17.05.2021
  163


Автор: Роза Сейілхан

Мен бүгін тағы өлтірдім...

Мен бүгін тағы өлтірдім,
Жерледім ұятты селт етпей.
Көлшігім көзде мөлт етпей.
Көміліп қалған күнәмді,
Қойнына алған жер теппей.
Жын ұрып кеткен тентектей,
Өкініштерім өртеп кей.
Өмірімнің де өзін мен,
Елестетіппін ертектей.
Бір үміттен соң бір үміт,
Бірі өліп, бірі тіріліп.
Ертегі деген елінен,
Еңіреп шықтым бүлініп.
Тас-талқан етті миымды ой,
Айта алмай жүрмін түйінді ой.
Ақымақтығың түк емес,
Ақын боп туған қиын ғой.





Пікір жазу