14.05.2021
286
Тауға қарай келемін, тауға қарай...
Тауға қарай келемін, тауға қарай,
Желдің-дағы маңдайдан аумағаны-ай.
Күндерім де алдағы тау сияқты,
Тауға қарай беремін, тауға қарай.
Алқынады қос өкпем, ысып демім,
Ұят болды, қол-аяқ ісінгенің.
Бұл сырыңды, табиғат, түсінбедім,
Мен сенің түсінбейтін кісің бе едім!
Мен келем бе, жаным-ау, тау келе ме,
Көңілім бір сәт қобалжиды әлденеге.
Бұлт боп бұғып,
Сағым боп бұраңдайсың,
Жеткізбесең, ей шыңдар, әурелеме.
Келем, келем өзімнің ішімде мен,
Мен оттымын деп келем бұ шілдеден...
...Биікті аңсар ылғи да адам жанын,
Биіктіктер, сен қашан түсінген ең?!