14.05.2021
197
Таңға тапсырма
Сағымды таң, самала таң, нұрлы таң,
Тыныштыққа қарауыл боп тұр бұтаң.
Боз сәулеге беті-қолым жуып ап,
Сұлулықтың мөлдірінен бір жұтам.
Жадағай таң, жалаңаш таң, жарық таң,
Жолдар салсаң – қара орманды жарып сал.
Таң жарығы... адымымен жарықтың,
Ойлар, ойлар, біраз жерге барып қал!
Таң сәулесін елден бұрын көл көрген,
Ол да маған бір құмарлық, шөл берген.
Түннен қалған ойларымның тозаңын
Таң самалы, жуып кетші кеудемнен!
Таң торғайы бұлбұл болып шырқасын,
Аскар таулар құлатпасын бір тасын.
О, нұрлы таң, сүйші, сүйші мен болып
Жер шарының әр биігін, қырқасын! –
Мен болып сен қарашы бір көкке де,
Мен болып сен гүлін иіске көктеме.
Тауларын да мен болып бір мақтан ет,
Сайларына мен болып бір өкпеле!
таң тапсырма тыныштық сәуле Жұмекен Нәжімеденов Жұмекен Нәжімеденов шығармашылығы Жұмекен Нәжімеденов өлеңдері