Өзгерістер
Кеше атқан таң бүгін де атып келеді,
Кешегі аспан бүгін де үстен төнеді.
Ауыр ма еді кешегі артқан жүгім де?
Бүгіннің де өз жүгі бар – түңілме.
Кешегіден бүгін артық... болса олай
Күн кешеміз біз қалай ертеңгіні аңсамай
Қандай ғажап өзгергенім!..
Кеше түн
Балшық көше етік киіп кешетін
Бүгін көрсең... қалай-қалай төселген!
...Осындайды көрген сайын өсем мен.
Мына бір жер кеше ғана сай еді,
Бүгін, міне, көршінің жас әйелі
Келе жатыр баспалдақпен жоғары –
Сайға атылған кесек те өрге домаланады.
Кеше ғана... кеше бұл үй жоқ еді,
Бүгін ол да мың көзімен көреді
Бір шындықты – бар екенін өзінің.
Бүгінгі күн – жоқ болудың өзі мін!
Шымырлайды мұхит-аспан тереңі,
Әрбір мұржа өз түтінін өреді...
Алатаудың көне бұлтын жыртып ап,
Ала бұлақ келе жатыр бұрқырап.
Таңғы шықтан еткен ызғар табанға
Бір сергектік беріп тұрды маған да.
Осы кезде төсекте едім мен кеше,
Кешегіден ерте тұрдым ендеше....