Қаладағы қартайған ат
Баяғыдан, әрине, бағасы кем,
Байланысы жоқ енді даласымен
Бір кездегі белгілі ат
Бара жатыр
Тық-тық шертіп асфальтты тағасымен.
О жылдары әйгілі керім еді,
Енді жұртқа есек боп көрінеді.
Бәйгелерге жаралған қайран пырақ
Бүлкілдеуге бүгінде ерінеді.
Асау арын сыйғызбай арнасына,
Ағызып ол шығатын жар басына.
Бүгінде ол
Бутылка жинайтүғын
Бір пысықтың жегілген арбасына.
Қайта оралмас баяғы шабытына,
Қайта шаппас омырау ағытыла.
Бүгінде ол арбаға бауыр басып,
Бүгінде ол үйренген қамытыңа.
Таңсық емес енді оған тоғайың да,
Табындас та,
Тұяқтас ағайын да.
Желге тосып ақ көбік апай төсін
Жүйтку деген шіркіннің жоқ ойында.
Бәйгеңізді бермейтін ілгеріде,
Болады оны бүгінде кім деріңе?!
Жоқ сияқты ойында жануардың
Жүзіп ішкен тұнықтан күндері де!
Бұл көнбістік, апыр-ай, тегінде ме?
Ұмытады ол көргеннің көбін неге?!
Іздемейді жұпарын жайлауының,
Түсіне де кірмейді тебін деген!
Талап ету мүмкін бе тағылықты!
Тағдырына барынша бағыныпты.
Пысқырынып қойғаны болмаса бір,
Кісінеуден жарықтық жалығыпты.
Желде жүзген қаз мойын,
Омырауы
Дірілдейді...
Есте ме қоңыр ауыл?!
Кім ойлаған үн-түнсіз қалады деп
Күмбірлеген даланың қоңырауы?!
Қайда еркіндік!
Қара жел даладағы!
Қарамайды қызығып бала-дағы.
Торға түскен қияның қыранындай
Обал енді жылқыға қаладағы.
Тәрізді уақыт даланың тозғанағы,
Бозінген жыр дайын тұр боздағалы...
Ал боз пырақ
Ұмытып көк шалғынды,
Дорбадағы сұлыға мәз болады.
Қорғаншақтар бишара жаралы аңдай,
Қолдануға болады шара қандай?!
Қазақтары қаланың қарайды оған,
Жүйрікке емес,
Соғымға қарағандай!