15.05.2021
  167


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Ашақ – Мәші әңгімесі

— Со-онау шағылды көресің бе? — Мен қарт саусағының бағытымен көз шалымы жетер жерді көзбен тінте бастаймын. Шағылдан көп нәрсе жоқ, жағалай сары құла құм, жар-жар. Ақсақалдың қайсысын мегзеп отырғанын білмесем де көрген, таныған боп басымды изеймін. Батекең бағзы хикаясын бастарда өстіп көне жердің бір биігін куәға тартады дегенді естігенім бар, не де болса сонысын айтқызып, тыңдап алғым кеп, бас изегенім аздай, «Иә, көрдім, танимын» деп елп еттім.


— Көрсең, Ашақ деген дырауыңның өзі. Ашақтың жайықбас-арқасы мола — қауым. Қауымды сен білесің, ал оның неге олай атанғанын ұқпауың мөңкін. Мөңкін, — деп қайталап шал бір шекесіне жалт қарады. Онысы шау тартқан кәрі қыранның өлексеге түскен назары секілді қайғылы көрінеді. — Ашақтың батыс жақ жығылар астында көне заманғы күл мен көңнің орыны жатыр. Ашақ — Мәшінің ата күлдігі. Уа, Ашақ, Мәші ағайынды жігіттер екен. Пәнде қай уақытта да атақ, даңққа қызыққан ғой, олардың көздері тым қызарғыш болды. Әкелері Ескелді бай ерте өліп, мыңғырған мал, абдыра-абдыра алтын, күміс қалды. Ердің аруағын тасытатын тағы бір ұлы қазына — өнер, жомарт Құдай оны да осы екеуінен аямапты. Екеуі аттан ат таңдады, жүйрік тазы, алғыр қыран, ойхой, дүние-ай десеңші, солай күркіреп жүріп жатты. Бөліп-жарғанды қай ақымақ жақтырған, көп ұзамай әрқайсысы ішінен бір-бірінен бағын, атағын күндей бастайды. Әр-қайсысы бір өзім ғана болсам дейді. Құданың құдіреті де, екі мырза құс салса — ілген аңдарының саны да, сапасы да тең; Ашақтың тазысы үш қоян ұстаса, Мәшінің иті де сүйткен; бәйгеге қосқан аттарына шейін қатар келеді. Қойшы, әйтеуір, не бастарыңды ауыртайын, мен құсаған кәрі-құртаңдардың көне түсінігінше — Құдай, ал, қағаз, сөз қуған сендер, әлгі не деуші едіңдер, ие, өмір, тағдыр атанған Құдайларың онсыз да бір-бірін баса алмай жүрген екі көкіректі, өстіп, егестіре, тақастыра түсіпті. Уа, адам баласының күпірлігінде шек бар ма, бір күні екеуі бір-бірінен жасырын мал айдатып Аштархан асады, үй салдырады. Бірін-бірі көрмей салдыртқан сарайларының сән-салтанаты, бояу-түсіні, мұқым, терезелерінің санына шейін бірдей болып шығады. Орамда екі адам Ашақ байдың үйіне таңданса, Мәші байдың үйіне сонша адам сүйсінер еді. Бұдан да бірін-бірі ала алмайды.


Күндердің бір күнінде Мәшінің қатыны босанып, егіз ұл табады. Тап осы жолы анық оздым деп, бай әке тасып отырғанда, Ашақ ауылынан шапқыншы жетеді: «Сүйінші, тақсыр, Ашақ үйіндегі келініңіз егіз ұл тапты». Міне, нақ, бұл арада Мәшінің шыдамы жетпеді. Іштегі талайдан жасырынып келген шиқанның ауызы бір-ақ жұлынды: хабаршыны қайың қазыққа таңып қойып, есін аударғанша сабатты. Содан бастап ағайыншылық, туыстық атты жылтырақ сөздерден жылу қашты. Бір ананың қос емшегін тартқылап өскен екеу — күндеске, кәдімгі қатын-күндеске айналды. Уа, мына боқ дүние! Сені теріп қай қоңыз тоңқаңдамады! Атан түйені ап деп атқан барыс білек балуан түймедей алтынды ұстағанда қалтыл қақпай ма! Арыстанның ауызына қарсы шапқан батырың гауһартастың қырындағы жалтармай ма сәуледен! Уа, шоқ, дүние, саған күймеген қол қайсы! Аз дәулет азап болғанда, көп дәулет тозақ демеуші ме еді?! Сол, сол батырдың жанарын, балуанның талабын шаққан сиқыр дүние ағайынды екі азаматтың арасына жарық боп енді, сына боп қағылды. Балам, мен бұның бәрін дүниенің сайқалдығынан көрем.


Батекең бір мезетке тоқтай қап, әрқайсымыздың жүзімізден әңгімесінің әсерін іздейді. Өзі кеудесі гуілдеп, шарта жүгініп отыр. Екі мықынын таянып алған — «ф» әрпінен аумайды.


— Уа, деп, сәл алға қарай итіне түсіп, сөзін жалғайды, — уа, азаматтар, көкейлеріңді көздеріңнен көріп отырмын, анық батыр мен анық балуан жылтыраққа қызықса жылаңқының жараны жас боп ағып түспей ме демексіңдер ғой — мейілдерің. Дүниені әркім өз қара басының қайырына бола жиса, ешкімнің өзегі өртенбес еді, әңгіме, балалар, артық дәулетте — астамшылықта жатқан жоқ па! Мақтан үшін, өңкенің көзіне түрту үшін әдейі қызартқан мүліктен не қайыр, не қасиет! Батыр да, балуан да — пәнде. Бәрі баяғы Құдай атқан қу мақтан, жұрттан артық қасиет таныту... солай емес пе? Білем, сендер келіспейсіңдер, себебі, әлгі мұғалімдерің олай үйретпеген. Мақұл, мақұл. Әріге бармай-ақ қоялық. Осы отырған аталарыңа — Батекеңе артық жылтырақ ғұмыры біткен емес. Қоңыр үй, қоңыр қазан, қоңыр тұмақ, қоңыр күй. Күнделікті керегіңнен ауыспайтын тұрмысты кім күндейді?! Әне, көрдің бе? Сөйтіп, Ашақ пен Мәші жаулықтан, біріне-бірі ойлаған қазауаттықтан жындана жаздады. Беттерін самал болып, рақаттандыра желпіген ауқымды мол қазына құйындай ұйтқытып жүре берді. Тең-тең асыл бұйым қаңбақтай ұшты. Ақ үйлердің әуелі түндігі желпілдеді, сосын үзігі қайырылды, белдеуі жұлынды. Жел аннан да, мұннан да бұрқырады. Азамат басынан әуелі бөрік құлады, сосын белбеу шешілді. Сөз бен ғайбат есірігі онымен қайдан тынсын, іргенің, бөксенің осалдығын сезген соң екілене түсті. Ақыры шапан етегін бір-ақ түріп әкетті. Ие-ее, сендер ескі сөздің қадірін қайдан түсінейін деп едіңдер. А-аа? Менің нені айтып отырғанымды шамаладыңдар ма? Әй, қайдам. Тіл мен жақтың адыра қалған заманы ғой бұл. Өнердің, шын өнердің құдіретін сендер қайдан ұғайын деп едіңдер! Ал енді таратып айтайын, былай: Мәші бір жолы жақсы атағымды асырам деп, есігіндегі құлға шапанын шешіп ұсынды. Ашақ сондай жалшысының біріне бөркін сый етті. Мәші қаңғырған бір жолаушыны құдайы қонақ деп әлпештеп, шапан жауып, ат мінгізді. Ашақ әлдекімге бір тоғыз нар жетектетті. Мәші жетім қызға жеті үйір жылқы айдатты. Ашақ күңнің күйеуіне арнап он екі қанат ақ орда тікті. Мәші қаладағы көк үйін татарға сыйлады. Ашақ сұр үйге орыс кіргізді. Ежелгі байлар арасындағы қазына құрау, мүлік көбейту бәсекесі, енді өстіп тоздыру, шашу бәсекесіне айналды. Онымен ағайынды екі азаматтың жомарт атағы жайылмады. Бұрын Мәші-бай, Ашақ-сал дегенді ұрт толтыра сөйлейтін былайғы ел енді екеуіне бір-ақ ат, бір-ақ айдар тақты: есуас! Дала уәләятында бұл екеудің есімін естігендер не мырс-мырс күлді, не тыржың етіп теріс қарады. Уа, үшбу пәниде көз құрты — дүниені жиып та, шашып та жақпайсың ғой, пәнде баласының қулығы мен һаярлығында шәк болған ба, әп-сәтте халық іші алаяқ пен суайтқа толды. Екі байдың сонша ысырап-қорлығы, түйінсіз төкпелігінің өзі көпті қанағаттандырмады. Оларға шықшытты шаруа әлі де шайқалмаған, әлі де тұнық, тұтас танылды. Ақымақ қолда жез де жылтырайды екен, егескен бейбақтардың еріктерімен ұсынғандары құнсыз, әрі аз көрінді. Содан Ашақ — Мәші арасындағы бәсеке шоғын қулар қолдан үрлеп қызарта бастады. Арамзалар лақапты былай таратады: «Ашақ — мәрт, жомарт, маған екі қыстық соғым берді». Мұны естіген Мәші әлгі зырқияның алдына қысырақтың бір үйірін түгел салды. Міне, көрдіңдер ме берекенің ұшуын?


Әу баста байлық, бақ тақастырған екеу енді қырсықты, есерлікті де ерістіріп отырған жоқ па?! Бұ сөздердің астарында не жатқанын аңғардың ба, балам? Жә, жә! Шұлғыспай-ақ қойыңдар! Бас шұлғығанмен, көңіл тұшынып, көз көрмейді, әлгі китаптарың мұндайды жазбаған-ды. Тасқа басылмаса, тіске басылғанды сендер сөз танымайсыңдар. Әйтпесе, күкімет тыңдар еді азаматтарын! Әй, әй, балалар-ай! — Қарт терең күрсінеді, сосын, айнала беріп, екеуіміздің бетімізге кезек жалтақтайды. Жанарында жалыныш бар: «Әрі қарай айтқызыңдаршы, аяғына шейін тыңдаңдаршы». Мен ана жігітке қараймын. Ол әңгімешінің қыбын бағып, қылпып қалған сияқты, демек, Батекеңнің сырына қанық. Соның ыңғайымен отырсам қартқа кет әрі көрінбеспін деген ниетпен басымды изеп-изеп жіберем, ара-тұра қабақ жиырып, қайысқан, қайғырған кісінің кейпіне енем. Себебі мен өзім тіленіп келдім. Батырғали әңгімесінің де немен тынарын жобалаймын. Бірақ, серігім Сапардың сырттай таныстыруынша, мына шалдың сөйлеу мәнері, жалпы мінез-құлқы қызығуға тұрарлық. Ақсақалдың қазіргі қылығы сол дәмеме дәме қосты. Сапар да ескермеген әлденендей құпия жатқан сынды сезіндім. Сөзін онсыз да аяқтамай қоймайтынын түйсіне тұра, қосымша ынта, үстеме пейіл танытпақ боп елпілдей түсіп ем, Сапардың ыңғайын байқап тыйыла қойдым. Серігім — аудандық газеттің қызметкері — түрлі адамнан сабақтап сыр тартып үйренген әккілігін тағы бір паш етті: екіндіге тақап қалған жаздың қызыл күрең Күніне шытына көз тастап, бір иығын сәл көтерді де, сағатына үңілді. Батекең ерек мазасызданып, қозғалақ қақты, «қ-қай жерге келіп ем әлі?» деп тұтықты.


Іле өз үзгенін өзі жалғап кетті. «Қай жерге келіп ем» дегені әншейін дәнекер, бізді әңгімесіне ұйыта түсудің тағы бір тәсілі сықылданды. Мен осыны аңғарып үлгергенше қарт ерінін шәй дорбаның ауызындай бүріп тастап, ыңылдай толғанып алды. Сонсоң таңдайын тық еткізіп бір тамсанды: — Сүйтіп, Мәші, әлгі алаяқтың қорасына қыруар мал қосты. Тегін, еңбек-толғақсыз байлықтан дәмелілер күні-түні аттан түспеді. Ел аралап, өтірік-шынды лақап таратумен жүрді. Ал олардың желауыз қатындары — бір төбе. Өсек, лағуды күлше көсеп, шоқша қоздатты. Сұрқия еркектерінен де асып түсті олар. Бір тобы Ашақты, бір тобы Мәшіні мақтады. Уа, ұрғашы халқы қандай залым! Зұлыматтыққа келгенде көңілдері қандай жүйрік! Азаматтың отыз ауыз сөзбен жеткізе алмағанын о бетпақтар емеурінмен-ақ тап бастырмай ма! О заманда не көп, шілдехана көп қой, ондай жақсылықта ауызға ілінген жан ердің ері саналатын уақыт. Бір сұмпайы үлкендерден өтірік рұқсат сұрап алып, өзінше ұялған сыңаймен сөз бастайды екен. Ол:


— Ақам ренжімесе, осы шаранасына Ашақ мырзаның атын қойса, — деп күмілжір еді. Ал нақ осы жерде ата-енеге ерте жағып, қадір тапқан қақсал қатындардың бірі қақсап қоя береді:


— Атай көрме, қайным. Мәші қайнаға тұрғанда Ашаққа жол қайда! Әтекем ұйғарса, аруағы асып тұрған сол кісінің есімі лайық.


— Жеңеше, жөнге жығыл, сөзге қонақ, Ашақтың ерлігі, жомарттығы Мәші қайнағаңнан асып жатпаса, алты ай жазға үйіме бір қонбайын! — деп қарғанар еді әлгі қу.


— Ал, Алланың құлағына шалынсын, Ашақ! — деп тағы біреу әдейі қыздырып басады.


— Мәші болсын! — дейді екіншісі.


— Жоқ, Ашақ!


— Жоқ, Мәші! — Көрдің бе, балам, суайттардың тірлігін! Басында ойнап, өтірік дуылдасқан топ бара-бара шын қызарақтасады. Мұны жылпостар сан құбылтып ағайынды екі жарымеске жеткізіп тұрады. Жарымес деймін-ау, балалар, есі бүтін кісі сүйтер ме! Пәм етіп қарап тұрсаң екеуінің көзін қабат басқан ақ шел — баяғы сиқыр дүние, байлық, соның буы! Әйтпесе, кедей сорлы атақты қайтеді, ат қып міне ме?! Ей, басы жұмыр пәнде, сенің қай қылығыңды қос көрсін Құдай! Құдай, шұнақ Құдай! Пәндені жаратқасын қанағатымен қосып жаратпайсың ба! — Батекең барған сайын қызып, тауысылып сөйлейді. Атам заманғы екі байдың шашылып кеткен дәулеті осы қазір өз қорасынан шығып жатқандай, қараптан-қарап күйіп піседі. Ара-тұра бізге «сендер не түсіндіңдер, не білесіңдер» деп төніп-төніп алады. Қарттың көзіне біз мұндай хикаяны түсіну былай тұрсын, тыңдаудың өзіне құлықсыз, салқын, тіпті, татымсыз көрінетін сықылдымыз. Мен серігіме жалтақтаймын.


Ол міз бақпайды. Әңгімеші одан бетер тызақ қағады.


— Иә, содан сол екі еріккен солай таласа, тақаса келе, ақыры іргелеріне қарады. Қора-қора мал кетті, тай-тай мата қызараң, көгерең етіп, әркімнің қойын-қонышына кірді. Күреңіте шұбырып басқұр, бау, кілем тауысылды. Тап ана шағылдың жығылар бауыры сол екеудің ата күлдігі, айттым ғой жаңа. Содан, не бастарыңды ауыртайын, берекесі бір ұшқан шаруа қайдан оңалсын, індет те өкшелеп бітті, қыр соңында мыңғырған екі байдың желісінде бір-бір баспақты сиыр — шәй қатық қана қалған, көп ұзамай ол да аусылдан өлді. Мал тозып, бағы тайған басқа ажал да үйір, бір жыл өткенде Ашақ дүние салды. Алыстағы ата қауымына апарып қоятын көлік табылмады, ой-дүние-ой, «ақыр байдың түбі аштан өледі» деген рас та, Ашақты ана жатқан жусанды қоңырға көме салады. Сүйтіп, тіріде бүкіл дәулетін шашып шығара алмаған атағын ол өліп тапты. Әне, көрдіңдер ме сонда Мәші үш күн бойы бас көтермей жылап жатып алады. Әлдекім: «Неге мұнша бақырасың, байғұс-ау, болды ғой енді, жұбансаңшы», — десе керек. Мәші сорлы былай депті-ау әлгіге: «Мен Ашақтың өлгеніне жыламаймын, атақты бұрын алғанына жылаймын». Міне, басы жұмыр пәнденің тасқындығы. Мына алдарыңда жатқан ұлы қауымның ғұмыр-тарихы осы. Қазір бұл елде Ашақ моласын білмейтін ақымақ жоқ, тек өздерің құсаған... әй, әй, сендер не түсінесің, түге — деп күңкілдеп, Батырғали орынынан тұра жамбасын қақты. Сонсоң: «Сендер не түсінесіңдер, сендерді кісі көріп», — деп күңк-күңк кейіді. Келесі минутта қаңтарулы атына мініп, тайып отырды. Мен аң-таң боп Сапарға қараймын. Ол кенет кеңк-кеңк күлді де, ошағы түтіндеп жатқан қара қосқа қарай аяңдады. Мен артынан ердім.


— Пәндешілік қой, — деді тілші бір кезде күлкісін тыйып, — бұл қарт ғұмыр бойы колхозда істеп еді. Обалы не, осы шаруашылықтың отымен кіріп, күлімен шыққан адам. Жан аямайтын. Денсаулығын да содан ауыр жұмыстан бұзған десіп жүр. Ал қалай совхоз құрылды, солай көлденең шөпті көтермей жатып алды. Туған інісі совхоз директоры. Бай тұрады. Сірә, қартқа қара-спайтын тәрізді. Батекең қазір пенсиясыз отыр. Содан бүкіл жарық дүниеге өкпелі, қыңыр қарап, қырсығып сөйлейді. Айдаладағы бізді кінәлап кеткенін көрдің бе? Әлгі мылжыңын тыңдағанымыз аздай... Әй, бұ жұртқа дауа болмас.


Мен не айтарға білмей тосылып қалдым. Қарияның ағыл-тегіл сөзі, Ашақ — Мәші хикаясы, олардың ерігіп шашқан мол дәулеті — аспан да, мына күнгі қарапайым тұрмыс, бір колхозшының пенсиясыз қалғаны — Жер сықылды, құлдырап бір-ақ түстім, өкпе-қолқам солқ етті. Қиял әлемінен болмыстың қатал шындығына сана байғұс әрең ойысты. Неге екені белгісіз, қарттың жаңағы кеткен бағытына қарауға да батпай, сырт айналып, өз-өзімнен көлегейлене бердім...





Пікір жазу