Москва сапары
1. Қарулар палатасында
Қ. Мұхамеджановқа
...Кіріп келдім сонау өткен күнге мен,
Ат делбесін, сабын ағаш найзаның
Ұстады екен қай данышпан, қай залым?!
Салқындықты сезініп-ақ тұр денем.
Сары алтындар – салқын рух, жылы ұшқын
Жүзінде тұр дір-дір етіп қылыштың.
Қаталдықтан патша болған баяғы,
Анау әлгі... Қаһарлы Иван таяғы.
Мынау бөрік... неткен ауыр, жасаған!
Жеңіл шығар Мономахтың басы одан.
Патша сыйлық жасаса егер патшаға
Береді екен алтын қылыш, ат-шана...
Бір бұрышта: ауыр арба, пар-пар ат
Сол заманның күнәсін тұр арқалап.
Көзі өмірде тоймаған-ау шамасы,
Мынау киім түрлеріне қарашы:
Бір шапаннан нұрлы шығыс бояуы
Маған қарап күлімсіреп қояды.
Мына аяқта Фирдоусидің көз жасы,
Төгіп алма, достым, байқап қозғашы!
Ал, мынасын түсінбедім тегі мен
Сыйлық дейді Уйтменнің елінен.
Одан-бұдан келіп кірген «олжаны»
Күзете ме Лермонтовтың қанжары? –
Бір бұрышта көрген түстей тұр алыс,
Жүзінде – кек, желкесінде – қуаныш...
О, керемет! Шымырлатты құйқаны
Қамшыларға жұғып қалған құл қаны.
Балшыққа емес, қанға шіріп тозғандай
Сол кездегі патшалардың ұлтаны.
Бірақ, бірақ... табақшаны көр мына
Гүл салыпты құдай салу орнына.
Сол бір өшіп бітер күннен – обадан,
Келешекке қол созыпты сол адам.
Көріпті ол бүгінгінің гүл-жүзін
Көріпті ол ертеңгінің жұлдызын,
Гүл салған қол қуаттырақ дер ем мен
Мың-сан мылтық жасап шыққан шеберден!
Салқын сәуле құйылады төбеден,
Қарулардың ызғары өтті денеден.
Жүр, Қалеке, шығайықшы,
Салқын бұл,
Салқын екен сәулесі де алтынның...
2. Адам – толқын
Қандай ғажап, көптігінен теңіз болып
Толқығаны адамның,
Тосын, әсем – ырғағындай жаңа әннің.
Келеді, әне, жаңа толқын, жаңа ырғақ
Әрбір қанатына дамылдап.
Секунд сайын туған ойдай санадан,
Секунд сайын көрінеді жаңа Адам.
Көз алмаймын, көз алмаймын манадан:
Көп екен-ау біздің жерде жаңа Адам!
Орыс, Негір, Қазақ, Қырғыз деп атап,
Тарих-ана атықтырып үлгерген
Адамдарды, адамыңды бір көрген
Қайта көру қиын екен бұл жерден.
Секунд сайын жуылады бұл алаң
Көлеңкемен көп аяқтан құлаған.
Ескі ұғымын, ескі шаңын сананың,
Жуып жатыр әрбір секунд – жаңа адым!
Қарт Москва лүп-лүп етіп жүрегі,
Әр сәбидің адымымен жүреді.
...Әрбір халық сөйлесе де әр тілде,
Барлық халық бір-ақ тілде күледі!
3. Қыздар моласы
Мраморлар, мраморлар!..
Жұрт көзінен аққан жасты бұршақтап,
Мраморлар қайсарлықпен тұр сақтап.
Мраморлар, мраморлар безерген –
Безергеннен сезім іздеп кезем мен.
Айнала үнсіз, үнсіз болып мен тұрмын,
Түк белгі жоқ мына біреу сорлыда.
Жота-жота топырақты көр мына:
Ұқсайды екен бір апаттың орнына...
Мраморлар, мраморлар – кіл үнсіз,
Сөйлеуге тіл, иілуге буынсыз ..
...Міне, мынау Гоголь ақын әйгілі,
Блок жатыр – баяғыша қайғылы.
Есениннің кең даласы жап-жасыл
Анау жерден көтерді бір шал басын:
«Неғыламыз тағдыр басқа салғасын
Сезем күйдің енді жерде қалмасын!» –
Затаевич отыр құрып малдасын.
Кенеттен бір жуан дауыс гүр етті,
Мрамордан жұлып алды ол жүректі –
«Владимир Маяковский» жазуы
Әр әріптің ақсияды азуы.
Мраморлар жаңғырығып жатты бір,
Естігендей бұл есімді тап бүгін,
Владимир Маяковский деді алап, –
Тастар кетті төмен қарай домалап...
Кешір, досым, болған жоқ-ты дәл олай,
Қиялыма сенемін мен баладай.
Естілсе егер Маяковский деген үн
Дәл осылай естілер деп сенемін!
Мраморлар – ескерткіштер тұр үнсіз,
Сөйлеуге тіл, иілуге буынсыз...
Қызық атау: «Қыз моласы» несі бұл,
Қайда қоймақ ақындардың есімін!
Сұмдық!
Деуге жетпей тұрды батылым,
Әлде ақынды... ескерткіштен қызғандым?!
Әлде халық барлық жақсы ақынын
Жүрегіне жерлеген бе қыздардың?! –
Тоңбасын деп бұла-жырлар...
Мраморлар, мраморлар!