14.05.2021
  188


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Күншығыс қызыл туын көкке байлап

Күншығыс қызыл туын көкке байлап,
Дір етіп нұрға балқып тоқтады аймақ.
Мойыны ұзарыпты қарт шыңдардың,
Мұнартып күншығысқа көп қарайлап.

Керуен-тау іркілумен, тоқталумен,
Өзінше бұл да бүгін топқа кірген.
Шу-шулап мезгіл өзі барады айдап,
Алатау секілді бір ноқталы інген.

Батқанда санға Қамшы, белге – бұрау,
Көбігін шашыратты желге омырау.
Тымырсық түнгі ойлары кәрі таудың
Құлады көлеңке боп көлге мынау.

Шұға-нұр ши қызыл ғып аспанды көк,
Өркешін Алатаудың жастанды кеп.
Жар салды жас орманға бала-бұлбұл,
Тағы да бір тамаша басталды деп.

Алатау күншығысқа ентелеген,
Сипады барқыт қолмен жел төбеден.
Күн батса – көкжиекте шүйке бұлт боп,
Күн туса көтерілер еңсе деген.

Боз мұнар бола алмады күмән бұған,
Көмейдің бүлк етуін тіл аңдыған.
Күн бата – күнбатысқа көшті Алатау,
Таң ата шығу үшін күн алдынан...





Пікір жазу