18.05.2021
189
Көне көрініс
Сол баяғы ғұмырды
Салады еске аулалар.
Босатқанда шығырды
Салдырлайды қауғалар.
Екі темір тіреуге
Есулі сым керілген.
Кілем жайып біреулер,
Кейбіреулер кір ілген.
Тас дуалға тіреліп,
Тағы бір шаң шұбады.
Біреу күліп кіреді,
Біреу күліп шығады.
Үй күзеткен төбеттер
Ерінеді үруге.
Ол үйлерге
Бобектер
Қорықпайды кіруге.
Торы бие құлынын
Тісіменен қасып тұр.
Оғаш емес қылығың,
Қонақ болсаң, басып кір
Бағы жанған
Арқаның
Баяғы алыс-берісі...
Жаңа сойған марқаның
Жаюлы түр терісі.
Ертелі-кеш сабылып,
Басылмайды ел аяғы.
Баяғы сол ауылың,
Ниет те сол баяғы...