Біздің ауылдың боздақтары
Біздің ауылдан соғысқа 500-ден астам алынып, оның 300-ге жуығы қаза тапқан.
Бұл деректер Тынышбек Дайрабайдың «Сыр перзенттері» кітабынан алынды.
Бұл өзі мұңлы тарих көнермеген...
Бұл қазақ бұл ғасырда не көрмеген?
Бұл қазақ бұл ғасырда не көрсе де,
Тірліктің керуенін шөгермеген.
Қаңбақтай жел көтеріп қаңғалаған,
Күн өткен күрсініспен Аллалаған.
Сонда да күдерін еш үзбей кепті,
Үмітін үмітіне жалғап аман.
Ел еді көкіректе көп алаңы,
Жүдетті ақ патшаның зобалаңы.
Советтер деген тағы бір жау шығып,
Көтерсең, басың жерге домалады.
Етті де, астықты да салық қылып,
Қазақты тұралатты, тарықтырып.
«Халықтың жауысың» деп қанын төкті,
Аузынан асын жұлып алып тұрып.
Жік салды ел-жұртыма сынадайын.
Күй кешті әрі-сәрі бұл ағайын.
Байын да, кедейін де жауға санап,
Қазақты қырып салды қынадайын.
Мал баққан еркін елге құлдық ауыр,
Оқсатып талмау тұстан ұрды кәуір.
Ел қалды есеңгіреп, ес жыйа алмай,
Осының көрді бәрін біздің ауыл.
Санаңды үміт сөнсе қамалар мұң,
Түнекті серпіп қайта жаға алар кім?
Бойынан бес қаруын тастамаған,
Арманы осы ма еді бабалардың?!
Бабалар көксеген сол арман қайда?
Омалып орта жолда қалғандай ма?
Ұрпағы жаттың жерін қорғап өлді,
Кешегі әділетсіз қан майданда.
Қан майдан әділетсіз болған ауыр,
Тұрмысы түзелмеген, ол да жауыр...
Соғысқа бес жүз ұлын аттандырып,
Теңселді Мақпалкөлге қонған ауыл.
Сол ауыл біздің ауыл, соры қалың,
Төселген орыс келіп жолына мұң.
Үш жүзі бес жүз ұлдың оралмады,
Аһ ұрып, ақыретте болып ағын.
Қоңыр күй, қоңыр тірлік, қоңыр аймақ,
Тарихта таңбаланды болып айғақ.
Берлинді жеңді Мәскеу ойсыратып,
Жеңілген қазақ болды соры қайнап.
Боздапты тұрақ таппай кешқұрым нар,
Беймезгіл маңырапты ешкі мұндар.
Қалдырған жерді иесіз, елді иесіз,
Сталин мен Гитлер – жексұрындар!
Бір сөзді шемен болған қозғап қалдым,
Еске алар шейіттерін боздап халқым.
Төсенген топырағы торқа болсын,
Иманы жолдас болсын боздақтардың!
Бейбіт күн бақытына оранбаған,
Жар сүйіп, балаға әке бола алмаған,
Еске алып отырайық, дұға қылып,
Ерлерді сұм соғыстан оралмаған!