Қақпан ақын домбырасы
Ен салдым белгі қылып Айқайлап талай шаптым Мырзалар ұят қайда,
қаракерге, талмалы өрге. ынсап қайда ,
Түбінде бір түсерсің қара терге, –
деп төгілте жырлаған.
Қақпан ақын ашаршылықтың зобалаңына ілігіп, жер ауып, сонау Қызылжар (Петрпаул) асып, 74 жасында сол жақта дүниеден озған. Қақпан ақынның домбырасы бар екен дегенді жеткізуші Әміржан мен Әділ. Ертеңгі сегізде атқа қонып, Айғыржалдан Әміржан мен Боранбайды ертіп, шай- пұйға қарамай аттандық. Әділ Жәйрем жаққа жол жүріп кет- кен екен. Бетіміз Ортау, Босаға. Көңіл күпті. Атылып кеткен Әбди мен Сембектің домбырасы менің үйімде тұр.Іздегенімді тауып, елден алып та жүрмін. Меселім қайтқан емес. Деген- мен кім біледі? Таныс та адамым емес.
Қырықтың жуан ортасына шыққан Серікбек Қасқатай-тегі шын пейілімен төрге оздырды. Аңсарбегі әлгі де сәлем бер- ген, мектеп жасындағы Айбаласы үстел жасап, көрпе төсеп жүр. Аты-жөнімізді айттық. Әміржан мен Боранбай ескі таны- стары екен.
- Сізді сырттай білеміз. Әттең кітаптарыңыз қолға түс- пейді, – деп өкінішін де айтып қалды үй иесі Серікбек.
- Құр алақан қалмассың, – деймін жарық көрген он бес кітабымның екі-үш ңұсқасын ала келгеніме іштей қуанып.
Бұл қысқа ғұмырда қазақтың жоғын табудан, барын ба- янды етуден артық ештеңенің жоқ екенін тілге тиек етеміз. Онымызды құптап, Серікбектің өзі де талай әңгімені өрбітті. Кезінде өзі де ән салған, домбыра шерткен. Әңгімені айта отырып, тыңдап та үлгеріп, төрт қабырғаға көз салам. Кіре берісте жалғыз қамшы тұр. Домбыра көрінбейді. Іштей
“Япыр-ай, ә” деген беймаза хал. Көне домбыраны біреу алып кетті ме, әлде сынып...Күптілік көбейе түскен. Шайдың да соңына іліктік. Үйімде бес түрлі домбыра, он екі түрлі қам- шы барын сөз ете отырып, осы Серікбекте сақталған деген Қақпан ақынның домбырасын көрсек деген ниет білдірдік.
- Әкел, домбыраны, – деді үй иесі.
Көңіл толқып кетті. Сұлу жасалған, сүйріктей қоңыр дом- быраны іштей дұға оқып қолыма ала бердім. Тоғыз перде таққан қазақтың көне домбырасы. Тоғыз пердеден ғасыр- ғасырдың ар жағындағы көне сарын шығады-ау. Ендігінің көп пердеге үйренген домбырашысы оны шерте де алмайды. Тиегі мен ішегі, бір құлағы жоғалыпты. Түбіне жарық түсіп, тесіліпті.
- Былтыр көргенімде бәрі бар еді, – деп өкінді Әміржан. Бәрі де орнына келер, бұл күнге аман жеткенін айтсай-
шы деп өзімді жұбатамын. Көне домбыраның күмбір-күмбір үнінен Қақпан ақынның дауысын да естігендей болармын, әлі десем де домбыраның менің қолыма өтеріне күптімін.
Көне домбыра отызыншы жылдардың басында Серік-бектің әкесі Қасқатайұлы Жекеннің қолына тиіпті. Бес Мейрамның баласы түгілі қазақтың сары даласының талай түкпірін кез- ген Қақпан ақын өзінен жасы үлкен болса да сырлас болған Тойымбек серінің ауылына жиі келеді екен.Бұлардың екеуі де Шортанбай жыраудың алдын көрген адамдар. 1931 жылы Қақпан ақын белсенділерден қыспақ көрген. Оның да азын- аулақ малын тартып алған. Сонда:
Сұп-суық Файзуллиннің түрі шұбар, Аупартком бес ешкіме болды құмар. Шешек шығып, құрт жеген кейіпіндей, Ішіне бұл хатшының пәле тұнар, –
деген екен ақын Қақпан.
Елден кетуге бет алған, 70 жастан асқан қарт ақын өзімен сыйлас болғандармен қоштаса жүріп, осы Балапан еліне де келген. Қоштасарда оны қимаған жұрт:
- Қақа, енді сіздің мына домбыраңызға кім ие? – деп
сұраған.
- Жекен қайда? Жекенге берем, – деп отыздан асқан әрі әнші-домбырашы атағы шығып жүрген Жекеннің қолына домбырасын ұстатқан екен. Сол кездің өзінде сол маңның тойы Жекенсіз өтпейді екен. Отызыншы жылдардың лаңы ба- сталмастан бұрын аңшы да, серілікке бет бұрған Жекеннің үйіне Арқаның осы өңірінің сан жақсысы ат басын тіреген. Жекеннің Сәкен Сейфуллинмен түскен сан суреті де болған, уақыттың қиын тұсында амал жоқ, бұл суреттерді жоюға тура келген.
Тіпті, Жекеннің жаңа шаңырақ көтерген жас шағында осы үйге ел аралап, өнер керсеткен Балуан Шолақ та қонақ болған. Жас келіншегі Бибізия, Жидебай батырға жақын Әлтеке қызы, бірде бір түн отырып, Балуан Шолаққа көйлек- дамбал тігіп бергенін кешегі көнеқұлақ кәриялар ұрпаққа жеткізген.
Отызыншы жылдарда басталған қатігез заман Жекеннің де өнеріне тұсау салған. Колхозшы, сол колхоздың би- дай қоймасының кілтшісі. Азықтан азап шеккен ағайынға қарайласатын ер көңілдігі де бар. Сонысы үшін үстінен арыз түсіп, ГПУ-дің қан-шеңгел бастығы Тондықұловтан құтылуы да бір хикая.
- Ардақтыны ардақтай алған елміз ғой, – дейді Серікбек. Кенесарының балуандарын жығып, енді өзімен күресерде “Қазақтың ханының жағасына жармасар әумесер емеспін” деген Шоң да осы маңда өмір кешкен.
Бұл сөзді естігенде ер-азаматын қасиет тұта білген дана қазақты аңсаған көңіл тағы толқыған. Осындай ел ғой, Қақпан ақынның көзіндей болған домбыраны сақтаған.
- Біз сақтап бақтық. Іздегеніңіз алдыңызда, енді бұл домбыраның иесі сіз боласыз, – деп түйген Серікбек.
Ауыл іргесінде тұрған Тойымбек серінің мазарына барып,
дұға оқыдық. Әттең, серінің мазарының іргесінен көктасын таппадық.