20.05.2021
  287


Автор: Арай Қанапияқызы

Өмірдің мәні: өмірде емес...

(немесе балалық шақта естіген әңгіме соңы)


Жаздың жайдары, жанға рахат сыйлар тамылжыған күніне қарамастан, кенеттен соққан жел жердің ұсақ-түйегі мен шаң-тозаңын аспанға көтерді. Алды-артына қарамай, ашу шақыра келіп, өз дегенін істейтін тентек желден сескенгендей, қаз-қатар өскен аппақ қайыңдар жапырақ желектері желбіреп, бас изеп, оған сәлем бергендей болды. Бірақ мұны елеген жел болған жоқ. Табиғатқа әсем рең беріп, өз көркімен адамдарға қуаныш сыйлайтын аппақ қайыңдардың желектерін ұйпа-тұйпа етіп, жайнап өсіп тұрған біреуінің жасыл жапырағын жерге ұшырып түсірді. Ағашта қалған өзге жапырақтар жерге түскен жапыраққа қинала қарап, қайғырғандай өзара тербеле жөнелді. Оның тіршілік сағаты бүгін тоқтарын білген кім бар екен?! Қазір болмаса да, осы бір сәт өз бастарынан өтетінін сезетіндей барлық ағаш бір-біріне үн қатқандай, өзара сыбдырласқанымен, үзілген жапырақ өз орнына келген жоқ.


Көзді ашып-жұмғанша болған осы құбылысты терезеден байқап қалған менің ойым санамда сіңіп, жадымда жатталып келген өмірдің мәні ұғымының соқпағын шарлады.


Иә, өткен іс те, күндерде орнына келмейді. Олардың орнын тек естен етпес естеліктер мен сағыныш сазы ғана ауыстыра алады. «Біз — өмірге қонақпыз», — дейді сол тіршілік иесі атанатын адамдарымыздың талайы. Бұнысы — ақиқат. Мәңгілік мәнісінің ұзаққа бармайтынын тірі пенделер біледі. Шынында да, өмір — бір өткел. Алдыңғы да өтеді, кейінгі де кетеді. Сонда өмірдің мәні неде?


Тіршілік атаулы пайда болғаннан бастап, жақсылықтың мәнін түсіну үшін — жамандық, қуаныштың мәнісін білу үшін — қайғы, қимастықтық ерекшелігін пайымдау үшін — сағыныш ұғымы адамдарға серік болды.


«...Жер бетіне енді жан бітіп, тірі жан иелері қалыптаса бастағанда, адамға ой мен ақыл берген жаратқанның арқасында осы бір тіршілік иелері дамудың талай белесінен өтіп, бақытты күндердің құшағында шалқыды. Бірақ оның мәнін де, қасиетін де сезбеді. Өмір бойы осы құбылыстар қалыптасатындай сезінді. Адамның адамдық болмысын қалыптастыратын Парасат пен Ақыл оларға осы өмірдің мәнін түсіндіру үшін Қайғы мен Өкінішті көмекке шақырыпты.


Қайғы келді. Адамдарды жасына жеткізбей қартайтты. Дүниенің орны толмас бөлшектерін сезіндірді. Олар одан құтылудың амалын ізденді. Бірақ тым кеш еді. Бақытты ғұмырдың бесігінде тербелген мына өмірдің шат-шадыманынан айырылғысы келмеген Қайғы адамдар мекенінде мәңгілікке тұрақтап қалды.


Оның соңын ала бере Өкініш жетті. Тірі кезінде сыйласа алмаған пенделер өкініш өзегін өртеген кезде ғана, татулық пен достықтың, кешірімділік пен кішіпейілділіктің ғұмыр келбетін келістірер мәнді ұғымдар екенін шын мәнінде түсінді. Бірақ айтқанынан қайтпайтын, бір ізді Өкініш те өз ордасын осы өмірге қалағанда, сан соқты, бақытты ғұмырдың қадірін сезінбегендеріне бармақтарын тістеді. Бірақ күресуге тым кеш еді.


Жайлылық пен мәңгілікті көксеген Қайғы мен Өкініш өзге ізгі ұғымдар: Бақыт, Қуаныш, Парасат, Ақыл сияқты адамдармен мәңгілікке бірге болуды мақсат еткендіктен, олардың жүрегінен орын алуды көздеді. Жақынынан ажыратып, жандарына жара салды. Жаман сөз айтқызып, теріс әрекеттер істеткізіп, опық жегізді. Алғашында адамдарға тек бір сәт қана бақыттың мәнісін сезіндіру үшін шақырған Ақыл мен Парасат бұл екеуінен қалай құтылудың амалын іздеді.


Ақыл ойланды, Парасат толғанды. Сөйтіп, шешімге келді.


Олар біреудің жаны жараланып, біреу қайғырса да, екіншілері оны қайталамау үшін одан сабақ алсын деген ниетпен Қайғы мен Өкініштің адамдар жүрегінен орын алуына іштей келісті. Сонымен бірге олардың орнын баса алатын ерекше, соны, жайдары, жайбарақат жүретін бір ұғымды адамдар мекеніне шақырды. Ол өте қарапайым болатын. Сол қарапайымдылығының арқасында Қайғы мен Өкініш сияқты әр адамның жүрегінен орын алуды көздеген жоқ. Өзін іздеп келген адамға ғана қызмет етуді ойлады.


Қарапайым ғана қоңыр тұрмыс кешкен оған адамдар да Қайғы мен Өкінішке қарағандай зер салмады. Бәрі бірдей бағалай да алмады. Тек көңілі терең, ақ-жарқын, кең пейіл қауым ғана өмірдің мәнін сол екенін терең сезінді. Сол себептен олар да қайғы да, өкініш те аз болды. Келген Қайғыны сабырға жеңгізуді білді...


Содан бері талай уақыт өтсе де, осы бір ұғымдар бізбен бірге жасап келеді. Өмірдің мәні түсінгенге — ауыр, түсінбегенге — жеңіл. Өмірдің мәні — өмірде емес...»


Қоғамдағы келіспеушілік пен түсінбеушілікті көрген сайын өз өрнектерімен ойыма өздігінен орала беретін, анам жиі айтатын осы әңгіме мені тағы да ой құшағына орады. Анам әңгіме желісінің қалай аяқталуы керек екендігін өз еркіме беретін. «Өмірде адам үшін ең маңызды не?Ақыл мен Парасат адамдар мекеніне нені шақырды? Қалай ойлайсың?» деген сауалдарды қойып, жүзіме жымия қарайтын да, өзге іспен айналысып кететін.


Оқиға соңын қалай аяқтарымды білмей, ойым орта жолда талай рет тоқтап та қалды.


Қоғамдағы алауыздық пен араздықты, түсінбеушілікті, екі сөздің басына жетпей, ұрыса кететін құбылыстар үнемі ойға сауал қалдыратыны да жасырын емес. Төңіректегі адамдардың барлығы жылы жүз мен жақын қабақты қажетсінетіндей. Өмір адамдарды талай істің қыр-сырына үйретсе де, бірақ жүректері ғажайыпқа сенетін олар сол шын мәнінде өздеріне ауадай қажет шырайды өзгелерге өздері сездіретінін сезбейді де.


Көбінің жүзінен рахаттанып тұрып Қайғы орын алған. Мына мекеннің мәңгілік ұғым иесі атанатынына тек сол қуанатындай.


Егер адамдар үнемі көңілсіздікті серік етіп жүрсе, бір келеңсіздіктің болғаны да. Тіршілік тауқыметі, күнделікті тұрмыстағы жетіспеушілік, істейтін ісіне үлгермеушілік сынды ұзын-сонарға созылатын көңілсіздік әкелетін ұғымдар атауы сансыз көп. Дегенмен әр нәрсеге бір ашу шақырып, болмашыға ыза бола беру — адамның аз жасауына таптырмайтын «ем» болатынын да білмейтіндер жоқ емес-ау.


Керісінше, адамдарға жақсылық жасау, қайырымды іс ету, жылы сөз айту — өзгенің ғана емес, өз жаныңды емдеудің ең қарапайым жолы екенін қоғамдағы басым көпшіліктің көбі пайымдаса екен ғой дейсің. Басқа ел, басқа мемлекет емес, біздің қоғам!


Біздің қоғам, біздің ел дейтінім: жер бетінде қаншама ұлт мекендесе, соншама ел бар екені мәлім болса, солардың ортасынан өз еліміз кішіпейілділікпен орын алса ғой арманның аңсауы ғой.


Жер бетіндегі көп ұлт демекші, олардың түр-тұлғасы ғана емес, өзіндік адамдық сырлары да әр қырынан танылады.


Бүгінде жер-жаһанға аты жақсы таныс, дамыған елдер қатарына жататын жапон халқының мінезділігін осы бір жерде тілге тиек етпей болмас. Көшеде келе жатқан адам байқаусызда біреуді қағып кетер болса, оның кеудесіне қос қолын қойып тәжім етіп, кешірім сұрауы міндет болса, тіпті, қағылғанының да кешірім сұрауы — сыпайыгершіліктің мәнісі екен. Екі жақ та кешірімді. Екі жақ та болмашыға ашу шақырмайды. Саналарына сіңіп кеткен осы бір әдет ол халықтың қай елде жүрсе де, бүгінге дейін жалғасқан, ұстанатын озық дәстүрі. Алайда кешірімділіктің символы іспеттес бұл әрекеттің алыстан өзі ашу шақырып, ізденерге қара таппай жүретін көпшіліктен көз сүрінер біздің қоғамға әлі де жат екендігі жасырын емес...


Дегенмен «пешенеге жазылған» қандай ғұмыр иесі болсаң да, өміріңді гүлдендіретін де, күлін көкке ұшыратын да өзің екеніңді ұмытпағаның жөн! Алдыңғы буын жүріп өткен, кейінгі келешек келе жатқан осы өмір көшінде өмірдің мәні бақыт деп те, байлық деп те, атақ деп те арпалыспағаның абзал.


Біз іздеген өмірдің мәні ой тереңінде, сана түсінігінде қалыптасқан. Сондай-ақ, қазақ ұғымында салт-дәстүрдің бір белгісі ретінде сақталған. Осыған қарағанда кейінгі ұрпағының ашушаң болып, айтқан сөзге түсінбей кете беретінін бабаларымыз сезген бе деген ойға қаласың. Кішінің — үлкенге, үлкеннің кіші алдындағы сыйласымдылығы, адамдардың бір-біріне сыйласымдылығы — қарапайым күнделікті тұрмыстан басталатындығы баршамызға мәлім.


Қайғы мен өкініш өмір сүріп жүрген әр пендеде болатыны белгілі. Адамның адамдығы қиындығын көрсетпеуінде, қасіретін бойына жасыра білуінде. Жанындағы жандарды өз адамгершілігімен баурап, сыйлайбілуінде.


...Демек өмірдің мәні өзінде бола отырып, аспай-таспай жүре беретін СЫЙЛАСЫМДЫЛЫҚтың шынында да қарапайым болғаны ғой. Өзімнің әр сәтіме серік болуға тырысатын — Сыйласымдылықты қалай ғана байқамағанмын...


Адамдар мекеніне келген ұғым Сыйласымдылық екен ғой.


Жылдар жетегіне жалғасқан сол кездегі әңгіме соңын терезе алдында тұрған мен өз ойымша, осылай аяқтауды ұйғардым.


Адамдар арасындағы сыйласымдылық санаңа сана, ойыңа ой, көңіліне қуаныш сыйлайды. Біреуге қажет екеніңді сездіреді. Жылы сөз, жарқын күлкі адам мұқтаждығын жоймайды, көтеріңкі көңіл сыйлайды.


Өзгенің жақсы ісіне жаныңды жадыратып, шын ниетіңмен қуана алсаң, ақ пейілмен қызыға қарай алсаң, қуанышың мен бақытың өзіңе қарай қанаттарын қағып құрақ ұшатынын сезе біл!


Адам ғұмыры да кез келген сәтте жас жапырақтай үзіліп кететіні даусыз. «Қамшының сабындай» қысқа ғана ғұмырда жақыныңды жаныңдай, жатыңды жақыныңдай сыйлап, ғұмыр күндерін сыйласымдылыққа арнағанның несі айып?!





Пікір жазу