Тұлға
ХХ ғасырдың басында орыс патшаларының тағы тең-селіп, пролетариат бас көтерген алаң-пелең заманда қазақтың жоғын жоқтап, «мен Алаштың ұлымын» деп кеу-десін оққа төсеп шыққан ардақтыларды да, онан бұрынғы тұста басқыншылармен қан төгісіп ұрыс салып, жанын шүберекке түйген батырларды да, отаршылардың қан-құйлы саясатын семсердің тілімен тіліп түсіп әшкерелеген ақын-жазушыларды да күні бүгін ардақтай алып жүрміз бе деген сауал өкініш болып өзекке тіреледі.
Олар кешегі Ә. Бөкейханұлы, Жақып Ақбайұлы, Әлімхан Ермекұлы, онан арғы Хан Кененің бас қолбасшысы Ағыбай батыр, патша тұсында жандармерия үстінен қағаз жинаса, кеңес үкіметі заманында есімін ататпай тастаған Шортанбай жырау.
Ағыбай батырдың ескерткіші батырдың Ақбозы ойнақ салған Сары Арқаның төрі Қарағанды қаласының қақ орта- сында дұшпанға сес беріп қасқайып тұруы керек еді. Оны жасқаншақ көңілден аса алмай Балқашқа қойдық.
Шортанбай жырауға Қарағандының төрінен бір көшенің не Бульвар Мираның, не Ленин көшесіне есімін берейік деп халық болып қол қойған өтінішіміз тасқа тигендей. Не Әлиханға, не Жақыпқа, не Ағыбайға бір көше бұйырмайды. Ешкім білмейтін Лобода, Кривогуз, ешкімге қажеті жоқ Чка- лов, Язов дегендерге көше бар. Қазақтың ардақтыларына келгенде «сол көшенің сары орысы мен қазақ мәдениетінен жұрдай қара орысынан қол жинап әкел» деген пәле бар. Тәуелсіздіктің таңы баяғыда атса да қазақтың ардақтылары көлеңкеде, сәуле түспей қойды.
Осылардың ішінде бүгін ерекше бөліп айтпағым Алаш-тың азаматы Әлімхан Ермекұлы. 1891 жылы Темірші болысында дүниеге келген ол 1905 ж. Қарқаралыдағы училищені бітіріп, Семейдегі гимназияға түскен екен. Сол жасөспірім шағында- ақ губернатор Тройцкий оны саяси сенімсіздер қатарына тіркеп, стипендиясынан айырған.Бозбаланың бар кінәсі дін сабағын жүргізіп тұрған попты «әулие әке» демегені екен. Иә, оның дегісі келмейді. Оның қазақи тәрбиесі де, көңіліне қонған исламның нұры да маскүнем попты «әке» дегізбеді.
1912 жылы гимназияны алтын медальмен бітірген Ә.Ермекұлы Томдағы технологиялық институтқа түсіп, бесінші курсқа жеткенде төңкерістің дабылы жетіп, талай- талай комитетке мүше, Алаш орданың да белгілі тұлғасы болып, өмір толқынында өз ұстанымы бар азамат қазақтың жоғын жоқтап шықты.
1919 жылы Колчактың Сібір үкіметі құлағаннан кейін Семейде де төңкеріс болып, Ә. Ермекұлы губерниялық-ре- волюциялық комитетке мүшелікке сайланса, 1920 жылы талантты жас Қазақстан әскери-революциялық комитеттің құрамына енеді. Осы әскери-революциялық комитеттің атынан Бүкілроссиялық Орталық Атқару Комитетінде қазақстанның уәкілі мндетін де атқарады. 1920 жылы 18 майда 2043 ман- датпен болашақ қазақ автономиялық республикасының ше- карасын белгілеу туралы баяндамашы ретінде Москваға ба- рады. Бұл туралы Орталық Комитеттің Саяси бюросы құрған комиссияны В.И. Лениннің өзі басқарған.
Ұлы төңкерістің алдында қазақ халқы бар шұрайлы жерінен айырылып болды. Қазаққа шөп шықпайтын Бет-бақтың шөлі, егістікке жыртылмайтын сортаң, таудың тастақтары ғана бұйырған ауыр хал онан әрі ауырлап, қатерлі шақты ба- сынан кешіріп жатты. Ішкі Ресейден қазақ жеріне жаппай мұжықтарды тықпалау өрістей түсті. Ресей Думасының шо- винист депутаттары «қазақтар Шыңғыс ханның ұрпақтары, оларды қыру керек» деп ашық айқайлады. Ел басына күн туған осы шақта ел зиялылары ашынды, өз үнін білдірді.
Еділді алды, елді алды, Енді алмаған нең қалды. Қораны санап малды алды,
Қазаққа қамқор ханды алды. Кетейін десең жерің тар, Кетпейін десең кәпір бар.
(Шортанбай жырау)
Бала-шағасын емін-еркін өсіруге тоқымдай жер қалмай тентіруге айналған осы тұстағы қазақтың халін ақын тағы ашына суреттеген.
Жандарал болды ұлығың, Майыр болды сиынғаның, Кәпірді көрдің піріңдей, Дуанды көрдің үйіңдей, Абақты тұр қасыңда, Қазылған қара көріңдей.
(Шортанбай жырау)
«Кетейін десе» барар жері жоқ, «кетпейін десе» мұ- жықтың зорлық-зомбылығына шыдар халі жоқ кезең. Міне осы тұста Алаш азаматтары бас көтерген. Бүкіл ғаламның иесі Алла жер үшін күрестің ендігі байрағын көтеруді Әлімхан Ермекұлының пешенесіне жазыпты.
1920 жылы августе Ә. Ермекұлы Ленин басқарған үкімет мәжілісінде болашақ республиканың шекара ме-жесі туралы баяндады. Оның алдында Түркістан респуб-ликасын- да, Жетісу өлкесінде жер реформасын жүргізу туралы белгілі коммунист Г.И. Сафаров баяндама жасаған. Отаршылдықты қатты сынға алған Сафаровтың баяндамасы аса өткір. Столыпинның озбырлық жер саясатының сал-дарынан қазақтар шұрайлы өлке, жайылымдарынан да айырылып, жұт пен аштыққа ұшырады. Жетісу өлкесіндегі қазақтардың 35% 4-5 жыл ішінде аштан қырылып, малының 70% жұтаған деген ол, мұндағы орыс кулактарды тегіс көшіріп жіберу ке- рек деп түйіндеген. 1916 жылы әскерге алынудан қашқан қазақтарды да, соны сылтау етіп бейбіт жатқан ауылдар- ды да қынадай қырған. Содан зәресі ұшқан қазақтар патша құласа да «патшаны жақтаймыз» дескен. Сол үшін әкімдер жұртты кигізге орап, үстеріне керосин құйып өртеп, кейбірін тірідей жерге көмген. Кулактар мен полицайлар бөктерге мал жайған қазақтарды аңша қуып, оқ жаудырғанын да Са- фаров мұжықтарды көшіру керек деген сөзін дәлелдеу үшін көлденен тартыпты.
Ә. Ермекұлының қадап айтқан ұсынысының бірі Каспий теңізінің теріскей жағындағы Нарын құмына созылып жатқан шаруашылыққа аса тиімді шығанақ-бұғазды орыс помещик- алпауыттары басып қалғанын, оны қазақ жұртына қайтару керектігі болды.
Бұл мәселеге келгенде партияның көрнекті басшыла- ры Ш.Әлиава, Н.Брюханов, Н.Крестинский т.б. қазір Ресейде аштық, Атыраудың балығы, Москва, Петербург үшін қажетті азық-түлік, бұл атырапты беруге болмайды деп қарсы шыққан. Бұған жауап ретінде Ә.Ермекұлы қазақтардың бұл шаруашылық саласын бұрыннан игергенін, бұл аймақ Қазақ елінің қолына тисе құлшынған қазақтар балықты мұнан да көп аулап, Ресейге жөнелтетінін айтқан. Ал, Н.Кристинский
«Ермеков Каспий жағасынан Данциг көпірін жасағысы келеді»деп қарсыласқан. Оны Лениннің «Данциг көпірін Қазақ жеріне мына сіздер жасағалы отырсыздар»дегені тоқтатса да дау үдей түскен. Ақыры Ленин осы өңірдегі қазақтың, әлде орыс жұртының арасалмағын сұраған екен, қалай бұлтарса да тығырыққа тірелген губерниялық атқару комитетінің төрағасы қазақтардың саны көп екенін мойын- дауына тура келіп, Ә.Ермековтың табандылығы арқасында қазақтың ата-мекен жері өзіне қайтарылды.
Иә, Ә.Ермекұлы сол тұста, сол күнге дейін қалыптасқан
ұлттық сананы, ұлт тәуелсіздігі үшін ақындар мен жыраулардың жеріне жеткізе айтқан жырларын бойына әбден сіңірген тұлға. Өзі туған Қарқаралы өңірінің тумасы, жерлесі,Шортанбай жыраудың қасіретке толы өлеңдері сол кездегі бар қазақтың жүрегіне ұялаған идеология еді. Ал, Алаш азаматтары Абайды ұлт ұстазы деп таныған.
Шортанбай жыраудың:
Ұзын аққан Сарысуды, Өзің жайлап жағала, Жүйрік пенен жорғаңды Өзің мініп бағала.
Балаң менен малыңды Аузына бір алған соң Алмайды деген немене. Айдалмай тұрып солдатқа
Зар болмай тұрып жалды атқа
Қатын бала қамы үшін Жаңалаш мініп жауға шап, Ажалдан бұрын өле ме, –
дегені Ә.Ермекұлының
Ертістің бойын қазақ баласына қайтару туралы көкей- тесті мәселеде ұстанымы болғандай.Столыпин «Қазақ жерін игеру» деген сылтаумен Ертіс өзенінің әр жағалауынан ені 10 км-ден жерді бүкіл өзеннің бойымен кесіп алып, мұжықтың қолына ұстатқан еді. Қазақ шұрайлы жерге де, малы ішетін суға да зар болып қалды. Мұжықтар бұл 10 км-лік кесінді жерге қазақтың өзі түгілі итінің де мұрнынын кіргізбейтін. Ә. Ермекұлы отаршылардың қазақтарды тіпті ата-баба зи- ратына жолатпайтынын, өлген кісі жерлеу үшін қарыстай жерді 20-30 сомға сататынында жеткізді.Бұл жерді қазына қорына айналдырып, коммуна құрайық деген пікір де ай- тылды. Алаштың Әлімханының табандылығының арқасында бұл жерге де қазақтың табаны қайта тиген еді, озбыр отаршылардың шамына тисе де өткір дәлелімен еріксіз мойындатқан Ә.Ермекұлының дипломатиялық шеберлігіне таң қалмасқа лаж жоқ.
Иә, Мәскеу үкіметі Қазақ автономиясын құруды бұл кезде тездетіп қолға алып жатты. Қазақтың бетке ұстар, оқыған, саясаттан мол хабары бар зиялы азаматтары бұл кезде иісі түркіні біріктірер Түркістан республикасын құру үшін жан таласып жатқан. Батыстағы аю мен шығыстағы айдаһардан қорғану үшін осындай іргесі мықты мемлекеттің қажеттілігін олар түсіне білді. Бірақ ол Мәскеу үшін қажет емес еді. Мәскеуге бөлшектеу қажет. Қазақ автономиясын құру орысқа осы үшін қажет еді. Оның ар жағында саны басым, өте өршіл қазақ жұртын тоздырып жіберу де жатқан.Мен өзім 32-нің ұлы ашаршылығы сол пиғылдың жемісі деп түсінемін.
Ә. Ермекұлы 1920 жылдың Қазақстан Орталық Атқару комитетіне мүше болып сайланса, 1925 жылы осы коми- тетке екінші рет тағы мүшелікке өткен. Осы кезеңде ол республикалық жоспарлау комиссиясына да жетекшілік етеді. Тағдыр оның басына ауыр-ауыр кезеңдерді де өткізуді жазыпты. Өкінішті үзілістердің арасында ол Қарқаралы, Қызылорда, Ташкент, Шымкент, Жамбыл, Алматы, Қуйбышев, Қарағанды қалаларында ұзақ жылдар бойы математи- ка пәнінен жоғарғы оқу орындарында ұстаздық еткен. Сол жылдары жоғарғы математика (Высш. математика) туралы оқулықтар да жазған, кафедра басқарып, декан да болған.
Бірақ, Ә.Ермекұлы ғылыммен біржола шұғылданып кете алмады. Тіпті бала кезінде «саяси сенімсіз» деп танылған ол, отызыншы жылдардың басында А. Байтұрсынұлы, М. Жұмабайұлы, М. Әуезұлымен тұтқынға түсіп, азап шекті. 1932 жылы М.Әуезұлы екеуі қатесін «мойындағансып» Ашық хат жазып, түрмеден шыққандай еді. Аңду соңынан қалмаған. Бостандықта уақытша жүргенін Әлекеңнің түйсінгені анық. Әуелі қазақ педагогикалық институтында біраз дәріс оқыды. Онан соң Алматының кен-металлургия институтында математикадан ұстаздық етті. Сөйтіп жүргенде «халық жау- ларын» күні-түні әшкерелеген кесапаты 1937 жыл да жетті. Институттың бастығы Әшірбек Бүркітбаев кабинетіне жеке шақырып «Бұдан әрі сізді қорғауға шамам келетін емес. Бір жаққа кетіп қалыңыз, аспан асты кең ғой» деген. Бұл Ә.Ермекұлының басын сақтау үшін жасаған жақсылығы еді. Ә. Ермекұлы Қазақстаннан пана болмасын сезіп, Ресейдің Куйбышев қаласына келіп, сондағы институттың математи- ка кафедрасына меңгеруші болып орналасқан. Дүние есігін ашқаннан «саяси сенімсіздікке» ілінген Әлекеңе Куйбышев- те пана болмады, оны 1939 жылы тұтқындап, Қазақстанға әкелген. Жаппаған жала жоқ, қорлық-қысастықта да шек жоқ. «Айлап ұйқы бермеді, тізе бүктірмей, тік тұрғызып қойды... шалқамнан жатқызып, екі аяғымды керіп қойып
тепкіледі» деп еске алған сол қиянатты Ә. Ермкеұлы.
Саяси лагердің сан өткелінен өткен Ә.Ермекұлы соғыс біткеннен кейін де біраз жыл отырып, 1947 жылы ғана бостандыққа шығады. Бірақ қуанышы ұзақ болмады. Сал- панқұлақ тыңшылардың жапқан пәлесімен тағы да жер ауып кете барды. Өмірін еліне арнаған Әлекең тек 1957 жылы ғана ақтала алды.
«Әлдекімдер бұзақылық жасаса да, ... бір ауылда колхоз малы ұрланса да, тіпті біреу әмеңгерлік жолмен қос қатын алса да, газетте бір ауыз оғаштау сөз жазылса да, осының бәрін бізден көретін», – деп сол кездегі қиянатты өмірді еске алады Ә.Ермекұлы.
(Мұндай қиянатты біз де бастан кештік. Талды совхо- зындағы мектептегі бір қыз бала жүкті болып қалғаны пәле болып жабысқан. Райкомның үгіт-насихат бөлімінің басшы- сы ұсыныс жасап, оны аудан бастығы Абақанов қолдап, бізді жұбайларымызбен қоса жұмыстан қуып, тентіретіп жіберуге нұсқау берілген еді. Айтар уәжі: оқу бөлімін Алашордашылар басып алды. Бұл кешегі 1985 жыл. Әйтеуір Қонаевтың атын атап, соған барамыз деп зорға «тірі» қалдық. К.Ж.)
Ә.Ермекұлы бүкіл өмірін қазақ халқының болашағына арнаған, өсіп келе жатқан ұрпақтың терең білімді болуын аңсаған. Ол сонау ертерек тұста қазақ халқының болашақ геолог ғалымы жас Қ.Сәтбаевтың осы Том университетіне түсуіне қол ұшын берген. Дарынды ақын С.Торайғыровты қасында ұстап, оқып, білімін толықтыруына жағдай жа-саған. Саяси лагерден босай сала Қарағандының тау-кен институты- на жұмысқа кіріп, өмірінің ақырына дейін қазақ жастарының ғылымның шыңына шығуына өз үлесін қосқан еліне, ұлтына адал аңыздай тұлға.
Бір кездескенде Д.Қонаевтың өзі «Әлеке, ескі интелеген- ция өкілдеріне әділетсіздігіміз, қиянатымыз болды», – деп өкінгендей лебіз білдірген.
Ұлының есімін қалай ардақтаймыз деген сауал көңілде жүреді. Әлекең еңбек еткен, еңбегі әбден сіңген ҚарМТУ-ға есімін беру туралы мәселе көтеріліп жүр. Талай академик, талай профессор, еңбегі сіңген бар шығар. Солардың бәрін таразының бір басына салса, таразының екінші ба-сындағы Ә.Ермекұлына тең келер ме. Ол Алаштың ұлы ғой. Ол Алаштың бар қиянатын басынан кешіп, бізге жеткен жалғыз тұлғасы ғой. Бүгінгі Қазақ елінің қай институты, қай жоғарғы оқу орны болса да Қазақ үшін жанын шүберекке түйген Алаш азаматының атына бермей басқаға ұсыну әпенділік болар еді.