ҚЫЗЫЛСАЙ-2
Шаң қылып Қызылсайдың сар даласын,
Даладан іздейтіндей жан дауасын.
Үйірін ақ бөкеннің талай көрдім,
Жау тұтқан адамзаттың бар баласын.
Қарақат көздерінен төгіліп нұр,
Тұрғаны үрке қарап көрініп тұр.
Еліктей елеңдеген киіктермен,
Арайға әппақ әлем шомылып тұр.
Қызылсай қызғалдаққа малынғандай,
Жібектен қызыл шәлі жамылғандай.
«Құдайым, осы сәтті мәңгі етші» – деп,
Дүние күй кешеді жалынғандай.
Өң бе екен, жоқ әлде бұл елес пе екен,
Ақ бөкен әппақ ару емес пе екен.
Көзімді жұмған сайын сол бір шақты,
Жазығын Қызылсайдың елестетем.
Бөктерді бетеге мен раң басқан,
Тербеліп самал желмен бұраңдасқан.
Кешегі желбір жекен сияқты емес,
Бүгінгі біз айтатын бұл ән, басқа ән.
Қыздырып қызыл құмды күн аптабы,
Жылқылар кісінейді суаттағы.
Ғайыпқа кеткен киік елесіндей,
Жаныма бір аңсаулар тұрақтады.
Басқа жай қинамайды мені еш бөтен,
Сол бір шақ қайта айналып келмес пе екен.
Құмына Қызылсайдың сіңіп қалған,
Қан жоса киік қаны емес пе екен.