17.05.2021
193
Ақылым-ау
Ақылым-ау, есіңнен адастың ба?
Көлеңке бар көгілдір шам астында.
Ашу, сен де алжасып қалып па едің,
Жауың барын біле алмай жар астында.
Төзім, сен ше, күйі жоқ күйкі өмірде
Ойыма ой сап, адассам қарастың ба?
Жанарымда білемін бұлақ барын,
Тәлтіректеп жүргенде құлатпа мұң.
Жапырақтай сарғайып сары уайым,
Ұмыттырып жіберді шуақ барын.
Арбап-алдар түлкі ме мына тірлік
Көкейдегі быт-шыт боп сұрақтарым.
Бір жан қалмай жанымда жалғыз өзім,
Жүректегі жырыммен тұрақтадым.
Қоңыр самал еспеді қоңыр кеште,
Одан өзге түкті де ұнатпадым.
Гуілдеген естімей күңкілдерді,
Тас боп бітіп қалса ғой құлақтарым.
Соны ғана тіледім сенсең енді,
Тұла бойым сенделген сел-сел еді.
Жақсы адамға жала да жабу оңай,
Жамандардың сөзіне ел сенеді.