Қызығам:...
Қызығам: тау үстінен алтын арай
Түскенде көлге сырғып қалтырады-ай.
Көтеріп көк етегін күн келеді,
Тау қары қалай жатсың жалтырамай!
Қызығам: төзбесе тас балқымасқа,
Менімен жұрты бірге, салты басқа.
Алдынан ақыл-ойдың шыға келді.
Алатау ақ қасқа емес, алтын қасқа.
Не шара сұлулыққа талпынбасқа,
Кеудеде сұлулықсыз жан тұрмас та.
Қара көз дөңбекшиді малтып жасқа,
Көңілде – ой, алда – сурет, ән тұр баста.
Қиялды қызықтырып құлақтағы үн,
Өргіздім Алатаудың бұлақтарын.
Дүниеде қанша сурет болса дағы
Келеді дәл осыған тұрақтағым.
Қызығам: табиғаттың көркеміне,
Осын-ау тірі тұрған ертегіге.
Төсіне бала таудың бұлттан сырып,
Өз қолым жапқандайын көрпені де.
Қызығам: тұнық сурет бұзылар ма,
Әлемде суретшінің ізі барда.
...Әр затқа көңіл шіркін қызығарда
Көк бүршік – боп көрінер қызыл алма.