18.05.2021
  185


Автор: Қадыр Мырза Әли

Аңқау аңшы

Көрді аңшы,
Көрді аңшы
Кенеттен
Отырған қоянды.
Жүрді аңшы,
Жүрді аңшы,
Еппенен
Таянды, таянды.
Ақ қоян,
Сақ қоян
Әуелі
Аңшыны сезбеді.
Ал аңшы,
Ал аңшы
Қуанып,
Қоянды көздеді.
Бұл қоян,
Қу қоян
Аңшыға
Семіз боп көрінді.
Жатпай-ақ,
Атпай-ақ
Аңшымыз
Қиялға берілді.
Бір атып түсірсем,
Ұқсатып пісірсем,
Бүгін мен
Шынында ерлеймін.
Жас ет жеп,
Жақсы ет жеп,
Дұрыстап,
Бұрыштап,
Сорпа ішіп терлеймін!
Қиянда
Қиялдап
Осылай отырса,
Сәтті кез өтіпті.
Ту қоян,
Қу қоян
Құйғытып
Көш жерге кетіпті.





Пікір жазу