15.05.2021
282
Жұмсамаңдар, достарым, дәрігерге
Жұмсамаңдар, достарым, дәрігерге,
танысқанмын дәрінің бәрімен де.
Дала деген докторға көрінейін,
емделейін одан да барып елге.
Ұсақ-түйек ауруға шыдап денем,
шыдамыммен талайға ұнап келем.
Дала деген докторға көрінейін,
профессор емдесін шұбат деген.
Мені емдейді, емдесін өлең мейлі,
ауыл барсам асау қан төмендейді.
Мені емдейді шырылы боз торғайдың,
қурайлардың ызыңы мені емдейді.
Елде ғана айығам, арыла алам,
сырқауымнан еш дәрі дарымаған.
Маған дәрі бір жұтым құм самалы,
құдық суы бір қауға дәрі маған.
Уколыңды қоя тұр жаңа мына,
ылай салма қан тамыр-каналыма.
Қошалағым дайындап қойды уколын –
ақтікеннің шөңгесін табаныма.
Жұмсамаңдар, достарым, дәрігерге,
елге жетер қуат бар әлі менде.
Дала деген тәуіпке көрінейін,
емделейін тағы да барып елге.