19.05.2021
  428


Автор: Қадыр Мырза Әли

Балшықұлы Балшықбай

Бірінші тарау
БАЛШЫҚ БАЛАҒА ҚАЛАЙ ЖАН БІТТІ?

Айна аспаннан айнала
Сәулесін күн шашады...
Саз балшықтан Айбала
Бір қуыршақ жасады.
Қос құлағын баланың
Қалқитып ол жасады.
Екі ерінін баланың
Салпитып ол жасады.
Түбектейін таңқитып,
Танауын да жасады.
Екі бұтын талтитып
Аяғын да жасады.
Кірпігін де, қасын да,
Қабағын да жасады.
Қалың қара шашын да
Жабағыдан жасады.
Көк кенептен ол тағы
Көйлек тігіп кигізді.
Тар болыпты штаны,
Оны зорға сыйғызды.
Сайтан деме, жын деме
Балшықұлы кекілді.
Әйтсе де осы бірдеңе
Қимылдайтын секілді.
— Хи-хи- хи-хи, хи-хи-хи!
Қытығымды келтірдің!
Хи-хи, хи-хи, хи-хи-хи,
Ой, шегім-ай, өлтірдің!—
«Өңім бе, әлде, түсім бе?»
Қорқып кетті Айбала.
«Әлде, басқа кісі ме?»—
Деп қарады айнала.
Жан-жағына алақдап,
Қысылғаннан терледі.
Сөйлейтіндей бірақта
Ешбір адам көрмеді.
Тартқылады жәй ғана
Балшық бала көйлекті.
Сонда білді Айбала
Қуыршағы сөйлепті.
— Іш киімді бөбекке
Tire ме екен кенептен!—
Деп қуыршақ желөкпе
Сөйлеп кетті кенеттен.—
Бар матаны үнемдеп,
Хи-хи, хи-хи... ендігі...—
Дей бергенде, күлем деп,
Кетті үзіліп белдігі.
Кенеп шалбар сырғанап,
Түсті аяқтың басына.
Ха-ха-халап тұр қарап,
Айбала қыз досына.
Балшық айтты:— Күле бер!
Мұндай-мұндай болады.
Күлмей жүрсең ал егер,
Кеудең шерге толады...
Желпілдеген тұлымың,
Өзімменен қатарсың.
Мен Балшықтың ұлымын,
Балшықбай деп атарсың!—
Бір-бірінен жәй ғана
Сұрай-сұрай мәністі,
Балшықбай мен Айбала
Осылайша танысты.

Екінші тарау
БАЛШЫҚБАЙДЫҢ ДЕНЕСІН ВАЗЕЛИНМЕН СЫЛАУҒА НЕ СЕБЕП БОЛДЫ?

Аспан ашық, күн ыстық,
Әппақ сағым айнала.
Қажығанша жұмыс қып,
Қалғып кеткен Айбала.
Жүре ала ма бүлдірмей,
Қызық керек балаға.
Айбалаға білдірмей
Шығып кетті ол далаға.
Жоқ тыныштық, саябыр,
Шаршағанша ойнады.
Терлеген соң, суға бір
Түсейін деп ойлады.
Етегінің бір ұшын
Ышқырына қыстырып,
Көз ұшына көл үшін
Кетті «батыр» ысқырып.
Келсе, көлде у да шу,
Адам екен қаптаған.
Сусындатып салқын су,
Күннің көзі қақтаған.
Келе көлге түсті де,
Балшықұлы бұзылды.
Ыстық құмның үстіне
Жатып алып қызынды.
Үсті-басы езіліп,
Қара терге жуынды.
Бірде қатты қызынып,
Бірде қатты суынды.
Осылай ол жатқанда,
Көзі ілініп кетіпті.
Оянса күн батқанда,
Қызыметі бітіпті:
Қызылшақа төбесі —
Күннің көзі өтіпті.
Жаңа кепкен денесі
Жарылып-ақ кетіпті.
Қол-аяғы құрысып,
Қозғалмайды, о несі?
Балшық тері тырысып,
Ашиды бар денесі.
Қылығына күйіне,
Жылай-жылай аһ ұрып,
Балшықұлы үйіне
Келді түнде бақырып.
Жүгіргенде, жүргенде
Жарасынан қан шықты.
Айбала қыз, көргенде,
Аяп кетті Балшықты.
Балшықбайдың арқасын
Вазелинмен майлады.
Қаны шыққан жарасын
Дәкеменен байлады.
Кейде құрыш солдаттай
Үнсіз жатып қалады.
Кейде жанды жолатпай,
Гөй-гөйіне ол салады.
Кетіп кейде тынышы,
Жұрт қабағын шыттырды.
Айбаланың үй іші
Аяғынан тік тұрды.

Үшінші тарау
БАЛШЫҚБАЙДЫҢ МҮРНЫНАН НЕГЕ СУ АҚТЫ?

Терезенің түбінде
Отыр жалғыз Балшықбай.
Іші пысты бүгін де
Бөлмесінен бір шықбай.
Жата беру сарылып,
Жақсы емес қой балаға.
«Кетесің деп жарылып!»—
Жібермейді далаға.
Көкорайда бір ауық
Қуар ма еді көбелек!
Көк аспанды бұлт жауып,
Тұр ғой жаңбыр себелеп.
Күміс тамшы ақ жаңбыр
Суарады қуаңды.
Ойнатар деп қожам бір
Балшықұлы қуанды.
Ал Айбала айтты оған:
— Отыр үйде, қаңғырма!
Бұғанаң да қатпаған,
Зиян саған жаңбыр да.
— Мұның зорлық балаға,
Қашанғы мен көнемін?!—
Деді Балшық,— Далаға
Жібер, ойнап келемін!—
Айбала айтты.— Сені мен
Аттатпаймын ешқайда!
Сен мырыққа менімен
Салғыласар күш қайда!
Сонда Балшық ызалы
Сарт еткізді есікті.
Бара жатып «Біз әлі...»—
Деген сөзді есітті.
Кешіп-кешіп шалшықты,
Армансыз-ақ қыдырды.
Жаңбыр бұзық Балшықтың
Жүз терісін сыдырды.
Тілазардың нағызы
Балшықбайым, талтағым.
Кетті нөсер ағызып
Басындағы қалпағын.
Қалды түсіп бір-бірден
Саусақ пен он бәшпай да.
Жаңбырда көп жүргеннен
Болмады оған еш пайда.
Мұрынынан су ағып,
Көздің жасын бұлады.
Салбырап қос құлағы
Үйге жетіп құлады...

Төртінші тарау
БАЛШЫҚБАЙ БАСЫН КӨТЕРЕ АЛМАЙДЫ

Екі беті нарттай боп
Тұрушы еді балбырап.
Тоқсандағы қарттай боп
Қалыпты енді салбырап.
Қазір, міне, «батырың»
Жатыр жұмсақ, төсекте.
Жаңбыр мүжіп, ақыры,
Айналыпты кесекке.
Жүргеннен соң етіксіз,
Суық батып кетіпті.
Табанынан өтіп сыз,
Төбесіне жетіпті.
Ала жейде малмандай
Ауру болып жабысты.
Ине сұғып алғандай
Жауырыны шанышты.
Шыдамайды дөңбекшіп,
Ойбайына салады.
Кейде өкіріп, кейде өксіп,
Жасын сығып алады.
Айбала қыз науқастың
Ау-жайын дәл түсінді. —
Саған арнап ет астым,
Іш!— деп сорпа ұсынды.
Сосын ыстық сорпаға
Салды аямай бұрышты.
Балшықбай бас тарта ма,
Бес кесесін бір ішті.
Тағы берсе, тағы ішіп,
Балшықұлы ерледі.
Жейде үстіне жабысып,
Жатқан жерде терледі.
Тарғыл мысық кенелді
Теріп нанның қиқынын.
Балшық кіріп жөнелді
Бауырына ұйқының.
Сол жатқаннан сол тентек
Жатты ауырып бір апта.
«Бұл болмайды екен!»—деп,
Ойланбады бірақта.

Бесінші тарау
БAЛШЫҚБАЙДЫ МАШИНА БАСЬІП КЕТТІ

Сол Балшықбай баяғы
Сәлеміңді алмайды.
Күс-күс болып аяғы
Қыдырудан талмайды.
Шүйіріп aп танауды
Қаңғырады көшеде.
Білмейді әлі санауды,
Білмейді өзі нешеде!
Жатпайды ат деп, есек деп,
Мініп алып жортады.
Мысық көрсе кесектеп,
Тышқан көрсе қорқады.
Қолына ұстап ышқырын,
Барады онда-мында да.
Қайтады үйге кешқұрым,
Қарны ашқан соң онда да.
Бұл қылығын қоймаса,
Не болады түбінде.
Қыдырсам деп оңаша
Қашып шықты бүгін де.
Балға ма, әлде, балта ма,
Белбеуіне қыстырып,
Екі қолы қалтада,
Келе жатыр ысқырып.
«Машинаның алдынан
Әрлі-берлі өтейін.
Шоферлардың қағынған
Түбіне бір жетейін!
Мені басып кетер кім,
Жолға өтірік құлайын.
Ала көзін шофердың
Алақандай қылайын!»—
Деп, балағын түрініп,
Жол бойымен зулады.
Кенет тасқа сүрініп,
Омақаса құлады.
Бір машина бұрылған
Қағып кетті Балшықты.
Мыж-мыж болған мұрнынан
Бұрқ етті де қан шықты.
Машина оны қатты ұрды,
Өле ме, аман қала ма?!
«Жедел жәрдем» батырды
Жеткізді ауруханаға...

Алтыншы тарау
БАЛШЫҚБАЙ БАЛДАҚСЫЗ ЖҮРЕ АЛМАЙДЫ

Сезесің ғой тегінде,
Сұрамассың неге деп.
Балшықұлы бүгінде
Болып қалды мүгедек.
Тәрізді енді қарт адам,
Таяқпенен жүреді. 
Трамвайда жұрт оған
Тұрып орын береді.
Қылығы жоқ әдепкі —
Мінезі күрт өзгерді.
Боламын деп әдепті
Айбалаға сөз берді.
Күтіп ұстап денесін,
Көп оқиды, тынбайды.
Үлкендердің кеңесін
Құлақ қойып тыңдайды.
Ойында да шама бар,
Кезінде үйге қайтады.
«Кеп жүрмеңдер, балалар!»—
Деп өсиет айтады.
Түзелді ол деп есепте,
Қоспа тентек, бұзыққа.
Қандендерді кесектеп,
Тиіспейді мысыққа.
Қолына ұстап қолшатыр
Күннен басын қорғайды.
Бұрынғыдай ол, «батыр»,
Қинамайды торғайды.
Жүрмейді су, ласпен,
Кезбейді құр қала ішін.
Жаңбыр болса, плащ пен
Тастамайды калошын.
Шоферларды мазақтап
Алдын кесіп өтпейді.
Ақсақ аяқ азаптап,
Алысқа ұзап кетпейді.
«Аяқ болса, жалдап мен,
Аралар ем әлемді!—
Деп қояды,— Балдақпен
Қайда барам мен енді!»
Айбала оның досы боп,
Біраз байқап көрмекші.
Кетсе түгел жақсы боп,
Аяқ жасап бермекші!..





Пікір жазу