Төкші, төкші, домбыра, қоңыр үнді
Төкші, төкші, домбыра, қоңыр үнді,
бір тазартып алайын көңілімді.
Жалаңаштап жанымды көрейінші
Жетпей жатқан жерімді, не мінімді;
төкші, төкші, домбыра, қоңыр үнді.
Жалаңаштап көрейін бәрін, бәрін,
қанша менің, байқайын, халім барын.
Өңменімді өзімнің тексермеп ем
өлеңімнің мінінен арылғалы,
көрейінші тәптіштеп бәрін, бәрін.
Болды ма екен көкірек қойма-мекен
қарау пиғыл, қаралау ойға бөтен.
Көрейінші саралап: менің ішім
кім-кімдерге жамандық ойлады екен,
болды ма екен көр-жерге қойма-мекен.
Төкші, төкші, домбыра, қоңыр үңді,
Жеңісімді, көрейін не мінімді.
Қандай, қандай дыбыстар шығар екен –
бір балқытып көрейін көңілімді.
Бәрін, бәрін өзімнен бастайыншы,
бата берші, Адалдық, ас қайыршы.
Арам болса жүректі тасқа ұрайын,
жарылсын ол бір тамшы жастай ыршып,
сүйтіп бәрін өзімнен бастайыншы!