14.05.2021
  212


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Партия жасасын

Думаншыл дүние дуылдап қызып дүркіреп
Жатқанда, адам шаттыққа бөгіп, жыр түлеп,
Күлкіге толы көңлінде жұрттың бір тілек,
«Бақыт пен өмір орнасын Жерге мәңгілік!»

Бұлтылдап ойнап замана күші білекте,
Маңдайдың терін сыпыруменен күн өтсе,
Тоғысар әлем жалғыз-ақ ізгі тілекке:
«Еңбек пен рахат орнасын Жерге мәңгілік!»

Соқпасын дауыл, көрмейік Жерді жұтаған,
Тұрғанда мұнда еңбекшіл ойшыл құт-адам.
Бір торғай үркіп ұшпауы үшін бұтадан,
«Орнасын – дейді, - бейбіт күн Жерге мәңгілік».

Еңкейтпеу үшін Алатау, Кавказ өр басын,
Балқысын ойға адамның миы-қорғасын.
Өлкенің ерке жалғыз қыз-гүлі солмасын,
«Сұлулық Жерге бояуын төксін мәңгілік!»

Ақ бұлақ ақса тарқатып күміс бұрымын,
Аңдиды көңіл асып бір тасқан жыр үнін.
Ай туса жаңа жасайды шалдар ырымын:
«Ауылға біздің Жақсылық болғай мәңгілік!»

Дөңгелей берсін,өрмелей берсін жанып күн,
Тілегі үлкен кішкене ғана халықпын.
Тірегі болған қазығы берік даңқтың
«Жасасын, - дейміз, - партия біздің мәңгілік!»





Пікір жазу