17.05.2021
  324


Автор: Роза Сейілхан

ҚЫЗЫЛСАЙ

Қызылсай,
Қызыл өңір, қызыл құмдар,
Төріңді мекен еткен
Қызырың бар.
Қайран сол, балалық шақ
Бақытты еді-ау,
Өзіңде қап кеткендей
Қызығым бар.
Қызылсай,
Қызыл мекен,
Қызыл арай,
Биікте саған тіпті
Қызығар Ай.
Үйірін көп бөкеннің
Қызықтаушы ем,
Қалған ба, енді соның
Ізі қалмай.
Қызылсай, қызыл алап,
Қызыл бәрі,
Суың бал, шөбің шүйгін,
Тұзың дәрі.
Жәудіреп топ киіктің
Жанарындай,
Көңілдің қиын болды
Бұзылғаны.
Қызылсай,
Қараңғы түн,
Жасырынды Ай,
Мен оны жақсы көрем
Ғашығымдай.
Тосқанда жалғыз ұлдың
Аман жолын,
Апамның алшы түскен
Асығындай.
Жалғыз үй,
Жалғыз отар,
Жалғыз үміт,
Қарайтын күн күлімдеп,
Таң қызығып.
Білдім бе, білмедім-ау,
Сол бір сәттің,
Кетерін көз алдымнан
Мәңгі үзіліп.
Қызылсай,
Болдың арман,
Елесің бар,
Мен оны сүйіп өтем
Сенесің бе Ар!
Әкемді менен,
Сенен алып кеткен,
Өмірге өле өлгенше
Егесім бар.
Қызылсай,
Қызыл арай, қыналы сай,
Сол шақтың тәттісін-ай,
Тым алысы-ай.
Әкетіп бара жатыр
Екеумізді,
Өмірдің өзгермейтін
Бір ағысы-ай.
Қызылсай,
Сұрайыншы,
Күйің қалай?
Қоштасу өзіңменен
Қиын қалай.
Топ киік ол да кетті
Сені тастап,
Өзіңе жалғыздықтың
Бұйырғаны-ай.





Пікір жазу