді. Қайын жұртына шапқылауы да жиіледі әлгі бозөкпенің. Осылар бірдеңені бүлдіре ме деп түнде кірпік ілуден қалдым. Қара орманға от кіре ме деп қорқамын».


Жанпейістің есіне Биғайдың көзі тірісінде болған сұмдық оқиға түсті. Сол оқиға шал мен кемпірдің жүрегіне тікендей қадалған. Адуынды келіннің ілік іздеп, ұрыс шығарып, көзі боталаған жалғыз ұлын апыл-ғұпыл киіндіріп, төркініне тайып беретініне көндіккен. Содан тым-тырыс жатып алатын. Сақалды басымен құдаларының аяғына жығылып, келінді өзі барып алып қайтып жүрді. Бірде Қайрақбай үйіне қаладан кеш оралды. Әдетте аузына сирек алатын ащы суды сілтеп жіберсе керек, көздері жылтыңдап, тілі күрмеліп, табалдырықтан сүріне кірді. Бәтеңке қонышынан батпақ, шалбардың балағы салтақ-салтақ. Келіншегінің жыландай жиырылғанына назар аудармастан, тәлтіректеп төрге озып, диванға қонжия кетті.


— Миғұла неме. Қай жетіскеніңнен тойып алғансың. Базарға шығарған өгізшенің ақшасы қайда?


Әсемгүл әдеттегідей бұрқырай жөнелді. Әншейінде аузы буылған өгіздей үндемейтін Қайрақбай бұл жолы жалы күдірейіп, қолына іліккен аласа тақты келіншегіне жіберіп қалды. Ұшып келе жатқан тақтан зорға жалтарып үлгерген Әсемгүл:


— Шірік неме, құтырайын деген екенсің. Мә, сыбағаңды ал ендеше, — деп, әлгі тақты долы күшпен кері лақтырғанда, ол Қайрақбайдың жанында абдырап отырған шалдың шекесіне сақ етті. Тақтың қыры тиіп сыдырылған терісі астынан сыздықтап қан ақты. Аңдаусызда атасын жаралаған келін сыртқа ұмтылды. Оқыс оқиға есін жиғызып, сүмірейген ұл келінге ілесе кетті. Жай оты түскендей опыр-топыры шыққан ордада зарлап шеше, бетін қан жуған әке қалды.


— Сорлатты ғой, бесік көрмеген бетпақ. Ел-жұртқа қалай көрінесің енді? — деп, зар иледі Биғай шалының бетін жуған қанды орамалмен сүртіп жүріп. Әлсіз жүрегі сыр беріп бәйбішесі ертеңінде ауруханадан бір-ақ шықты. Халын сұрай келген шалының шодырайған шекесінен еппен сипай отыра Биғай:


— Іштен шыққан шұбар жылан ғой. Омырауымды қақтаған сүткенжем еді. Мен кештім, сен де кеш. «Мал құлағы — саңырау». Дабыра қылма, — деп егілді. Шың деспей отасқан Биғайы дәм-тұзы таусылып, жарық дүниемен қоштасты. Мұның ендігі отырысы мынау. Жанпейіс орнынан ұмтыла тұрып, шақша басы шарадай болып, зираттың темір қазығына байлаған атына беттеді.


Арада апта өтер-өтпесте жай оты жарқ етті. Кешкі асқа бұл жолы төрт көзі түгел отырған. Ас қайырардың алдында ұлы әкесіне қарап тамағын қырнады. Шал оның әлденені айтуға оқталғанын сезіп, жүзін бұрды.


— Әке, — деді кенжесі күмілжи сөйлеп. — Бір шаңырақтың астына сыйысар емеспіз. Сіздер бөлек шықсаңыздар қайтеді?


Ынжық ұлынан бәрін күтсе де, Жанпейіс дәл мұны күтпеген. Жаңылыс естіген шығармын деп Қайрақбайға аңыра қарады. Әкесінің шарасыз кейпінен жүрегі шым етті ме, ұлы жүзін төмен салып, саусақтарын сыртылдатты. Есесіне келіні:


— Ата, солай ұйғардық. Машина мен мүлік бізге қалады. Әйтпесе мен кетемін, — деді беті бүлк етпестен.


Тасбауыр бала мен безбүйрек келіннің мына сөзінен соң Жанпейіс есін әрең жиды.


— Шырақтарым, осы қара орманда тіреліп тұрған дүниеге басыбайлы сендер иесіңдер. Ағаларың еншісін алған. Екеуің мен қарғадай немереме жиылған дәулет молынан жетеді. Қартайған шағымда қара шаңырағымнан қуатындай не жаздым? Бір шидің басын сындырсам да, пайдам болмаса, зияным тимес. Келін қарағым, төсек жаңартсам, желіккеннен емес. Жас бала ғой, ертең ауырып-сырқасам, саған обал болар деп, қамыңды ойлаған едім. Ашу-дұшпан, аптықпай ақылға салайық.


— Жоқ, тездетіп күз түспей үй қараңдар.


Келін сазарып үстел басынан тұрып кетті. Ұл аузына құм құйылғандай тым-тырыс. Тоқал жапаң-жапаң етіп біресе өгей ұлға, біресе шалына қарайды.


— Әй, тексіз неме, — деді шал оқыс шамырқанып. — Обалың өзіңе. Тірі тұрғанда қара шаңырақ иесі мен. Үй де, дүние-мүлік те менің атыма хатталған. Сенің де сіңірген еңбегін бар, хақыңды жемеймін. Еншіңді ал да, бөлек шық. Ал ана қатының ерін бауырына алып туламақ түгілі, адырам кетсін. Сен де қараңды батыр.


Жанпейіс екі күннен кейін қаладағы үлкен ұлымен хабарласты. Кенже ұл ауылдан бос үй тауып, жүктерін буып-түюге кіріскен. Келін түтігіп жүр. Дағарадай алты бөлмелі үйдің астан-кестенін шығарып, күйеуін жүндей түтіп жатқанда қаладағы ұл да жетіп үлгерді. Қаланың қаратаяғы емес пе, нотариальдық кеңсенің қязметкерін жанына ілестіре келіпті. Үлкен үйдегі мал-мүлік үлеске түсіп, табан астында заңдастырылды. Мұның біріне араласпаған, төрінен көрі жуық қалған шағында елдің алдында масқара болған Жанпейіс бүк түсіп жатып алды. Жүк тиеген көлікпен бірге қозғалған жеңіл машинаның алдыңғы орындығына жайғасқан келіні Әсемгүлдің:


— Қимаған қара орманыңның күлі көкке ұшсын, — деген қарғысын шал естіген жоқ.


***


Бұрын-соңды болмаған осы сұмдық оқиғадан соң сыпсың сөз қауға тиген өрттей қаулап барып басылған. Қойын құрттап, айранын ұрттап мимырт отырған ауыл қалыпты тірлігіне көшкен. Тек Жанпейістің ғана жан азабы өзінде. Айналма болған адамдай айналсоқтап үйінен қадам аттап шықпайды. Қазаның жолы ауыр болған соң, өмірден өткен замандасына топырақ салуға барған, кенже ұлымен ұшырасып қалды. Ұлы бөтен адамдай теріс айналып кетті. Жанпейіс те ерқашты мінез танытып, бойын қарттардан аулақ салып, асқа қарамай үйіне қарай бүлкектеді. Үйіне жете бергенде аула сыртында тұрған бөтен машинаны көріп, «Бұл кім болды екен?» деп аңтарылған. Ойда жоқта жетіп келген тоқалының балалары екен. Олардың бұл келісін шал жақтырмады. Әйтсе де, Қадишаның көңіліне келер деп жылы есендескен болды. Бір қойын сойып, көршілерін шақырып, күтіп жіберді. Қонақтар тараған соң да көпті көрген кәрі жүрегі атқақтап, елегізіп ұйықтай алмады. Үркер ауа сыртқа шығып еді, ауыл қалың ұйқы құшағында мүлгіп тұр.


Жанпейістің көзі ілініп кеткен екен, есікті тарсылдатқан дыбысты естіп шошып оянды. Бөлменің ішінде жалқыңды сәуле ойнайды. «Ия, Алла, ия, Алла» деп тілін кәлимаға әрең келтірген шал терезеге үңіліп еді, қора-қопсысы лапылдап жанып жатыр. Шапанын желбегей жамыла сала сүрініп-қабынып тысқа ұмтылды. Өртті алдымен байқаған көршісінің аттандаған даусына бірқыдыру кісі жиналып қалыпты. Бірақ өрт сөндірушілерге бой бермеді. Ала жаздай күнге күйіп қураған қора-қопсы қамыстай бытырлап жанып, маңайына жан жуытпады. Жиналған жұрт жан далбаса қимылдап, әйтеуір оттың бетін үйге жеткізбей қайтарды. Қара қожалақ болған адамдар үйді-үйіне тарағанда алакеуімдеп таң да атқан. Үйге жалғаса салынған гараж жартылай жанса, қораның күлі ғана жатыр. Төңіректен қоңырсыған иіс шығады. Жанпейіс пен Қадиша ыс тиіп қабырғасы қарақошқылданған қара орманның қасында ербиіп тұр. Шығыстан шұғыласын енді шашқан күнге масайраған шүйкімдей торғай шалдың төбесінен айнала ұшып шыр-шыр етеді.


— Қайырымсыз бала, қайырсыз қара орман, — деп, жүрегі қан жылап тұрған Жанпейіске шүйкімдей торғай қатыгез баласының қылығына араша сұрап шырылдаған бәйбішесі Биғайдың титімдей жаны секілденіп кетті.


...Ертеңінде дүрліккен ауылда «өрт салған Қайрақбай екен», деген алыпқашпа сөз желдей есті.





Пікір жазу