Азамат ауылы
Ердің атын қатын шығарады.
Халық сөзі
— Шіренуін қарашы соққанның, — деді әсем ақсұр жігіт арқан бойы алда, жайдақ атта мықынын таянып отырған тапалтақ қараны иегімен мегзеп, — ерің құдды қырып қайтқан дерсің! Астына басқан алақандай киізі болса мынау ханға сәлем бермес.
— Өзі асығып барады.
— Қайтсін, олжалы оралды ғой!
Сегіз аттылы салдыртып келеді. Шөптің құйылып, піскен кезі. Жуық арада жаңбыр жауып өткенге ұқсайды. Ойдым-ойдым өскен балауса сіңбіріктің иісі мұрын жарады, бай ауылдың жарау аттары тізгін жұлқып, жерге ұмтылады. Жүргіншілердің жеңіл, жазғы бөріктері желкелеріне сырғи береді. Осыны сезіп келе жатқан бастаушы артына бұрылмастан әңгір-әңгір етті:
— Тойдыр аш-арығыңды, ағайын, мың-сан жылқың қаптаған ауылыңда ат оты жоқ болар.
— Әнен, сөзін көрдің бе?
— Сонда малын неше мәрте ауыстырған болды өзі?
— Саусағыңды бүкпей-ақ қой, қазір қатынына қайта айтады.
— Мен, — деді әлгі ақ сұр жігіт, қияқ қара мұртының шалғысын сипап қойып, — бірінші айырбастан соң-ақ мына кедейдің қатыны сыр шығармаса бір тоғыз бәс тігем!
— Екінші айырбасқа менен бір тоғыз! — деді серігі. Осы-ақ екен, мырзалар кеулеп, кеуделеп алып кетті.
Бұлар шетінен бапқа, баққа бөккен балпаңдар-ды. Әрқайсысының есімін ел білетін. Әрқайсысы әр ру, әр атаның қасқасы мен жайсаңы. Бір шөкім дәулетін желге шашқан анау нақұрыс жігіттің хикаясы бәрін қызықтырған еді. Бәрі бір жайдақтың соңынан жөңкіліп жүргені содан — бәрі жабылып кедей бишараның әңгімесін, соның шаруа басы әйелге, үй ішіне етер әсерін көрмек, сынамақ.
— Менен қора қой! — деп қосты тағы бірі.
— Менен тайтұяқ алтын, ат-шапан!
Енді бірі:
— Менен қырық қысырақ! — деп өршеленді.
Өсте-өсте бәске тігілген мал-мүліктің ауыз саны молайып қалды.
Байлық, барлықты ғана құдірет тұтып үйренген үйірлі ерке бір сәт өз қосқандарын өздері көңілдерімен шолып байқаған, көз алдары шұбарытып жүре берді...
Сүт пісірімнен соң аттылар аңқып кеп Көкжалдың ирек сорына түсті.
Суық торғай боп бүріскен жалқы қараша үй. Керегенің төменгі жартысына, ірге-аяқ орынына күзгі қияқтан тоқылған ши ұсталған. Азаматтар ат қазықты омыраулай тоқтағанда көлеңкеде жатқан қызыл бұзау үркіп түрегелді. Сол-ақ екен, киіз есік түріле көтеріліп, астынан бір қауым бас шүпірледі, іле өңкей уақ бала шу етті де жарыса шапты. Тырағайлап кеп, жамырай сәлем берісті: «ассалау, салау, сала-лалау» деп даурығысты. Сөйтіп, әп-сәтте әрқайсысының үлесіне бір-бір жалпақ бас қара баладан тиген мырзалар үйге беттеді. Толық, қара торы әйел сырттан — оң жақтан қарсы ап, қонақтар түгел кіріп біткенше киіз есікті бір иығымен көтеріп тұрды.
Үйдің іші сыртынан да жұпыны еді. Бірер көнетоз түйе жүн шекпен, бөрік, бұзаутіс қамшы — кереге басында. Төрт құрсаулы айран күбі, екі қатар үлдірік, самаурын, шылапшын. Қымбат қазына, мол дүниеге көздері дағдыланған бай балалары мынадан соң қоңылтақсып қалды. Мұнша жоқшылықпен де күн кешуге болатындығына таң боп сәл аңырысқан, артынша ешқайсысы ештеңе көрмеген құсап, мұрындарын көтерісті. Бұлары әлденендей сасық иістен жиіркеніп, желге қараған ақылсыз кербездің амалсыз паңдығы іспеттенді.
Үй иесі иығына, тізесіне мінген сәбилердің бірін қағып, бірін еркелете отырып, сөз бастады:
— Уа, қатын, құлағың тос. Алдыма салып берген алты өгізіңді айдап әржаққа өттім. Екеуімізге аян, өгіз осы үйдің бар байлығы еді. Оқсаттым дей алмаймын, сонда да түгел тыңда. Әржақта ақжарқын бір азамат өгіздеріме қызықты. Құрбы жігіт екен, көңілін қимадым, жо-оқ, тегін емес, қос атқа жеккен екі аяқты арбасына ауыс еттім.
— Ә-ә, бәрекелде, құтты көлігіңіз болғай! — деді әйел.
— Сабыр, қатын, сауда жаңа басталды, — деді жігіт, дауысын көтере, жайғаса отырып, — екі атты аршындата желдіріп, жарықтық Бозаң суын жағалап келе жаттым...
— Абатжанның апасы көрмеді-ау сонда сізді! — деді әйел.
— Иә, Бозаң суын жағалап келе жаттым. Кілең қара көк қысырақ қуған бір бай жарау жүйрікпен о да қапталдасты. Мен де ағыздым. Бай да басты қамшыны. Мен де салдым сауырға. Ол құтыла алмады. Мен жете алмадым. Ақыры, бай айдалада жылқы қуған кісіге арбамен қосылған нендей есуас екенін білмек шығар, тоқтай ғап жөн сұрасты. Мен ол мінген жүйрікке қызыққанымды; жүйріктің өнерін көрмек болғанымды алқына әңгіме еттім. Бай ауызымнан шыққанды аңырып тыңдады. Міне, тап былай мықынын таянып сәл тұрды ерің. Сосын сақылдап кеп қатты күліп жіберді. Мен шамданайын дедім. Бай жуып-шайып қара көк тұлпарымен жанаса берді. Шіркіннің атын айтам, көріктісін қайтерсің! Аяғын билеп басады. Сонымен, не керек, бай: «Көңіл етсең бір биенің құлыны ғой, алдыңда болсын!» — деді. Мен: «Ер-тұрманымен бе?» — деп, күмістеген өмілдірік, құйысқанға қарадым. Ол: «Еркің білсін!» — деді. Мен арбадан қарғып түсіп, арғымаққа міндім.
— Уә, жарады, ер қанаты — ат деген, Абатжанның көкесі!
Әйелдің сөзі шат, расында қатты риза боп, сүйсінген кісінің сөзіндей қалтқысыз естілді. Өзі төрт құбыласы сай адамдай жайбарақат, мол, сенімді. Қонақтар мына секілді кеңдік, ауыз-байлыққа сену, сенбеудің ретін таппай дағдарған қалыптары, ерлі-байлы екеудің ауыздарына кезек жалтақтасады. Бір ауық жаңағы ақ сұр жігітке мына әйел күйеуінің сонша дарақы, есуас қылықтарын кекеп, күліп отырғанға ұсады. Бірақ бұ сезіктің негізсіз екенін іштей тағы мойындайды. Отырғандар одан сайын аңтарыла, аңыраса берді. Қайсыбіреулері кедей сорлының онсыз да болымсыз шаруасын мүлде бүлдіріп, құртып қайтқанынан қаралай қысылып, самайлары терши бастады. Ал үй иесінің ойында ондай дәнеңе жоқ, мұқым бөтен біреудің басынан өткен хикаяны баяндағандай қызып, асығып-аптығып сөйлеп отыр.
— Содан қара көкті ойнақтатып, қара жолға қиып салдым. Базар бағы осыдан озбас деп әндетіп қайтып келе жатыр едім, алдымнан тағы бір аттылы кезікті. О да бір еңіреген ер екен. Ей, қатын, жер көрген, ел көргенге не жетсін, жігіттің не бір сұлтандарын көрді-ау мына көз. Мына төс кіммен түйіспеді? Ел кең екен, қаты-ын! Сонымен, алдымнан тағы бір жайсаң жолыға кетті. «Ассалаумағаләйкум!» — дедім. Ол сәлемімді алып, қайыра сәлем берді — жасы менен кіші болып шықты. Үстіндегі шапаны жалт-жұлт етеді. Етек, өңірін оқалап, зерлеп тастапты. Сыңар шалғайының өзі шалымды жігітке қазына болғандай еді. Уа, қатын, ісің оңғарылайын дегенде сөз бар ма, Абатжанның көкесіне ылғи ығай мен сығай жолығуын қарасаңшы! Сонымен сол мар-қасқаңның, менің қара көк арғымағыма қарағанда жанары жақұттай жанды. Қойшы, не басыңды ауыртайын, ақыры шапанымды жел-бегей жамылып жаяу тарттым.
— Иініңіз жаңарған екен, — деп сүйінді әйел.
— Сабыр, қатын, сауда мұнымен де біткен жоқ. Шапанды құндыз бөрікке ауыстырдым.
— Бөрік — басқа қонған бағыңыз ғой, баянды болғай.
— Қиғаштан қайықпен өтіп келе жатқанда бөркімді жел ұшырып, су ағызып әкетті, — деп жігіт сөзін тәмамдады.
— Басыңыздан пәле кетеді екен, — деп қуанды әйел.
— Ал, бәйбіше, әйтсе, сой ана желідегі торпақты, азаматтар ас жеп аттансын! — деді жігіт.
Әйел күйеуіне қарап иіліп, түсінген, құптаған ишара жасады да, жылыстап шыға берді. Бұл уақытта төрдегі қонақтардың бастары түгел салбырап кеткен-ді. Әрқайсысының алғаны бір-бір байдың бір-бір паң кеудесі-тін. Өздерінің көкіректері одан да, зор, мал мен баққа бөккендер емес пе, мына тұста аруақтары мықтап қашты. Үпір-шүпір ұсақ балалардың ортасында тәштие қалған қара қазаққа енді манағыдай кемсітіп, мазақтап емес, сүйсіне, қызғана назар салысты. Көз алдарында үй иесі жігіт, кенет іріленіп, айбаттанып алды. Әлгінде тапалтақ көрінген тұлғасы да зорайып кетті. Өздерін осы отырған кісінің қолтығынан келердей құйты, таты сезіністі. Нағыз ердің ісі, сабаздың бітімі де келіскен-ақ екен. Туһ, жаңа танылды ғой! Әй, азамат...
Отызыншы жылдары Көкжалдың арқа басына ел шоғыр-ланды, алғаш ТОЗ құрылып, тұңғыш мәрте қызыл жалау тігілген бәкене үйдің маңдайына «Азамат ауылы» деген сөздер жазылды.