19.05.2021
  270


Автор: Жүсіпбек Қорғасбек

ЭПИЛОГ ОРНЫНА немесе ҮЛПІЛДЕК ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Иттер де бей-жай үргендей,
Беймарал өмір сүргендей,
Жетіқарақшы да аспанда,
Ақсүйек ойнап жүргендей,
Алланың шашқан нұрындай,
Жетіқат көктің жырындай,
Ұлдарым жеткен Ұрымдай,
Қыздарым кеткен Қырымдай,
Көкейде қалған армандай,
Армандар қауыз жарғандай,
Бір аңыз туды қиялдан,
Әрі шын, әрі жалғандай,
Қатардан озған дара екен,
Аты да Қыранқара екен,
Үлпілдек деген есімі,
Бір ару тағы бар екен,
«Алам» деп білек түре ме,
Еліне басып кіре ме,
Үлпілдек бірақ көнбеді,
Жүрекке әмір жүре ме,
Көзінің жасын көл қылды,
«Бермейміз» десіп ел тұрды,
Соңында қырық қарақшы,
Ашуын сөйтіп келтірді,
Аспанда соғыс ашылды,
Жасыннан ұшқын шашылды,
Аспанға жер де тартылып,
Көтеріліп қайта басылды.
 
Түн айды жатты кеміріп,
Сүйекке шайтан семіріп,
Жеңілген жағы сенделді,
Балықтай қалған сең ұрып,
Асу да асу, бел екен,
Намысы биік ел екен,
Мініске жайлы сары ат бар,
Шабысы соққан жел екен,
Жер үшін емес үлескен,
Су үшін де емес тілескен,
Өтіпті сондай бір майдан,
Махаббат үшін күрескен,
Биігін, шыңын, құзарын,
Қор қылмай өріс ұзарын,
Қырыла жаздап бүтін ел,
Намыспен өлшеп қыз арын,
Бөрідей шулап ұлыпты,
Алмай қоймасын біліпті,
«Қаш» депті қызға ақыры,
Көлденең тартып күлікті,
Жібек көйлектің етегі,
Аспанды жауып кетеді,
Сондағы барып жеткені,
Жеті қат көктің шеті еді,
Қайыр күт енді Ақбоздан,
Арқандаулы Көкбоздан,
Осылай дейді бір аңыз,
Жерде туып, көкке озған.
Аспанның сонау төрінде,
Маңдай тұстың өрінде,
Темірқазық тұр қадалып,
Көктің бір шүйгін жерінде,
Шұбалып жатқан арқанға,
Қарасаң бастар тарпаңға,
Арқырап Ақбоз тұр екен,
Ол-дағы біреуге арман ба,
Анықтап салсаң назарды,
 
Аспанның төрі базарлы,
Түңлігін түннің тебінтіп,
Тағы бір жүйрік бозарды,
Ақбоз бен Көкбоз жұп жүйрік,
Алладан түскен бір бұйрық,
Ақ жолға ғана жарасын,
Жаманға жүрмей қылқұйрық,
Қарақшы да оны естиді,
Жете алмай қызға өксиді,
Отыз күн жатып омалып,
Қырық күн жатып ес жиды,
Сары атқа Ақбоз жетер деп,
Одан да Көкбоз өтер деп,
Шаңына қалар ілеспей,
Басқаның бәрі бекер деп,
Қырықтың бәрін тастайды,
Жетеуін жолға бастайды,
Дәп мұның шындық екенін,
Жетіқарақшы растайды.
Болды ма мұнда өріс құт,
Түлікке толып терістік,
Ығай мен Сығай жайлапты,
Терістікті қоныс қып,
Ақбозды бірі асырып,
Көкбозды бірі жасырып,
Арқандап ұстап бағыпты,
Алмасын ұры басынып,
Келіпті жеті қарақшы,
Басшы мен алты жалақшы,
Өтірік десең мұны егер,
Ұлыңа жұлдыз санатшы,
Торуылдаған төртеуге,
Кейіндеп үшеу ергенде,
Жетеу боп тимек жылқыға,
Күзетші қалғи бергенде,
Ығай мен Сығай ағайын,
Жылқыңды мен де бағайын,
 
Жеті қарақшы келгенде,
Алдырмай байға жағайын,
Ақбоз деп бір бүк саусақты,
Көкбоз деп бір бүк саусақты,
Қақиып тұрып күзетші,
Сарыла тосып жау жатты,
Ырзығы байдың мол екен,
Күзетте мықты қол екен,
Жеті жұлдыздың тым ерте,
Жоғалатыны сол екен.
Оңға да басты Үлпілдек,
Солға да басты Үлпілдек,
Басқан жері толады,
Ай нұрына кілкілдеп,
Одан асқан ару жоқ,
Қасына жақын бару жоқ,
Қыранқара қарақшы,
Жанына басқа дәру жоқ,
Алатын жұлып алқасын,
Ақтарып қоржын, қалтасын,
Келе жатқанның кетпенін,
Бара жатқанның балтасын,
Соның бәрін ұмытты,
Бейшара неден үмітті,
Қайраты жоқ, құрыпты,
Айбаты жоқ, сыныпты,
Амалсыз іштен тыныпты,
Көзін ашып, жұмыпты,
Ақбоз бенен Көкбозға,
Түсінде ғана мініпті,
Осыған мақұл көндім дер,
Таң атар кезде сөндім дер,
Түбінде бірақ тұлданып,
Аспанның кәрі менмін дер,
Қалмаса түгел қырылып,
 
Бойында болса ірілік,
Оралар, қайта оралар,
Аңызбен бірге тіріліп.
Тоқтатайын көп тізбей,
Үлпілдек кетті жеткізбей,
Құтқарып оны жібердім,
Қорлықта қайғы шеккізбей,
Алдырмадым Ақбозды,
Шалдырмадым Көкбозды,
Ығайым дүние шалқытып,
Сығайым байып ол да озды,
Жұлдыз тамып, ай маңып,
Кетсе де бізді қайда алып,
Бір ұшы тұрар тағдырдың,
Темірқазыққа байланып,
Айтыла берсе мұң бітпес,
Кетпейін десе, күн күтпес,
Келмейін десе, түн күтпес,
Жұлдыз бен адам кіндіктес,
Білмеймін мұнда қормын ба,
Білмеймін әлде зормын ба,
Айқай салғанда айтқаным:
«Менің жұлдызым орнында»,
Дауысым кетті қаңғырып,
Ғарышқа жетті жаңғырып,
Содан соң орнап тыныштық,
Қозғалмай қалды мәңгілік:
Иттер де бей-жай үргендей,
Беймарал өмір сүргендей,
Жетіқарақшы да аспанда,
Ақсүйек ойнап жүргендей.





Пікір жазу