Тоя ма екен бұл дүниеде сырға адам...
Тоя ма екен бұл дүниеде сырға адам,
Адам сырды адамдардан ұрлаған.
Шіркін тұрмыс үйретпекші барлығын,
Үйретпекші баяғы сол бір надан.
Тағдыр – қыңыр, арты өкініш, алды үміт,
Кетер ақыр баланы үміт шал қылып.
Тірлік өзі заңын жасар, сол үшін
Үйрету де, үйрену де – мәңгілік!
Адам, адам, неткен ұлы жүрегің! –
Осы ғана бұл өмірде білерім.
Жаным менің жамап алды жүз «ауру»,
Табамын деп білместіктің бір емін –
Міне, барым. Өз қырсығым, өз бағым:
Өмір болып, өлең болып қоздадым.
Жалғыз-ақ тек осын-ау бір «білемге»
«Мен де»... деген қоса алмадым сөзді әзір.
Білем, білем, білем деген маған жат,
Барлық «білем» «білмеймінге» қамалмақ.
Жұмыр жерді шырқ үйірер бәрі бір
Жұдырықтай басымен-ақ адамзат.
Жаратты ғой бұл табиғат жан қылып,
Өткеніме өкінбеймін санды ұрып.
Күннен күнге жаңарды өмір, сол үшін
Үйрету де, үйрену де – мәңгілік!