Түн. Тымырсық, тымық түн...
Түн. Тымырсық, тымық түн,
Сыбдырға – сырына құнықтым.
Шайқаған талдың жас бұтағын,
Самалын, самалын жұтамын.
О, менің көкірек-көздерім,
Қанша ауа жұттым мен – сезбедім.
Дірілдеп алады түн демін,
Түн демі – өз демім.
Тымық түн, қалқыса ай көктен,
Қарауды ұнатам әйнектен.
Түн. Айлы түн, тымық түн,
Өзіңе аз ұқсап туыппын!
Ұнайды-ау, ұнайды түнгі ызғар,
Түнгі ызғар туады жұлдыздар.
Жұлдыздар аспанда жайылар,
Ортада ақ марал айы бар.
Түнгі аспан түр берер өлеңге,
Тұр, солай тамылжып төбемде.
Аспанға қызыққыш көңілдер
Түспесін төменге.
Түн! Менде де жұлдыз бар, ол – үміт,
Сәулелер қалады жолығып.
Менде де арман бар, айым бар –
Қараңғы атаулы, тайыңдар!
Тайыңдар, тайыңдар, тайыңдар,–
Менің де жұлдызым, айым бар!
Ал, бірақ шынына келгенде,
Жұлдызым көкте емес, кеудемде –
(Ой-толқын, малтиды айым да),
Міне, осы біздегі айырма.
Түн. Ашық түн, тымық түн,
Өзіңе көп ұқсап туыппын.
Туыппын сол түнде, ұқсаң, ал
Мен саған бүтіндей ұқсағам.
Түн! Сен менің тынысым –
Туған жер түнісің!