СӘТСІЗДІКТЕР
Біз қыстауға көштік. Үйде дауыл кезінде әжемді басып қалатын кебеже бар еді, соны көшкен кезде түйенің бір жағына қомдап, ішіне Бибанар екеумізді мойнымыздан қылқитып отырғызып қоятын. Баратын қыстауымыздың түбінде өзекше сор бар, соған жете бере, түйе батпақтан аяғын тартып ала теңселіп тұрып, құлай кетті. Қоршау ішінде отырған әжем байғұс домалап сордың үстіне түсті. Оны көргесін ұялас балапандай Бибанар екеуміз кебеже ішінде жылап қоя бердік.
Күн жауын-ды. Әкем мен шешем бірімізді жетектеп, екіншімізді қолтықтай жүріп, әжеммен бірге өзектің бергі бетіндегі иесіз қыстауға әкеліп тастап, түйе мен заттарды аман сақтап қалу үшін кейін қайтты.
Ымырт үйіріліп, қас қарая бастаған. Әр жерде сұңқылдап бірдеңе дыбыс береді.
— Бұл не? — деймін.
— Байғыз ғой, — дейді әжем қыздырманың аузына жалғыз қолымен шөпшек жиыстыра жүріп, сірәсі, от жаққысы келеді. Тамызық тұтанып, бөлме ішіне жарық түсті, бірақ пеш тартпады ма, бөлме ішін көк түтін кернеп кетті. Біз қиқылдап жөтелгесін, әжем үйдің есігін ашып қойған. Сәл-пәлден соң, пеш гүрс етіп, опырыла құлады. Пеш түбіне ыңғайласып орналасқан әжемнің от үстемелеймін деп түрегеліп кеткені әбүйір болды. Аман қалдық.
Талай рет төніп келген қатердің қолын періште қақты ма, от пен судың ортасынан аман қалып, ілгеріге мойнымызды создық. Түн ішінде балшыққа малшынған түйесі мен сынған-бүлінген сандықтарын артып, әкем мен шешем келеді екен.