15.05.2021
  337


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Өң мен түс


Если бы сны шли в последовательности, то мы не знали бы что — сон, что — действительность.
Паскаль



Балабек ыршып оянды. Шошынғаны сонша, қайда жатып, қайдан тұрғанын біле алмай, төсегі үстінде мең-зең боп ойға шомды: өзі қалай болды? Қапелімде жадына ештеңе оралмады — неден басталды, немен тынды? Тұла бойының дірілін енді аңғарды. Жұлқып әкетер ірі емес, жүйкенің белгісіз тамырларына ғана аян бұқпа, ұсақ діріл. Бар бәледен осымен құтылайын деген кісіше терең бір күрсінген, демі қалтырап шықты. Үп еткен жел астындағы көл беті сынды о да уақ, майда. Ал кешкені ірі уақиғалар еді. Иә, мұның өз басы үшін ірі. Неткен сұмдық!
Бұл ғой Жайықбай шошағының арқа бауырынан атқа қонды. Балтырына батқан таралғы табын әлі сезінеді. Алды да шапты. Содан Ашақтың қоңырына түсе бере байқады: О, масқара! Астындағы аты шаппайды, шапшиды. Манадан солай, шапшып отырыпты. Мінерде тұсауын алған сықылды еді, бақса, ұмыт қапты. Мұндай да болады екен?! Осының бәріне мән беріп, тырсылдап алған. «Бұ не қырсық, мұнысы несі?» — деп күйіне күбірледі. Еңбек, қайран еңбек! Еңбектен де бұрын үмітті айт дағы, үмітті! Бәрінің зая кеткені ме?!


Ғұмар ауылынан қымыз ішіп аттанған. Ат қазықтың басына шейін Ғұмардың өзі еріп келді. Аяғын үзеңгіге салып жатып, қолтығынан демеп тұрған кісінің жүзіне көзі түскен, үрейі ұшып кетті. Мынау Ғұмар — кәдуілгі сайқымазақ Ғұмар емес, Ғұмардың әкесі, сона бір жылы көкірек ауруынан қайтқан Қармыс қарт. Екі езуі екі құлағында, езуінің езу сияғы да шамалы, ақсиып қураған тіс пен жақ. Қозғалған сайын сүйегі саудыр-саудыр етеді. Ерге тақымы ілінер-ілінбесте алды да шапты. Сөйтсе шаппапты. Жирен айғыр қара су. Кекілінен екі жаққа айырыла төгілген ұзын, қою жалының ұшынан тер тамшылайды. Қамшының қайыс бүлдіргесі білегін бунап сапты, босатып алмақ боп қолына қараған, қамшы орынында Қармыстың бүтін бір қары, қу сүйек. Екі жілік бір-біріне әлденендей сиқырлы тарамыспен ілініп жүр. Сұмдық!.. Кенет жирен айғыр шыңғырып тұрып бір кісінеді, сонсоң қосаяқтап өз құйрығын өзі, ыңырана, теуіп-теуіп жіберді. Қалай екені белгісіз, сол тепкі мұның маңдайына тиді. Қабағы үстін тұқай ойып-ойып берді. Балабектің бет-жүзін сипауға ғана шамасы жетті. Содан, енді қараса бұл қайдағы бір шеген қыстаудың ішінде ет жеп отыр. Жоқ, ет те емес, ылғи сүйек. Маңайы толы жұрт, бәрінің май талмағандай ұрттары бұлтылдайды. Тіске тиген сүйектің дыбысы қайда? Неге қытырламайды? Балабек осылай ойлап, таңдана шошынады екен дейді. Бұ не қырсық! Бұ несі? Жаңа, алғаш ояна келгенде қуанып еді, тірлігіне қуанған. Қазір, түсінде көргендерін біртіндеп есіне түсірген сайын, шыбыны шырқыратып барады. Қасірет пе, өкініш, ұят па, қорқыныш па, не солардың бәрі қосылған аты беймәлім бір-ақ түйсік пе, әйтеуір әлдене зіл жанын жаншып алды. Бас жағындағы торшерді тоққа әрең жалғады. Бөлме ішіне көгілдір сәуле төгілгенде ғана өзіне өзі келген, бірақ көкірегі — күл, көңілі — құйын. Шам жарығында жайшылықта қанық бояулы ажар, түр беретін дүние-мүлік бір түрлі құлазып, өлі көрінеді. Қатардағы төсекте екі баласы, бірінің аяғына бірінің басы кетіп, ұйқтап жатыр. Содан... шеген үйдің төрт көзді терезесінің екеуі жоқ, орынына алашаның бір енін тұтқан екен дейді. Аржағынан лып-лып жел білінеді. Әлдебіреу түшкіріп кеп қалды. Қатты түшкірді. Осынша үн берген кеңсірікті көрмек боп жалт қараған. Мәссаған! Әлгі Қармыс қарт, Қармыс-қаңқа. Тірілердің көбі жарымай жүрген кеңсірікті өліге кім берсін, қаңқаның бет-ауызында лыпа жоқ, сүргі жүріп өткендей, бір кезде мұрын қонған жер саңырайып тұр. Әй, Алла-ай. Сонда ол несімен түшкірді? Жігіт осыған таңданып үлгергенше тағы бір уақиғаның ұшы көрінді: біреу пеш түбінен сықырлай көтеріліп бұған беттеді. Әлі жүріп келеді, әлі жүріп келеді. Бір кезде жетті білем, тоқтай қалды. Оқыс, тағы да ерсі бірдеңе күтіп, демін жұтып бұл отыр. Анау қаннен-қаперсіз, екі қолы қалтасында, жалаң аяқ. Анда-санда бір аяғының үлкен башайымен екінші аяғының тілерсегін қасып қояды. Бетіне қанша үңіліп тани алмады. Сонсоң балағына қарады, таныс балақ сияқты, жырым-жырым. Қызды ауылдың иттері талап тастаған біреу болды-ау деп ойлағанша болған жоқ, балақ иесі тістене тіл қатты:


— Оңба-ааған, дәм соққыр. Көзіңе көк тігілді ме, мен «Жаңа тұрмыс» колхозындағы Сәлімгерей қойшымын ғой? Қызыл қойды мен сойып жеді деп пе ең? Тайқыма, сен солай жорисың. Шындық керек болса, мә: мен емес жеген, қасқыр. Ал кес к..., сен мені бай санайсың, а? Пайда көп, солай ма? Пайда тауып жүрген кісі мынадай бола ма? Міне, көр! — Сәлімгерей тілік-тілік табанын мұның ауызына тақайды,— Осы мөрді былшитайын ба бетіңе! Оттап! Қыршып! Мен сенің әкеңмен асық ойнаған кісімін! Білдің бе?!— Жарық табан бажбиып бетіне таяй түседі. Жақындаған сайын тілігі ұлғайып, ырсиып-ырсиып көрінеді. Көз алды қарала, көкала бірдеңе боп барады. Бұ несі, бұ не қырсық? Сонан... қап-қара біреу қақырынып кірді:


— Иә, шаруашылыққа зиянды адамды тапқан екенсіз, жолдас. Мені колхозға кесапат келтіріп жүр деп ойлайсыз-ау әлі. Мен зиянкеспін ғой, солай ма? Басқармаға басқа адам қойғыңыз келеді. Солай, так, менің де оқ қағарым бар жігітпін, байқаңыз. Сіз тіпті менің кім екенімді де білгіңіз келмейді екен, танысып қоялық, мен «Жаңа тұрмыс» колхозының басқармасы Сағынаймын. Сіз қанша жамандағанмен, көріп тұрсыз, әзірге өлгем жоқ. Жәй, ха-ха, қалжың ғой, айнам, көңіліңізге алмаңыз, мен бір оқымаған ағаң болам, әлгі жеңгең шәй қайнатып жатыр ма еді, иә, саған дәм таттырам дей ме...


Тағы бір әдемі үн сыңғыр етіп, Сағынайдың дауысын бөліп тастады:


— Ағай, еркек басыңызбен өсек тергеніңіз ұят емес пе, мені Көкжал сорының арқа жағындағы ақ тікенді сайда Мүкар атты жігітпен табысып қалды депсіз. Біріншіден, Мүкар жігіт емес, кге-кге-кге, қыз, қыз бен қыз табысқанда не бітіреді? Өзіңіз түсініп тұрсыз, ұят емес пе. Пиғылыңыз бұзық екен, ағай. Айтып еді-ау, бәсе. Екіншіден, Көкжалдың арқа басында ақ тікенді сай жоқ, жыңғылды сай бар, кге-кге-кге.
Балабек әлгіден бері қатерлі сөздер мен қоқанлоқы қимыл-дардан қауіп қып, әрі мезі болған-ды, өкпе айтса да мына сынды жұп-жұмыр торы қыздың сіз деп сызылған сыпайы қылығы мен орынсыз естілсе де сықылдаған күлкісіне жаны жібіп қалды. Өкпе айтса несі бар? Өкпелемей сөйлейтін қыз бола ма? «Ұят емес пе-ні» қыз кімге айтпайды, қай уақытта айтпайды? Бұл: «Қарындас, ондай-ондай болады, ренжімеңіз» дегісі кеп осынша оқталды, әттең еріні икемге келмеді, айта алмады, тым құрыса жымияйын деген, о да шықпады. Қап! Содан...


— Өстіп те шындықты айттым дейсің-ау сен, әй, найсап, найсап!— Бұлай даңғырлаған құрсаусыз күбі ірге жақтан домалап шықты,— Сен мені әйелінен айырылысты депсің. Мен айырылысқам жоқ, тек, ойлағам. Әсіресе, әлгі Құманбай үш аяқты мотоциклін жуатын күні бір бөсіңкіреп кетіп, Қасиба екеуіміз қақтығысып қалғанбыз. Найсап, саған шындық керек қой, иә деші? Сол түні таңға жылап шықтым. Өтірік айтпаймын, мен ақкөңіл адаммын, әлгі таңға жылайтын күннің ертеңі бар ма — нақ өзім ажырасқым келді. Балалар мен парткомнан ұялдым, ал. Мен Құдай алдында да тайынбаймын, о несі-ай. Бұл бір. Сосын сен мені тұсаулы атқа мінгізгенің не? Ол қай найсаптығың? Жоғарыдан оқымады деп басынғаның ба? Есіңде босын, біз де тегін таз емеспіз. Қарапайым еңбек адамын бұлай қорласын деген заң бар ма? Болса көрсет, әйтпесе... е-е, солай ма екен! Енді нағыл дейсің? Тал түсте тұсаулы атқа мінгізіп күлкі еткің келді сенің, а?


Манадан терезе алдында отырған тағы бір қаңқа орынынан атып тұрған; жілік, омыртқа-қабыртқаларының ара-арасы, жік-жігінен сауылдап құм төгілді.


— Доңыз! Атаңа заңғар! Аруақ қорлағың келді-ау сенің! — Осы сөздермен сықырлай, қаусай кеп алқымынан алды.


Бұл қылғынып, жұтына алмайды. Тасырайып-тасырайып екі шекесіне шығып кеткен өзінің екі көзін өзі көрді. Кинода бұндай қаңқаларды итеріп қалса, құлап, быт-шыт болатын-ды. Бұ да сөйтіп құтылайын десе, тұла бойы алдыртпайды. Саусағының ұшын қозғар дәрмен жоқ, қашып құтылатын кісіше алақтай, зілмәңкенің о жақ, бұ жағын көзбен тінтіп, есік іздеді, сөйтсе, о ғаламат, айнала тұтас қабырға, кәдуілгі қалыңдығы бір құлаш шеген. Ал сен құм елінің қыстауын келемеш ет!


— Біздің үйдің әйелі өсек тасымайды.


— Ғұмыры түйеден жығылған жан емен.


— Мен адал еңбектің ғана адамымын.


— Қара сиыр дөнежін емес, бесті бұқадан қашты.


Айнала ың-жың, у-шу. Әрқайсысы өкпесі қабынып сөйлейді, шағым тастайды, кінә артады. Іздегендері шындық, айтатындары... осы кезде


жоғарыдан бір дауыс естілді:


— Сенің есігің мұнда, шық бері!— Бұл кезде Балабектің екі көзі төбесіне бітіп үлгерген-ді, жоғары қарауға оңай, иегін көтермей-ақ қарай салды. Ғажап мұнда екен: қыстаудың есігі — тас төбеде, мұржаның жанында. Есікті ашып шақырған семіз қызыл шал (сары шал болу керек, мұның көзі қанталап кеткендіктен қызыл шалынған да) шыға берісте бүйірін таянып тұр. Төменнен, табаны астынан қарағанға ма, қарттың бойы тым аласа, денесі жуан аңғарылды. Содан кейінгісі есінде қалмапты, әйтеуір, есін бір жинағанда, Ашақ шағылы бері сусып, үстіне құлап келе жатты.


— Сен Ашақтың жар қабағы аржағында, Жайықбай шығысын-да деп едің, оның қате, көрдің бе, бергі, құбыла-батыс қабағының жарлануын, әуелден солай, әуел-де-еен! — Мұны кім айтқаны, дауыстың қайдан естілгені тағы түсініксіз. Тағы бір жұмбақ: осы көргендерінің мезгілі жоқ, жаз ба, қыс па, күндіз бе, түн бе — белгісіз.


Балабек тауысыла, алқынып ыстық сыбырлады: «Мұнысы несі, өнерді бүйтіп қабылдайтын болса неміз қалады?» Жаңа мұның бәрінің түс екеніне қуанып еді ғой, енді сол қуаныштың орынын уайым мен күдік басты. Түске сенбейді, дегенмен біртүрлі ортайып, басылып қалды. Бәрі басқаша, өмір, тұрмыс — басқа, анау бір құшақ бума — басқа сықылданды. Қарсы алдында діңкиіп тұрған столына, сосын ана жақта, ашық есіктен көрінген қазандықтың ыс-ыс көмейіне қарады. Одан соң оң қолының ортан саусағына түскен жас көнді бармағымен бір сипап, айқасып ұйқтаған екі балаға назар аударды...


— Әуелден солай, әуел-де-еен! — Осы үн құлағында әлі тұр. Түсінде болса да бас салып, өлі сүйектің қылғындырып жатқаны қатер еді, сол қатерден қалай құтылды? Жеңіп құтылды ма, жеңіліп құтылды ма? Ендігі тағдыры дәп соған байланысты кісіше әлі де тексере, әлі де ойлана түскісі кеп, түсін өңімен салыстырып біраз аңтарылды. Сосын барып қол сағатына көз салды, бауы жаңа, білек тамырын бадырайта қысыпты: таңғы төрт!


Жазу столының үстінде осыдан екі-ақ сағат бұрын... соған ойы ауғанда жүрегі мұздап жүре берді.


* * *


Жазушы Балабек өз ауылы, ауылдастары жайлы роман жазып бітірген. Ойында сонау жиырма-отыз жыл кейінде, құм жоталар-дың иірінде қалған кішкентай адамдар мен күйкі тірліктің болмыс-бейнесін жаңсақ көрсеттім бе деген қаупі бар еді. Түс те қызық қой...





Пікір жазу