17.05.2021
  205


Автор: Роза Сейілхан

Ауылым

Бара алмаймын ауылға,
Барар едім...
Бақытымды сол жақтан табар едім.
Бәлкім, сонда от болып жанар едім,
Тамшы болып мөлтілдеп тамар едім.
Ағын судай тасып бір ағар едім.
Сырқаты көп анама,
Бауырға да,
Ініге де, сіңліге алаң едім.
Бара алмаймын ауылға
Барар едім...
Мен ауылда жүргенде
Самал едім,
Алынбайтын мәңгілік
Қамал едім.
Әлі сонда жүргенде кім біледі,
Періштеге өзімді балар едім.
Кінә тақпас ол үшін маған елім,
Бара алмаймын ауылға,
Барар едім.
Түк бергем жоқ, ауылға.
Ауыл – маған
Өлең берді, бұрқаған, дауылдаған.
Жүрегіме от берді жалындаған,
Сезім берді ақылға бағынбаған.
Ауыл аман болсыншы
Тауым аман,
Ауылдағы аңқылдақ,
Қауым аман.
Таудың қызы екенім рас болса,
Бір биікке шығармын,
Жанымда аман.
Мен бір бұлтпын,
Түнерсе жауындаған.
Жақсылығы көңілде арындаған.
Өз жерінде жүрсе де өгейсітіп,
Жүк көтеріп арқасы жауыр болған.
Жертөленің сызы өтіп кетсе дағы,
Төменшектеп тауы бір шағылмаған.
Сонда-дағы біреуге жағынбаған,
Сонда-дағы біреуге шағынбаған.
Білсеңдер ғой, білсеңдер,
Ауылдастар!
Бүгін менің жерім жоқ ауырмаған.
Сендер бірақ білмей-ақ өтсе деп ем,
Ақын қыздың хәл-күйін ауырлаған,
Бара алмаймын ауылға
Барар едім...





Пікір жазу