14.05.2021
  236


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Күн батарда

...Көгіс тартып тұр безеріп қыр үсті,
Қоя аурудан айықпаған баладай.
Кәрі шыңдар бір-біріне суысты,
Суық сәуле кезіп жүрді жағалай.

Тау әжімі терең тартып барады,
Бір ұлылық тұрды жұртқа білінбей.
Сайдың бетін жеңіл мұнар жабады,
Бір ғажайып жасыл көлдің түбіндей.

Мұнартты тау, қалғыды ма ол анық,
Шаршатты ма таскөмір-бұлт жаныштап?
Аспан, міне, келді төмен таянып,
Шың барады бірте-бірте алыстап.

Алыстағы трактордың гүрілі
Тауға соғып, тас кесектей кұлады.
Түсті иыққа Алатаудың бұрымы,
Сыңғыр етті ақ бұлақтың құлағы...





Пікір жазу