20.05.2021
  293


Автор: Қази Данабев

СЫРТТАННЫҢ АЖАЛЫ

Әкем әспіден құлан-таза айығып кетпегенмен, ыңқыл-сыңқылына қарамай тіршілікпен қоян-қолтық араласып кетті. Ол кісінің жоқшылық заманнан үйренген бір кәсібі — аңшылық. Ашаршылық заманында әулетімізді аман алып шыққан әкемнің қандыауыз қақпандары мен жүгірткен иті шығар. Бір өкініштісі — әкем осы аңқұмарлығын жақсы заманда да қоя алмады.


— Обалы бар ғой... Қоян-киік демейсің, түйеге теңдеп артып келесің... Бір алған текең де бір айлық азығымызға жетеді ғой... Жұртқа үлестірмесең, көңілің көншімей ме, қойсайшы осы әдетіңді, — деп шешем екі күннің бірінде құдайдың зарын қылады. Оған құлақ асатын әкем жоқ, қысы-жазы далаға қарай елеңдейді де отырады. Аңшылықты мен де теріс көрмеймін, қақпан қарауға ілесіп бірге шығып жүрмін. "Сарықұс" деген тазы мен "Құттөбет" деген күшігіміз бар. Мен ес білер кезде "Сарықұс" қартайғандықтан әбден алжасты да табанының астынан қашқан қоянды көзі көрмей, алдымен иіс тартып алып, сол иісті қуалап шаламын деп жүргенде айдалаға қаңғалап кететін. Нәті иттен дегенмен "Сарықұсты" қаңғыртып жіберуге әкемнің көзі қимайтын болса керек, қыстың суығында да кәрі тазыны аяғының астына алып ұйықтайды. Ақыры, оның ажалы көшкен елдің иттерінен келді. Жұлым-жұлымы шығып таланғасын, қостың қасындағы кепесінен шықпай үш күн жатқан. "Сарықұсқа" тамақ құюға барса, өліп қалыпты. Бишараның тағдыры аянышты болды. Ендігі жерде "Құттөбетті" ертіп жүріп аң аулаймыз.


"Құттөбетті" — әкем иттің сырттаны деп бағалайды. Рас шығар, қасиеті көп мақұлық еді. Жаюлы тұрған етке назарын салмайтын, өткен-тұрған жолаушыларға жөн-жосықсыз үрмейді, бірақ ауылдың маңына ұры көзденіп соғатын бұралқы иттерді жолатпайды.


— Әке, иттің сырттаны деген не? - деймін, құрған қақпандарымызды жағалай көріп келе жатқанда сөз қашырып.


Аңшылық туралы әңгіме болғанда әкемнің ашылып кететіні бар.


...Ертеде маған туыстығы жағынан нағашы, Қилыбай деген кісі өмір сүріпті. Өзі сіңірі шыққан қу кедей екен, тіршілік етуі қиындағасын алыста қалған ағайындарын іздеп, ел тентіреп келе жатады. Әбден шаршап, қарны ашып, жүруге шамасы қалмай қалжыраған кезде мидай жазық далада көшкен ауылдан қалған жабық қораға кездесіпті. Соның ішіне кірген Қилыбай көз іліндіріп, әл-дәрменін жинап алмақшы болып қисайса, ұйықтап кетеді. Әлден уақытта сатырлаған дауыстан оянса, төңірек түгел қараңғылық, көзге түртсе көргісіз түн екен дейді. Бірақ қораның бұрыш-бұрышынан бұған қарап, шоқтай жанған көздер көрінеді. Қилыбай мұның қасқырлар екенін біліп, дүз бөрісінің оттан ғана сескенетінін ойлап, қалтасынан шырпысын алады. Қораның қабырғасына өрген қызыл дүзгендерден алдына үйеді де, шетінен шырпы тигізіп, от қояды. Қора іші самаладай жарқырап, бұған қарай бұрыш-бұрыштан көздері жайнап жылыстай жақындаған он қаралы қасқырдың күжірейген жоталары көрінеді. Қилыбай жетеді-ау деген жерге келіп қалғандары болса, томарды жайлап алып, солай қарай лақтыра бастайды. Бірақ, аштықтан көзі қарайған қасқырлар мұның лақтырған шоғын бүйім көрместен, бір қыңсылап алып, мұны құрсаулауға айналады. Түгел төңіректен жанұшыра жәрдем сұрағанмен еститін құлақ жоқ. Қилыбайдың жаны алқымға келеді. Бір мезет қораның төбесін сатыр еткізіп, буылдырықтан тағы бір бөрі сылаң етіп ішке түседі. Қилыбай "шаруам енді біткен шығар" дей бергенде, бағанадан бері жер табандап жатқан қасқырлар атып түрегеледі де, мұны айналып, жаны қыдыра ышқына қашады. Шығарға тесік таппай қиналғандарды көк желкесінен ұстап алған тайыншадай алпауыт бір шайнап лақтыра береді. Бұл иттің сырттаны екен, бөрілер оны бірден танып қалып бастарын сауғалаған.


Әп-сәтте қасқырлардың бәрін жайратып салған сырттан Қилыбайға қарап тұрып, құйрығын былаңдатып мұның алдына түседі. Көп жүрмей-ақ үйлер көрінеді. Жылқылары шұрқырап, қойлары маңырап, малы мыңғырып жатқан байдың ауылы екен. Көзі қарайып ашығып жеткен Қилыбай боз отаудың жанына таяй бере, есік алдындағы астаушаның ішіндегі қуырдаққа көзі түсіп, бас салады. Оны көргендер: "Бұл етті жеуге болмайды, бұл сырттанға арнайы қуырылған" деп жолатпаған екен.


Қилыбай сөйтіп сыртанның арқасында аштықтан да, ажалдан да аман қалыпты.


Біздің "Құттөбеттің" де сырттан болуы ғажап емес, ол "тоқта", "алдыңда қақпан бар", "әне қоян қашты", "киік", "жат, тұр" деген сөздерді қалпелсіз ұғады. Осылайша әкем екеуміз саяттап жүріп бір ғажап аңға кезіктік.


Белгілі орыннан сүйретпесімен қақпанымызды таба алмадық. Бізден бұрынырақ жеткен "Құттөбет" те әлденеге ақырын қыңсылайды. Әкем түйеден түсіп, әуелі аңның ізін қарады.


— Шашасы сүйретіле тиіпті, сірәсі шошқа болар, — деді қызыл түзгеннің жұдырықтай жігерінен шоқпар жасауға кірісіп жатып. — Алысқа ұзай алмайтын аң.


Мен қорқып кеттім. Шөгерулі түйенің үстінде қалғым келмей, қиғылық саламын.


— Аға, үйге қайтайықшы.


— Қақпанды қайтеміз, шошқаға береміз бе? — Әкем менің үрейленгеніме жайбарақат күлді. — Егер көрем десең, қазір ізіме ер.


Амалымның жоқтығынан, костюмінің етегінен тас қылып ұстап, бір елі қалмай келемін. Әкем шошқаның ізіне түсіп аяғын жаймен басып еппен жүреді. Томар, баялышы ұйысып өскен қалыңдық екен, әрбір бұтаның түбінен өмірімде көрмеген аңым бізді аңдып, атылуға оқталып жатқандай елестеп кетеді. Сәлден соң тоқтадық, әкем қолымен биік өскен томарды нұсқады. Қараймын, көлеңке бетінде бірдеңе ысылдап демалатын тәрізді. Енді солай қарай әкемнің өзі беттеді. Жүрегім жарылып кетуге сәл-ақ тұр. Күтпеген жерден бірдеңе сарт ете қалды. Мен қорыққан көжектей, бүк түсіп отыра кеткенімді білемін.


— Қорқып кеттің-ау деймін, міне, көр шошқаны, — деген дауыстан соң басымды көтердім.


Келсем, тісі сойдиған, тайыншадай, түкті бәле табанымыздың астында сұлап жатыр. Шоқпар қара тұмсықтан тиген-ау, танауынан жылыстап қан ағып жатыр, тұяқ серіппей жан тапсырған. Анда-санда қиқ-қиқ етіп, ішін тартады. Құттөбет шошқаның маңайына келмей, мұрнын көтеріп кейінірек қалды.


— Бұл мәкіру зат қой, жаман иісі болғасын итке дейін жоламайды. Еті харам, — дейді әкем.


Әкем қақпанның серіппесін де орамалымен сыртынан ұстап, қандауызын топырақпен ысқылады. Орамалды лақтырып жіберген соң ғана, сүйретпесінен көтеріп кері бұрылды. Осыдан соң "Құттөбеттің" сырттандық қасиетіне шүбәм қалмаған. Алайда, Құттөбет те иттігін жасады. Басына ноқта кигізіп, үстіне атша мініп ойнайтын әдетім бар еді. Күннің ыстығында әлдеқайдан шаршап келіп, хошы болмады ма, бір жолы "арс" етіп бетіме шапты. Жүзімді қан жуып кетті. Көзімнің алдына тыртық пайда болып, жақсы көретін итімнен қалған ескерткіштей әлі жүр. Осыдан соң-ақ үй ішінің оған деген ықыласы сұлқ түсті, өліміне де сол себепші болды-ау деймін.


Ми қайнаған шілденің ыстығында аңға кеттен әкем, ауылға шауып келді.


— Тездетіп шәйнекке қүйып су беріңдер...


— О, не болды?


— Құттөбет шөлден әлсіреп, бұтаның түбінде қалжырап қалды.


Әкем келген ізімен қайта шауып кеткен, барса басын төмен салған "Құттөбет" қылжиып жатыр екен.


Иттің бұл қазасына үй-ішімізбен қатты өкіндік, оның өліміне себепші болған адамша, көп уақытқа дейін кінәлі болып жүрдім.


***


Үйімізден белсеніп жұмысқа адам шыққаннан кейін, отбасына шыр айналайын деді. Әкем маған ниет етіп, бүлкілдеген жол жорғасы бар құла бие сатып алды. Ізінде "Сұр көжек" деген құлыны бар екен, біз алмас бұрын қасқырға алдырыпты. Содан кейін туған құлынның атын "Тарта шап" қойдық. Өзі мүсіндей сұлу, әрі жорға. Жемді қолдап беремін, таңертеңнен көлеңкеге келіп, мені тұмсығымен түртіп оятып алатын. Шекер, нан демейді, талғамай жейді. Жалынан тартып, үстіне секіріп мінсем де, селт етпейтін қасиеті бар, қайта бүлкілдеп жол жорғасына басады. "Алдағы жазда "Тарта шапқа" салатын ашамай соқтырып беремін" деп жүрген әкем. Есіл-дертім құлынға ауып, өзге дүниеден бейхабар жүргенімде, мектеп жасына жетіппін.


Ауылда Қамысбай деген туысымыздың баласы бар, жасы он бірге келсе де, оқу десе ат-тонын ала қашатын, еркелеу тентек бала еді. Қой ауылда, қыстау басында бірге ойнаймыз. Мұғалімдер жайлы қилы-қилы әңгіме айтатын Қамысбай, жүрегімді шайлықтырып тастаған.


— Мұғалімдер іздеп келген кезде ауыл қабағындағы кебенге кіріп кетсең, таба алмай кейін қайтады. — дейді.


— Ал, ұстап алса ше? — деймін.


— Ұстап алса, құлағыңнан бұрап, атқа өңгеріп алады да, бірден мектепке алып кетеді. Сонда барғасын сабағыңды оқымасаң, қараңғы бөлмеге апарып қамайды, тамақ бермейді, басыңнан тықымай алады.


Әкемнің мұғалімдер жөніндегі әңгімесі бөлек еді, мен енді екі оттың ортасында қалғандай тән-тәнмін. Оның үстіне бояу қаламның тұқылымен кейбір әріптерді жазып, жүзге дейін санау білетінмін. Қосып, алу да қолымнан келеді, алайда, Сайлаубайдың айтқан "үбіжік" мұғалімдерінен соң оқуға жүрегім дауалар емес. Каникулға келген апаларымнан мұғалімдер жайлы сыр тартып көремін. Шынында сабақ оқымайтын балаларды құлағынан тартып, желкелеп, қамап тастайтыны рас сияқты, "бірақ жақсы оқығасын бізге тимейді" деп тағы қояды. Ендігі жылы қандай күй кешетінімді білмей әрі-сәрі болсақ та, ақ қабақтың басында ойнап жүргенбіз. Қамысбай:


— Ойбай, құрыдық, ауылға мұғалім келе жатыр, — деп, кебенге қарай тайраңдап қаша жөнелді.


Шынында, қыр басында аттылы екі адамның қарасы көрінеді, іздерінде жетектеулі түйесі бар ма, әлде не қарауытып желгіштегендей болады. Ол кезде мұғалімдердің оқушыларды осындай көлікпен жинап кететінін білуші едім. Шындап сасайын дедім. Тіпті, болмағасын Қамысбайдың ізінен тұра қуып, биік шоқыда көлбеген кебенге мен де қойып кеттім. Екеулеп жүріп шөптің арасын үңгіп қаза бердік, қаза бердік. Әлден уақытта шөмеле арасынан терең құдық тәрізді шыңырау пайда болды да, біз соған түсіп, ізімізді жасырып жауып, төменге кеттік. Осы қалпымызбен жылжи-жылжи кебеннің бүйіріне жетіппіз. Сол арадан саңлау жасап алып ауыл жақты торуылдап отырмыз.


Келген қонақтар көліктерін байлап үйге кіріп кетті де, ұзақ уақыт шықпай қойды. Көзіміз талғанша қарап отырып, қалай ұйықтап қалғанымызды білмейміз. Дауыстан оянып кетсем, айқайлап жүрген әкем. Одан әрі отыруға дәтім шыдамады. Біздің бұл әрекетімізді ойыннің түрі деп топшылаған әкем ешқандай мән берген жоқ. Тек, үйге жақындай бергенде:


— Сенің "Тарта шабыңды" біреу қателесіп, соғымға сойған екен, өзінікі емес екенін білген соң, етін түйеге артып келді, — дейді.


Құлағым қағас естіді ме, "Ол не?" дегендей селтиіп жүзіне қараймын. Әкем жаңа айтқандарын қайталап берді. Басым мең-зең. Үйге келсем, "Тарташаптың" терісін жайып, етін жіліктеп, тұздап тастапты. Төрде дабырлаған қонақтар бар, ас үйде буы бұрқылдаған қазан қайнап жатыр. "Тарташабымның" жанға жайлы құлын иісі мұрныма келді.


— Бұларың не? — деп жылап жіберіппін...


— Енді қайтеміз? — дейді әкем. — Ағайынымыз ғой, аңдамай сойып тастаған. Әйтпесе, "Тарта шабыңа" тірі пенденің қолын тигізер ме едім.


— "Тарта шапты" да соя ма екен? — Бетімді басып жастығыма құлай кеттім. Түкті түсінетін емеспін, ең болмаса киік, қоян емес, басқа жылқы болса бір сәрі, тең-құрбымдай бірге өскен ақылды құлынның тамағын орып өткен өткір пышақтың ұшы менің де жүрегімді тіліп өткендей... Тіпті, қатемен сойылғанда да сол жерде қалмай ма, оның етін артып біздің үйге әкелгені несі?


Мен "Тарта шаптың" етіне де, оны асқан қазан мен түсірген табақты көрсем де теріс айналам. Әке-шешем мұны сезді. Жанымдай жақсы көретін, құйрық-жалы күлтеленген "Тарта шабыма" деген адалдығымды осылай дәлелдедім, одан әріге қолымда қайраным жоқ еді.


Мұғалімдер осы дүрмектен соң көп ұзамай келді. Мен қашып үлгере алмадым. Алдағы жылдың оқушыларын тізімдеп жүр екен, мені біреуі қасына шақырып, жүзге дейін санатып көрді. Апаларым үйреткен әріптерімді де, шама-шарқым жеткенше санап бердім. Санды санға қосқызып, біраз нәрседен хабарым бар екеніне көздері жеткеннен кейін жаңағы аға арқамнан қақты.


— Келер жылы оқисың... Өзің қой ауылда жүріп, іштен оқып туғансың ба? — деді.


Қуанып кеттім. Осы сөздерден кейін қолыма сөмке ұстатып жіберсе, қазір-ақ мектепке жүріп кетуге әзірмін. Мұғалімнен естіген мақтау сөзімді Қамысбайға айтайын деп үйіне жүгіріп кірсем әкесі топатайға салып насыбай үгіп отыр екен.


— Ол үйде жоқ, бір жаққа кетіп қалды, — деді.


Қамысбайдың қайда кеткенін ішім сезді. Мұғалімдер де таба алмай, сарсаң кесекке түсіп жүрсе керек, "көрдің бе?" деп сұрады. Мен "білмеймін" дегендей басымды шайқадым. Шынында, менің оны көрмегенім рас қой.





Пікір жазу