15.05.2021
  527


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Хат тасушы

Қара баланың ілгері салған аяғы кері кетеді. Еркіне қойса, аттап басқысы жоқ, желкесінен әлдекім түйгіштеп айдап келе жатқандай, алдынан гөрі артына көп қарайды. Шіркін, қазір беті ауған жаққа безіп жөнелсе ғой. Қайда-аа.


Ауылдың еңкейген кәрісіне шейін оны таниды. Орам бойында кезіккен бұралқы күшік те құйрығын бірер бұлғап, ілтипат көрсетпей өтпейді. Қайсыбірі қолын жалап, жолын тосады; осы қызметке ілкі тұрған күндері бір-екеуіне дәм тастағаны бар-ды. Содан ба, қара балаға, әйтеуір, ит үйір. Ит көзінде қадірі әлі мол.


Ал адамдар? О-о, сұрамаңыз, олардың бұған деген ниет-ықыласы ықылым болатын. Бір көше жерден жұрт тайлы-таяғымен шұбырып алдынан шығатын. Қариялар көздерін сүртіп жолына қарады, бала біткен шулап жолында жүрді. «Ұзынобада» жөні бүтін жалғыз көше, қара бала ылғи сол көшемен аяңдайды. Пошты кеңсесі соның бір басында. Қайыс баулы кенеп сөмкесін арқалап шығуы-ақ мұң, көшенің екі жағындағы ағаш қақпалар қыр-сыр етіп, бірінен соң бірі ашылып жатады. Бұлар — күйеулері жаңада кеткен жас келіншектер. Өздері әлі азаматтарының аттарын атауға үйренбеген шетінен үркек, ұялшақ. «Түгеншеден хат бар ма?» — деп те сұрауға батылдары жетпейді; үміт толы жанарларымен жаутаң-жаутаң етіседі. Қайсыбірі есікті айқара да қайырмайды, білегі сиғандай ғана ашып, не тақтайдың жарығынан сығалайды. Қара бала — үлкен жігіт, жасы со жылы он екіге шыққан; бәрін біледі, түсінеді. Әлгіндей апа, жеңгелерін шетінен қуантқысы, хат ұсынғысы-ақ келеді, бірақ жоғарғы жақ салақ — ұмытып кете ме, әлде ағалар жалқауланып жазбай қоя ма, әйтеуір, хатты жеткізе алмайды. Сөмкесін қорбитып-ақ алып шығады, бірақ көп үйдің есігі солай, жартылай ашылған, көп көздер сөйтіп жаутаңдаған күйі қалып қояды.
Шіркін, хатты уыстап кеп шашар ма еді! Әр қолға төртеу-бесеуден, жоқ, одан да көп қып бір жарылқаса! Қара баланы жұрт бұдан да жақсы көрер еді-ау.


Темірхат ілкіде осыны — хаттың көбейгенін қатты аңсады. Көңілінде мұндай тілек тууының тағы бір себебі: кенеп сөмкеден үлес алмаған бір ауланың баласы өзімен селқос, тіпті ойнамай қоятынын әлденеше рет байқаған. Ал сақаға таласып, не төбелесіп қалған баланың үйі алдынан (әрине, хат келмесе) өзі де әдейі қырланып, қырын қарап өтеді. «Сен менімен таластың (немесе, төбелестің), міне, көр енді, саған хат бермеймін; өйткені мен сені ұнатпай қалдым», — дегенді бүкіл болмысымен ұқтырып бағады. Сөйтсе де, өңге балалар өзіне жақын, ешқайсысы шетке итермейді; қайта, әлгі бұнымен ренжіскен бишараны сынап, іске алғысыз жасайды. Содан «Ұзынобаның» бүкіл баласы бұнымен араздасудан қаймығады. Әлде масатқұмар аңқау көкірекке солай сезіле ме, қайткен күнде де, қара баланың өз тұстастарынан гөрі беделді екені рас еді.


Бүгін де қолтығында сол кенеп сөмке, бірақ осыдан екі жыл бұрынғыдай емес, тым көңілсіз, алдынан ақтарылып шығып жатқан жұрт та көрінбейді. Кезіккен адам да, ит те бұған бір-бір қарап қойып өтіп жатыр. Жер ауыр, марттың соңғы аптасының батпағы өкшені сорып жібермейді. Қолтығындағы сөмке, ішінде қара тас жатқандай, көтертпейді. Хат 41-жылғыдан әлдеқайда аз, елдің газетке жазылуы одан да сирек, қара бала да ондағыдан екі жасқа өсті; сөмке, керісінше, ауырлап барады, ауырлап барады. Екі жыл бұрынғы беделден де тұлдыр қалмаған, келіншек атаулы теріс айналып өтеді, үлкендер елемеген сыңай танытады. Балалар... бір тобы оң қол жағындағы құрғақ, қыраттау жерде, шуақта ойнап отырған; мұны көре сала асықтарын жалма-жан қалта-ларына тоғытып-тоғытып жіберіп, әрқайсысы өз қақпасына қарай тартты. «Сенімен ойнамаймыз» дейтін асық жасынан Темірхат кеткен адам. Әйткенмен, көрші балалардың осы қылығы жанына мықтап батқан; торыққаны сондай, бір сәт қолындағы кенеп сөмкені алып ұрып, өртегісі келді.


Бұл хат тасушының «Қара хабаршы» атанған шағы еді.


Қара батпақты сылпыта кешіп, «Қара хабаршы» көшенің оң қапталына өтті.


Нақ осы минутта мұржасының жел жақ қырпуына таба төңкерген жапырақ, балшық қыстаудың орамға шығар ауызғы есігі ашыла беріп, қайта жабылды. Бұ жолы «қара хабардың» бағытын аңдыған ақ шашты ақсақ кемпір-тін; ол ішкі табал-дырықтан аттай бере, ауызғы бөлмеде ыдыс-аяқ жинастырып отырған келіншекке: «Ештеңе жоқ, қорықпа; үйдің тұсынан өтіп кетті», — деп самбырлады. Келіншек бір күрсініп, орынынан тұрды; босағада, қара сандықтың үстіне жиналған жалғыз қатар жүктің о жер, бұ жерін түрткілеп, көрпе-жастықтың артық бұрыштарын түзегенсіді. Сонсоң ілулі қара пальтоның жеңіне жұққан ақкісті ортан саусағымен шертіп-шертіп қойды. Көзінің астымен әлсін-әлсін кемпірге жалтақтайды. Жаңағы ыдыс-аяқ жуған жердің төсенішін ұлпасы кетіп, сояуы қалған сыпырғыштың басымен бірер мәрте тырнап алды. Жаңбай қалған бір қысым қамыс тұқылын әрі, қазандықтың көмейіне таман ысырып салды...


* * *


Қара бала көшенің сол жағына қайта өткенде оң қапталдан тағы бір есік жабылды. Есік иесі қолын бір сілкіп, шырт түкірді. Ол манадан хат тасушының бағытын аңдып, сырттай бақылап тұрған. Өз ауласына бұрылмайтынына көз жеткізген соң ішкі табалдырықтан түңіле аттады. Кіре кешелі бері төсек тартып қалған кемпіріне тиісті:


— Кәпір, даладан келгенде үйіңде біреу ыңырсып жатпасын ғой. Ондалайды да жатады, бір керім алып баратқан.


— Маған нағыл дейді қасқа шіркін, ауруды Құдайдан тілеп алыппын ба, — деді кемпір. Шал үйдің бұрыш-бұрышын түрткілеп, тімтініп кетті. Назарына ілініп, қолына түскен әр нәрсеге қас дұшпанның көзімен сынай, тыжырына көз тастайды. Дымды жанарына шалынғанның бірде-бірі жанына жақпайтын тәрізді. Келесі сәтте кемпірі жатқан пеш жаққа жонын беріп тағы бір күңк етті:


— Ауырған кісі не әрі, не бері болушы еді!


— Жазған-ау, кеше ғана жаттым емес пе, бүгін өле салмадың дейсің бе? Ажалға да мұрша берсейші, асықпасаң, тілегің болар...


— Болса екен сол!


— Уһ, қайтып келіп көрсем-ау күніңді!


— Көретініңді қазір көріп ал, о жақ кісі қайтармайды.


— Сенің осы тілің ғой түбіңе жетіп жүрген.


— Түбім қайда менің, білсең, айтшы; өзім де түсіп көрейін.


Пештің түбі жауап қатқан жоқ, бір ыңырсып, екінші жамбасына аударылып жатты. Шал жұпыны бөлмедегі аз ғана дүниелікті шетінен түгендеп шыққан. Енді басынан бастап қайыра кірісті. Босағаға ілінген жүген, шапайыл, шылбыр, жаңа майланған қайыс таралғы. Әрқайсысын бір-бір ұстап, қысып, сипап өтеді. Ұзын тізгіннің бұралған жерін жазып қойды. Бірақ мұның бәрі жәй көз алдау, бәрі де қарттың негізгі пиғылынан бөлек, құр күйбең. Әр заттың қыртыс-қыртысынан анау пеш түбіндегі кісіге бататын бірдеңе іздейтін секілді. Әлсін-әлсін соған бағыштап бірер ащы сөз тастайды, анау тіс жарып ештеңе айтпайды, қарсылығын, ренішін қимылмен білдіреді: бірер мәрте ыңырсып-ыңқылдайды, не екінші бүйіріне аунап түседі. Қарттың белгілі «екі айыр тілі» жанды жерден дәл қадалады. Аурудың жазығы не, сондықтан оның сөз шығындағысы келмейді. Ал анау жиырыла, уыттана түседі, кемпірді әншейіндегісіндей бат-бұттата алмағандығына күйеді. Көз көре ашық айқасқа кәдуілгі шал-ұрыс, кемпір-керіске шақырады. Кемпір сонда да үндемейді. Әншейінде бұ сықылды от басы майданының дабылын алдымен қағатын лапылдақ байғұс бүгін басқа тәсілге көшкендей. Әлгінде шалының алғашқы сөзінен кейін-ақ біраз тықсырып тастауға бар-ды, артынша айнып қалды. Себебі қарсы жақ үндемеген сайын шабуылшының жаны шырқырайтынын жақсы білетін. Бұл шындықты былтыр да, оның алдыңғы жылы да, тіпті осыдан он жыл бұрын да талай мойындаған. Тек ол бұл тәсілді қолданып, ұстанып көрмеген; өйткені көкірегі толы сөз, соны ашудың ақ құйыны ұйтқытып кеп жібергенде өзін-өзі ұстай алмай қалатын. Қарты болса, қырсықтың қырсығы емес пе ол; кемпір бейшараны бір нұқып шапшытып қояды да, мырс-мырс күліп, бір бүйірлеп қисайып алады. Анау тулаған сайын жаны кіріп, жайғаса түседі. Өстіп, кәрі қосақтың талайдан есесі кетіп жүретін. Осы жолы, қашанғысынша бұрқырай жөнелмей, өз ауызына өзі иелік еткеніне мықтап сүйсінді. Бәлем, қалай екен. Шырқырай түс! Кісіні от баспай секірту деген осы болады. Бұған, сен ойлағандай, көп ақылдың қажеті жоқ, үндемеуге ғана шыда. Кемпір осылай түйіп, іштей масаттанып жатыр. Қазір ол үлкендік, естілік қып, қарты не айтса да түсінуге, кешіруге дайын-ды. Қара шал, зәлім емес пе ол, кемпірдің осы пиғылын танып қойды, дереу тілін тартып, жөніне көшті. Кемпіріне қадаған улы сөздерінің орынын енді жалап жазбақ боп, ортақ әңгімеге ауысты. Пеш түбіне, науқастың бас жағына кеп тізе бүкті. Сонсоң аурудың арық білегін алақанына ап:


— Тамырың лыпып тұр ғой өзі, — деп күбірледі.


— Ауырған кісі сүйтпей қайтуші еді?


— Әлгі баласы құрғыр тағы соқпай кетті.


— Соғар әлі, асықпасын.


Шал кемпіріне кілт етіп, тағы да кіділене қарады, үндемеді. Ол асаусоқырлау-тын. Күйеу балаларының үшеуі де бар. Ұзын құлақтан хат үзілмегенін естіп отырады. Майдан жақтан жаманат естіп ауызы күймеген. Өзіне қараған ағайын әзірге аман, кенже інісі, бір аяғын берсе де, тірі оралды. Піркөшік. Өз тәнінен жаралған жалғыз ұлының әскерге алынғанына алты-ақ ай. Осыдан бір жеті бұрын хат келген. Соңғы жұмада хабарсыз. Бүгінгі поштыдан мықтап үміттеніп еді, қара бала бұрылмады. Кемпірінің әлгі сөзі жүрегін қарып кетті. Шалдың бұрын-соңды ойламаған, ескермеген үрейлі бір жайын аңғартты. Қара баланың қара хабар әкелуі де мүмкін екен-ау. Бүкіл ауылдың қақ жартысын күңірентіп қойған соның кенеп сөмкесі емес пе?! Шал осылай ойлағанда құлағы шыңылдап сала берді. Со баланың бұл үйге соқпағанына сүйінерін, не күйінерін білмей, бір сәт аңтарылып алды. Ендігі минутта кемпірінің қайдағыны ойлайтын қатыгез, сұңғылалығын айыптады.


— Сен-ақ жаман ойға үйірсің, әйтеуір.


— Кім беріпті маған жақсыны, — деді кемпір шынтақ таяна басын көтеріп, — жаман ой, жаман сөз... жақсысын қайдан алам? Алатын жерді білсең, сілтеші, адаспай табайын. Құдайдың құтты күні қара сөз, қағазына шейін қарайып кеткен заман мынау. Мен не, өз баламның сүйек пен еттен жаралғанын ұмытам ба екен? Сенің құлағыңа жақпайды деп, жағатын сөзді сен тауып айтшы, мен тыңдайын. Оқысын, оқысын дедің де отырдың. Келін әперіп, жөргек те иіскей алмадық. Ал? Нағыл дейсің маған? Өл десең, өлейін. — Кемпір уәйімді сапырып ала жөнелді. Манадан зорлап буып ұстаған сөз ауызын ашуы мұң екен, бір-ақ тоғытылды. Қызып кеткені сонша, ыңқылдауды да ұмытып кетті. Шал кемпірдің бетіне қадалған қалпы, аңырайып отыр. Ананың неге бұлай тауысылып сөйлейтінін түсіне алмайды. Ауру көкіректің байырғы сарғыш санасынан туған кірбің бе, мұнысы несі? Неге мұнша астарлайды? Бір білгені...


Шал орынынан атылып тұрмақ-ты, кеудіреп әрең көтерілді. Әлгінде ғана бойында тұнып жатқан күш-қайраты кәрі буындар боп сықырлап, сынып түскен секілденді. Бірақ мұны өзі аңғарған жоқ, баласына төнген қауіп-қатер атаулыны осы қазір ұстап ап түтіп жіберетіндей тарамыс, салалы қолдарын алға созып, бөлмеде әрлі-берлі теңселе бастады. Мұнысы өзіне дәрменсіздік емес, қайрат, әлдекімге көрсетілген қыр, қарсылық құсап сезілді. Сонсоң сақалсыз, тұқыл иегі дірілдеп, апыл-ғұпыл сөйлеп кетті.


— Жоқ, менің ұлым аман келуі керек. Менен туған бала болса, ол сүйтеді. Сен қақбас сандалмай жат, сандалмай. Неге мен үміт етпеймін? Менің балам он тоғызға енді қарады. Ғұмырында біреудің алдын кескен жан емес, алғаны алғыс. Жоқ, ол қартайған әкесін қара жерге өз қолынан қояды, құранын өзі шығартады, мені біледі, әкесін ойлайды. Бар ақылымды айтып, өз қолымнан аттандырғамын. Менің балам басқадан бөлек, әкесін алжыған кемпірдің қажауына тастап ешқайда кетпейді. Қайтіп қана ауызың барады сенің... жаман сөзді қалай қиып сөйлейсің сен. — Қарт бір сәт тыйылып, тосылып қойды. Жалғыз ұлдың қадір-қасиеті, ата-анаға деген ниет-пейілі мен пеш түбіндегі ауру кемпір айтқан қауіптің арасында байланыс шамалы-тын. Қалған жұрт қазаға жамандығынан ұшырап жатыр ма? Осы бір ой миында жылт еткенде тағы аңырды. Әрі әйел заты дұшпан ғой, кемпірдің алдында, бөріктіден — еркектен гөрі күйік қаққан қатындарша ауызына келгенін көкіді; содан өзінің осалдық көрсетіп алғанынан ұялды. Бірақ айнала беріп қайта толғанғанда тағы да әлденендей бір сұмдықты кемпір білетін, бұдан жасыратынға ұсады. Нақ осы уақытта кемпір керісінше ойлаған: шал ылғи пошты баланың алдынан шығады, сондықтан жақсы-жаман хабарды да сол бұрын еститіні күмәнсіз. Алла, бетін әрі ғылсын, ендеше... Қарттың қазіргі халін көре тұрып, қайдан жақсы ойласын!
Сүт пісірімдей уақыт өткенде екі кәрі пеш түбінде күңк-күңк етісіп, бір-бірінен суыртпақтап сыр тартысып отырды.


* * *


«Қара хабаршы» әуелде ауылдың сол жастағы бүйрек бет көп балаларының бірі болатын. Мұғалім қойған «үштікке» сырттай бұртаңдағанымен, көңіл түкпірінде «үштік» бағаның өзін қанағат санайтын кішіпейіл, кішкене жан-ды. Әкесі — басқарма. Содан да болар, бала мінезінің сынықтығы ауыл назарына айрықша шалынды. Әскерге былтыр күзде аттанған ағасы Әбілхат аусарлау, біреудің бос жатқан құлақ шекесін көрсе — жұдырығы қышитын әдеті бар жігіт еді. Бірақ дәл сол азамат алыс жолға салар қайқы тұмсық қара шанаға отырғанда, бүкіл ауыл көзіне жас алды. Басқарма басымен баласын майданға қиып отырған әкенің қатыгездігіне таңдай қағысты.


Басқарманың әйелі күйеуіне сеніп қапы қалды. Әйтпесе, аудан барып, баласының орынына басқа біреуді салдыруға «құдіреті» жететін. Ерінің басқармалығынан тартқан тағы бір зияны: бесінші оқитын кіші ұлы мынау — Темірхат сабақтан бос уақытында жұмысқа жегілді. Жұмысы ауыр емес, хат тасу ғана. Тым құрыса осы қызметке қой деп қақсаған сол — байғұс ана. Әйелінің осы өтінішін орындағанда басқарма алты айлық міндеттемесінен құтылғандай жеңілейе бір күрсінген-ді. Тек жеңіл, ауырын кім білсін. Мәкеңнің күрсінуі содан былай жиілей берді.


Сұр сөмкенің бауы иығынан сырғып бара жатқан, соны түзеп, екі шынтағымен бүйірін қыса, түсіп кеткен шалбарын көтерді. Оң жеңімен танауын бір сүйкеп, қайыра толғанды. Иә, қара бала ойға шомды. Ойының бәрі өкініш татиды. Алдымен, аттаған сайын ауырлап бара жатқан сұр сөмке. Іші толған өкініш дерсің! Осыны әу баста ұстауы — бір өкініш. Екіншісі, хат тасығанына мақтанып, қатар-құрбыдан айырылғаны. Хат атаулы қуанта бермейді екен, бұған көз жеткізе алмауы — өкініш. Тағысын-тағы, тағысын-тағы. Қатармен белгілеп, қағазға тізсе... қағаз демекші, ауылда қағаз тапшы еді. Басқарманың баласы — өзінде, қара балада, әрине, лаж бар. Әйткенмен келген хаттардың ішінен екі-үш мәрте қағаз ұрлады. Қайтадан жауап жазу үшін бе, кім біледі, кейбіреулерінде бірер, кейде тіпті төрт-бес парақ таза қағаз жүреді. Дәптер арасына салып бүктесінін жазса — кәдімгі сықырлаған ақ қағаз. Тамаша емес пе?


Хат тасу жұмысының бұл қызығынан да тез ажырады. Себеп... себебі түсінікті: өзіне ғана бағышталған құпияның жария болғанын кім ұнатқан? Бір топ жұрт басқармаға арыз етті. Ал поштыны түгел ашып оқуды бұйырған ілкіде Мәкеңнің өзі-тін. Темірхаттың әлі күнге есінен кетпейді: қырық бірдің қысы еді. Өзгелерінен гөрі бөлектеу үш бұрышты хатты қамыс қоралы бір есіктен созылған қолға ұстатып кете берген, анадай барып әлгі үйдің күңіреніп, дауыс айтып жатқанын естіді. Ертесіне әкесі алдына шақырып шапалақпен жағына бір тартты. Бесінші оқығанша ақ пен қараны айырмаған ақымақ деп сөкті. Екіншілей хат атаулыны қатаң тексеріп алмай ешкімге тапсырмауды міндеттеген. Кім біледі? Қара хабарды қазаға ұшыраған жанның жолдасы да жаза салады екен. Әскери әкімшіліктің тасқа басып жолдаған қағазы бірден белгілі. Қара бала пошты алысымен ауыл шетіндегі қалың қамысқа жүгіретін-ді. Сонда барып ішінде жаманаты барларын қойынына сүңгітеді, қонышына жасырады. Кешке әкесіне табыстайды. Көп жаманат хабар, сөйтіп, ұзақ сақталатынын, басқарманың науқан кезінде қаза естіртпейтінін де бір күндері сезіп қалды. Одан сайын шыбыны шырқырады.


Дәл қазір көңілі — жүдеу, жүрегі — жамау. Оң қолдағы жуан бағанның тасасына кеп, маңайға сақтана көз тастады. Анау шеттегі арса-арса тақтай есік ашыла түсіп, қайта жабылды. Аржағынан әлдекім сығалаған сияқтанған соң демін жұтып қарай қалған, есіктің бір қалыпты сықырлағаны естілді; қайта жабылып, қайта ашылды. Одан тағы, тағы. Көктемнің ынтығып есетін өкпек желі бар-ды. Топсасы қажалған ескі тақтай есіктің неге бүйтіп тұрғанын түсінгенде пошташы тағы бір күрсінді. Жалма-жан сөмкесін ашып, бет жағында жатқан, естіртпейді, алдайды деп әкесіне де сенбей қымқырып алып шыққан сұрқай конвертті лып еткізіп қойынына сүңгіте қойды, келесі жолы тапсырармын деп ойлады. Сонсоң кәдімгідей тың, ширақ аттап, келесі қақпаға таянды. Сөмкесін де жеңіл сезінді. Манадан бері зіл құсап басқан қара тас бір шөкім бұлт боп ұшып кеткен сияқты...


* * *


Сұр конверт Ақсақкемпірдің жалғыз ұлы — Табылдының қазасы еді. Содан бір жұма өткенде марттың он төрті, — ескіше наурыздың бірі күні қара бала ауыл дәстүрінше Ақсақкемпірге көрісе келген боп, конвертті төсек астына ұмыт қалдырды, сосын әлдене жұмысты сылтау ғып шыға қайқайды. Көшенің тауысылыс басына барғанша артына қарайлап біткен-ді.


Темірхат осы жайлардың бәрін ақыл-санасынан бөлек, басқа бір түйсіктермен сезінеді. Одан сайын аттаған адымы ауырлай, қысқара түседі. Пошты дорбасын арқалағалы бері қанша үйге қайғы, қаза әкелді; қанша ананы жесір, қанша баланы жетім етті! Әммесі бір өзінің қайырымсыздығы, қатал, қара бүйректігінен бас алғандай бала өз-өзінен езіліп, жасып бітті. Әр үшінші күн сайын үлестірген хаттарының ішінен ылғи «қарасын» тізіп ап, сол төңіректе ой толғайды, қайғырады, өкінеді. Бірақ қанша үйге қуаныш татырып, үміт үлестіргенін есепке алмайды. Өйткені көпшілік — осынау қалың ел жанына жаманат батып ыңырсығанда кінәлайтыны, сілеп-қарғайтыны екі-ақ адам: бірі — Китлер, екіншісі — өзі — «қара хабаршы» сияқты. Өзі хақында өзі ойлап тапқан осы бір пікір-пиғылдың көкейіне ұялағаны сонша, өзге ойға қыры, зауқы жоқ. Бұрын сабақтан тараған соң хат таситыны көңіліне сүйеніш, көкірегіне дем еді; енді соңғы қоңыраудың дауысын естігенде қаралай уәйімге, азапқа бататын болды. Жайраңдап күліп кіретін пошты кеңсесінің есігін қазір үрейлене аттайды; кім не ұсынса, үркіп ұстайды, айнала үргелектене қарайды. Ондайда сөмкесіне уыстап салып жүргені кәдуілгі хат-хабар емес, өлген кісілердің қу сүйектері секілді бір түрлі суып, тітіркеніп тұрады. Кез келген адамның бетіне тура қараудан тайқып, қылмысты жандай қыпың қағады. Тәйт десе, безе жөнелердей үркек, секемшіл. Осыған оның, әсіресе, соңғы әзірде, тым жүдеп күйреп кеткенін қосса — ботаника мұғалімінің тілімен айтқанда, «болашағынан пәлендей үміт күту қиын» бір бала өсіп келе жатыр еді.


* * *


Темірхат іңір шайына да келмеді. Шешесі шыбын-шіркей, бір кіріп, бір шыға береді. Жаңа көрші үйге барып қайтты. Орамда шілдік ойнап жүрген көп шуылдақ ұсақ балалардан сұрастырды. Ақыры әбден дағдарып үйге кіріп дастарқан жайған. Шәйдің соңына ала кірген ерін сары уәйімді сапырып қарсы алды.


— Әлгі бала жоқ, сау емес ол. Айтпады деме, не өлекпе келгір сиыр сүзіп өлтірді, не ана ауылдың көлеган балалары ұрып кетті.


— Жә, қой, — деді басқарма дастарқанға еңкейе беріп, — бала емес пе, жүрген дағы. Әйелінің мінезі өзіне мәлім. Мәкең осылай басу айтқанмен аржағы қолқ ете қалды. Қара бала күн батқан соң үйден аттап шықпайтын. Пошты жұмысын мана бітіруге тиіс-ті. Әншейінде анау-мынауға сес бермейтін көңілі мықтап секемденді. Екі-үш шыны шәймен шөлін басты да, жалма-жан сыртқа шықты. Ай жарық еді. Өр суының толып тұрған кезі. Құбыла беттегі өзек жағасында әлдекімдердің дауыстары естіледі. Басқарма солай қарай ұмтылды. Келсе, бес-алты адам үйме-жүйме боп, әлдене денені кергілеп-созғылап жатыр. Бұл таяй бергенде бәрі бастарын көтеріп, ішінен бір қарт баяу үн қатты:


— Ештеңе етпес, Мамытбек шырақ, бала бір ажалдан қалды. Аздап су жұтып қойыпты. — Бір әйел саудырай жөнелді:


— Апыр-ай, қарашы қатені, жел жоқ, дым жоқ, жаңа ғана әне бір қайыққа мініп, таяп баратқанын көргем; соның арасынша әлдене шолп ете түсті. Қарасам, қайық қалтылдап судың ортасында жүр, бала жоқ. Ұш, — дедім мыналарға. — Әйел үсті-бастары малмандай боп бүрісіп тұрған 12 —14 шамасындағы екі баланы көрсетті.


— Таяуға қаттырақ басып жіберіп, етпетінен құлаған ғой, жанынан, — деп түсіндірді тағы біреу.


Хат тасушы баланы үйге көтеріп кіргізісті. Төсекке жатқы-зарда әкесі су киімдерін шешіп жатып, шалбар қалтасынан төрт бүктелген хат тауып алды. Хат Мәкең басқарманың үлкен ұлы Әбілхаттан келген «қара қағаз» еді.





Пікір жазу